АРМАН МЕН ӨКІНІШ

Самайы әппақ, жүзін әжім торлаған атай қолындағы таяғы дір дір етіп, мені күтіп отыр. 

— Тілшісің бе, қызым?

— Иә, ата.

— 80 деген осы! Күш қуат кетті бізден. Саған бір арманымды, өкінішімді айтсам деп едім.

— Айтыңыз.

— Луговой станциясынан тауып алған екен мені. Көкірегіме парақша жапсырып, аты жөнімді жазып қалдырып кетіпті анам .Содан ауыл адамдары ас беріп, киім беріп, итпен бірге жуынды ішіп, күнелттім. Ешқашан оқымадым. Әріп танымаймын. Сәл өскен соң тауға кеттім. 13 жасымда сотталдым. Содан түрмеден көз ашпадым. Адам тонадым, аяусыз өлтірдім. Жауызбын былайша айтқанда.

— Алла кешірсін сізді,-дедім қалт-құлт қарияның жазу-сызудан тамтығы жоқ қолы басына қарап.

— Әй, қыз! Мені туған қатынның кесірінен әйел атаулыны жеккөрдім. Ешқашан үйленбедім, перзент сүймедім,-деп үнсіз қалды.

— Иә. Адамның қаны жібермеген шығар бәлкім… Адам өлтіргеніңізге өкінесіз ғой? Алладан кешірім тілеймін. Әр пенденің арманы нәресте сүю. Сіздің арманыңыз да перзент сүймегеніңіз екенін түсінемін,-дедім.

— Жоқ, олай емес. Анамды өлтірмегеніме өкінем. Орындалмаған арманым да сол. Соны айтқым келген, -деді де, маңдайында «белгілі тұрағы жоқтарды бейімдеу орталығы» деген жазбасы бар ғимаратқа сіңіп, жоқ болды…

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *