Асылып өлген ревизордың әйелі күйеуінің соңғы хатын оқып берді

Жамбыл облысында Шу-Отар тасымалдау бөлімінің қауіпсіздік жөніндегі ревизоры өз үйінде асылып өлді. Марқұмның жақындары оның мұндай қадамға баруына полиция қызметкерлері кінәлі дейді. Сондай-ақ, 34 жастағы азамат өлерінің алдында хат жазып қалдырыпты деп хабарлады КТК телеарнасы.

Шу ауданындағы Шоқпар ауылында бүтін бір әулет қара жамылды. Шу-Отар стансасының қауіпсіздік жөніндегі ревизоры Жайдар Дайрабаевтың қорада жіпке асылған өлі денесін туған бауыры алып шыққан.

«Сөйтіп есікті ашсам, алдымда тұр ғой ілініп. Қасымда келін тұрған. Содан пышақ әкел» дедім. Бауырым асылып қалған жіпті кестік, жүріп кеткен екен»,-дейді марқұмның туған бауыры.

Марқұмның жақындарын қимағаны жазбадан анық байқалады. Ол әйелі, балалары және туған-туыстарынан кешірім сұраған.

«Бану, кешір мені. Бұл өтірік өмірден шаршадым. Мен кеткен соң қыз бен баланы өсіріп, жоқтатпашы мені. Бауырларымнан айырмашы оларды, мен сені сүйемін өмірбақи. Ал, қош бол, жаным, Бану»,- деп оқыды Ж.Дайрабаевтың әйелі Гүлбану Арпабекова күйеуінің хатын.

Және осы қызыл сиямен жазылған хатта құзырлы орын айыптаған қылмысқа өзінің еш қатысы жоғын айтқан. Ал ұрлықты бір жедел уәкілдің жасағанын жеткізіпті.

Гүлбану Арпабекованың айтуынша, бұл қайғылы жағдайға ақпан айында теміржолда болған апаттың тікелей қатысы бар. Сол сәтте аударылған жүк пойызының 10-ға жуық вагонның доңғалақтары жоғалған екен. Қыруар қаржы тұратын темір- терсектің ұрлануына қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілген. Бірақ оның нәтижесі белгісіз.

Арада екі ай өткенде Астанадан жедел уәкілдер келіп, Жайдарды 4 сағат бойы ауыл шетіне шығарып, қыспаққа алған. Гүлбанудың сөзінше, олар күйеуіне қылмысты мойныңа ал немесе 4 млн теңге тауып бер деген. Ал 34 жастағы азамат полицейлерден құтылудың басқа жолын таңдапты. Бірақ ол өзіне қол салмас бұрын әйеліне басынан өткен жайтты айтып берген.

«Полицейлердің өздері құртып, енді кінәлі адам таппай маған жала жауып жатыр. Қорқытып, ақшасын айтқан. Прокуратура бізге рұқсат берсе, бір-екі күнде шақырып аламыз, қаматамыз деген»,-деді Ж.Дайрабаевтың әйелі Гүлбану Арпабекова.

Өзіне қол жұмсаған жасаған азамат, жер қойнына тапсырылды. Оның артында екі баласы мен жары қалды. Қара жамылған отбасы бұл істі жай қалдырмақ емес. Олар прокуратураға арыз түсіріп, кінәлілерді ең ауыр жазаға тартқызбақ.

Ал Астанадан арнайы келген жедел уәкілдердің толық аты-жөндері мен нақты қай жерде қызмет ететіні де белгісіз. Шу аудандық желілік полиция бөліміндегілердің қайғылы оқиғадан хабары болғанымен, бас қаладан келген полицейлерді танымаймыз дейді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *