Ағамды құмар ойыннан зорға арашалап алдық…

Отбасымызда екі ағайындымыз. Ата-анам зиялы адамдар. Әкем ұзақ жылдар бойы Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде сабақ берді. Анам ғылыми зерттеу орталығында жетекші қызметтер атқарды. Екі ұл ғана болған соң біздің тәрбиеміз әке-шешемді қатты қинаған жоқ. Ағам Дәуіт екеуміз кішкентайымыздан кітап оқуға құмар болдық. Алматыдағы кітапханаларда үзбей кітап жаздырып алып оқу, оны әкеммен талқылау қалыптасқан үрдіске айналды. Жаз бойы Сыр бойындағы әкемнің ауылына барып құмда асыр салып ойнап өстік. Ағамның сыртқы бітімі қалалық, менің түрім ауыл баласынан айнымайтын. 

Әуелі тете ағам оқу мектеп бітірді. Араға жыл салып мен де оқуды тәмамдадым. Ағам үздік бітіргеніне қарамастан политехникалық университетке оқуға түсе алмай қалды. Әкемнің ықпалымен жеңіл-желпі жұмыстар істеген болды. Келер жылы менімен бірге оқуға қайта тапсырам деп дайындалып жүргенде ол он сегізге толып, әскерге алып кетті. Әкемнің жібергісі келмеген. Алайда анам адам салып, алып қалудың керегі жоғын айтты. Әскери флотта екі жарым жыл әскерде болған Дәуіт бір жылға дейін үзбей хат жазып жүрді. Соңынан онысын да қойды. Ол кезде мен қаладағы ұлттық университеттің шығыстану факультетіне оқуға қабылданғантынмын. 

Уақыт деген бір орында тұра ма, көзді ашып жұмғанша Дәуіт те әскерден оларды. Екі жарым жыл бойы жырақта болған ол мүлдем басқа Дәуіт болып оралды. Денесі толып, еңгезердей жігітке айналыпты. Бұрынғы ерке мінез жоқ. Өте салмақты. Темекі тартатын әдет тауыпты. Ішімдік атаулыны татып алмайтын ол аздап сыралататын, реті келсе ақаңнан да бас тартпайтын азаматқа айналыпты. Бастапқыда біз онысын білмедік. Бала күнгі достарымен қауышып, түн бойына көше кезіп, таң ата үйге келгенде арақтың иісі мүңкіп тұратынын байқадым. Әке-шешем білмейтін болар деп ойлап жүретінміз. Бірде таңертеңгілік шай ішіп отырған ата-анамның Дәуіт туралы әңгімесін құлағым шалып қалды. Әңгімелеріне қарағанда Дәуіт оқуға түсуге құлықсыз. Сондықтан оны жұмысқа тұрғызу керек деп шешті. Жұмыс іздеу науқаны көп жүрген жоқ. Әскерден келген оны политехникалық университетке сырттай бөлімге оқуға түсіріп, қаладағы казинолардың біріне карауыл болып жұмысқа орналастырды. Бір күн істеп, бір күн демалатын айлығы тәуір жаңа жұмыс біздің үйге үлкен проблемасын алып келерін сол сәтте білгеніміз жоқ.

Сол жұмыс Дәуітті құмар ойынға байлап тастады. Айлығынан аз-маз ақша беріп тұратын әдетін ол кейін келе мүлдем ұмытты. Казинодан қосымша қаржы табам деп жүріп ол сол жерге түбегейлі байланып алғанын өзі де білмей қалды. Дәуіттің онысын кейін білдік. Жұмыстан бос күндері ол үйден гөрі казиноға болғанды жөн көретін. Достарыма кеттім деп қара батыратын ол құмар ойынның түбегейлі құрбаны болды. Бастапқы кездері тәуір ұтып жүрген болуы керек. Ол сатып алған заттарды біз жалақысына алған болар деп топшылайтынбыз. Бірақ мұнымыз бекер болып шықты. Айлық жалақысын тұтас ұттырып жіберетін болды. Содан соң елден қарызға ақша сұрап жүргені. Ақша бергендер қашанғы күтеді, кейін онысы Дәуіт қайтаруға асықпаған соң әкемнен сұрайтынды шығарды. Біз түсінбей далмыз. Сонда ғана оның құмар ойынның шырмауына түскенін білдік. Әкем тыйып айтты. Шешем жылап тұрып өтінді. Мен ағаммен сөйлескен болдым. Алайда бала күнінде озат, үлгілі оқушы болған оның бері бұрылар түрі болмады. Жұмысын тастаған жоқ. Бірақ ойын ойнау оның әдетіне айналды. 

Анам үшін уайым табылды. Кей кездері түнімен көз ілмей Дәуітті ойлайтын. Апталап көрмейтін кездеріміз болғанын жасырмаймын. 

Мына қызықты қараңыз, бірде ағам сүліктей қара мерседес мініп келді. Достарының көлігін тақымдап жүрген болар деп мән бермегем. Оның үстіне отбасымызда көлікке әуес ешкім жоқ еді. Бір жағынан Дәуіттің көлік алғанына қатты қуандым. Ал оны қандай ақшаға алғанын сұрасам, казинодан қомақты ақша ұтыпты. Әкем көлігін көргенімен жақ ашпады. Тек шешем ғана біреуден тартып әкелген дүниедей қабылдады. Тағы бірде ол көліксіз қалды. Ұттырып жібергенін білдік. Ренжігеніміз жоқ. Әкем «сол керек» дегендей тағы да жақ ашпады. Абырой болғаны, ел-жұрттан қарыз алуы қойды. Оның басы салбырап, жүнжіп келгенінен-ақ, құмар ойында сәтсіздікке ұшырағанын біле қоямыз. Ал ұтыс болған кездері езуіне күлкі үйіріліп, әңгіме айтып, әркімге сыйлық әкелген болады. Көңіл-күйі жақсы кездері маған киім алып беретін сирек әдеті бар. Анама алтын алқа мен сақина алып берген. Бірақ, анамның оны таққанын көзім шалмады. 

Соңғы рет Дәуіт казинодан үйге түн ортасында ән салып оралды. Ішіп алған ба дейін десек, сап-сау. Кірді де ас үйден су ішіп алып, шешінбестен төсегіне құлай кетті. Ертеңінде әңгімесін тыңдасам түнде ұтысты болыпты. Бірақ онысын ел-жұртқа қарызы ретінде жеткенінше таратып берді.

Біз сол кездерден бастап оны басқа жұмыстарға ауыстыру амалын іздестіре бастағанбыз. Бірақ онымыздан түк шықпады. Жұмыс табылды, тек ағам келісім бермеді. Соқталдай жігітті күштеу қисынға келмейтін болған соң әкем оның өзінің еркіне салды. Әңгіменің ашығын айтқанда, оның құмарханаға бейім болуына біз екі-үш жылда үйреніп кеттік. Казинодан ұтып көлік алып мінді, онысын қайта берді. Ұтты, ұтылды. Оның өмірі осындай сәттерде тұратын. Бірақ жүзінен әбіржу аса байқала бермейді. Бірде аяқ астынан жоқ болып кетіп, үйге сұр түсті тайотаны тақымдап оралды. Шешем оның жоғалып кеткенін қатты уайымдайтын. Әйтеуір аман-сау оралғанына шүкір дестік. Іштей оның көлік алғанына қуандым. 

2007 жылы біздің әулет үшін қуанышты жыл болды. Мемлекет бойынша казинолар жаппай жабылғанда әкем мен шешемнің қуанышын көрсеңіздер. Тек Дәуіт қана мұны жаратпады. Казинолар жабылып, мейрамханаларға айналды. Қапшағай мен Бурабайға көшірілген құмарханалар бірден жұмыс бастаған жоқ. Дәуіттің жұмысын сол кезде әкем тамыр-таныс тауып, әуежайға техникалық қызметкер етіп орналастырды. Ол кезде қарсы полицейлері жасырын құмарханаларды ұстап, оған барғандарды да аяусыз жазалап жүрген кез-тұғын.

Қапшағайдағы құмар ойындардың ордасына Дәукең арасында барып жүрді. Ұтқан, ұтпағанын білмеймін, бірақ араға ұзақ уақыт үзіліс салып барған соң оның да желігі аздап басылып қалғандай көрінді.

Қазір ағам әуежайда техникалық қызметкер болып бұрынғыдай жұмысын істеп жүр. Казинодан ұтқан ақшасына естелік болып анама алып берген алқасы мен сырғасы ғана қалыпты. Соңғы рет алған тайотасын үйленетін болған соң сатып жіберді. Балалы болғаннан кейін отбасылық күйбең тірліктен сыртқа шығудан да қалды. Бұл әкем мен анам күткен қуаныш еді. Мен болсам оның казинодағы ырды-дырдудан алыстағанына шүкір дедім. 

Қарап отырсам, ол казино ауруымен тура 5 жыл «ауырыпты». Мүмкін ол казинолар жабылмағанда әлі де шырмауынан шыға алмай жүрер ме еді?! Қалай болғанда да жаппай Қапшағай мен Бурабайға казиноларды көшіру ағамның «айықпас дерттен» жазылуына септігін тигізді.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *