Бәйібшенің ұсынысымен тоқал атандым

Өзім көп балалы отбасынанмын, әкемнің бәрімізді оқытуға жағдайы жоқ-тын. Ағаларым ауылда трактор айдап, бірі мал бағып жан бағыстың жарапазанымен кетті. Қыздар өз кезегімен тұрмысқа шығып жатты. Менің бар арманым жоғарғы оқу орнына түсу еді. Қол қысқалығынан ол арманым орындалмасына көзім жетіп тұр. Солтүстік облыстардың біріне тұрмысқа шыққан апатайымның үйіне қыдырып кеттім де, сол жақта ол кезде училище деп аталатын, медициналық училищеге оқуға түстім. Ата-анам бұрқылдап барып басылды. Мектеп бітіре салысымен мені де құдандаласып біреуге ұзатып жіберер еді әпкемдер құсатып. Ал мен ауылға тұрмысқа шығып, сиырдың сауырына жабысып өмірім өткенін қаламадым. Арманыма қолым жеткен соң жатпай-тұрмай оқыдым. Студенттік шақтың қызығын айтып тауыса аласың ба, жігітермен де жүрдім, бірақ жүрегіме шоқ салған бірі жоқ, мақсатым оқу болғандықтан оларға көңіл бөлмедім. 

Оқуымды бітірген соң жоғарғы оқу орнына құжаттарымды тапсырып едім түсе алмадым. Содан емханалардың біріне медбике болып орналастым. Біраз тәжірибе жинақтаған соң ауруханаға ауыстым. Өмірімді 180 градусқа өзгерткен оқиға осы жерден бастау алды. Аға медбикеміз әпкемнің танысы еді тыныштау деп ақылы бөлімге орналастырды. Ақылы дегені тек ақшасы бар қалталылар ақша төлеп жататын вип-палаталар екен ғой. Расында жұмыс аса ауыр емес. Оқыған, зиялы қауым жататын бөлім расында тым жайлы болып шықты. Емделіп шығып жатқандар кейде айлықтарың аз ғой деп артық ақша қыстырып кетеді. Бір күні бөлімге өте бір сұлу әйел түсті. Айтатынымыз тек сол жайлы, күйеуі дөкей көрінеді, артынан келетіндер де ылғи сықиып киінген, азық-түліктерін көрсең көзің шығады, атын естімеген ыңғай жылтыр пакетке оралған дүниелер. Әлгі апайымыз бәрін тауысып жей алмаймын ғой деп кейде бізге бере салады. Түскі тамақты сатып жейтін біз қарық болып қаламыз. Неге екенін ол кісі мені бірден өзіне жақын тартты. Жылы сөйлесіп, ылғи да арғы-бергімді тергеп көп сұрақтың астына алатын. 

Сауыққан соң, шығып бара жатқанында адресімді, телефонымды жазып алып кетті. Бір күні түнде хабарласып «ертең үйіме қонаққа кел» деп үйіне шақырды. Бай болғанымен өте қарапайым, сыпайы апайым маған да ұнап қалған еді. Қаланың шеткі элиталық аудандарының бірінде тұрады екен. Есігінің алдында күзетші қарсы алды. Кинодағыдай үсті-басымның бәрін тінтетін шығар деп ем жоқ олай етпеді. Есігінен кіргеннен барлыққа, молшылыққа малынған үйді көріп аузым ашылды. Бұрын мұндай үйді көрмеген қайран басым расында құлап қалар ма екенмін деп қоямын. Шәй үстінде апайым өзінің өмірбаянын бастын-аяқ айтып берді. Оған мән бермедім. Әйтеуір шәй үстінде әңгіме болсын деп айтып отырған шығар дедім де қойдым. Кетерімде апайым әдемі көйлек тарту етті. Қуанып үйге келген соң киіп көрсем шап-шақ тап бір маған арнап алғандай екен. Жұмыстағы қыздар қауқылдасып көйлегімді аударып-төңкеріп мәз болысты. Шетелски көйлегім расында тым қымбат екен. Бір құрбым элиталы бутикте көргенін айтты. Бағасын айтқанда басым айналды. Менің екі айлығыммен пара-пар екен. Апайым он бес жыл отасса да бала көтермеген екен. Бір күні мені тағы да шақырып алып өзінің шынын жеткізді. Мені осы уақытқа дейін сынап жүргенін, ойынан шыққанымды, мені күйеуіне жар етуге қалап жүргенін айтқанда шалқамнан құлай жаздадым. Мен үшін бұл күтпеген ұсыныс еді. Жан құрбыма сырымды аштым. «Жас жігіттерден қайран жоқ, желкілдеп қашанғы пәтерден пәтерге көшіп қонып жүресің, тым кәрі де емес, байлыққа малшынып өмірің өтсе өкінбейсің, ақымақ болма» деді ол. Құрбыммен кеңесіп ақыры бір шешімге келдім… 

Күйеуім аса бір көркем болмаса да тартымдылығы бар, мінезі де жайдары шықты. Келісім бойынша бірінші баланы бәйбішенің етегіне салдық. Ол бөлек тұрады. Біз үлкен үйдеміз. Апта сайын ол бізге, біз оған барып араласып тұрамыз. Шәй дескен кезіміз жоқ. Бар проблемам шешілген. Төркінімді де қарық қылып отырмын десем болады. Бауырларымды жұмысқа тұрғызып, үйі жоғына үй әперіп, көлігі жоғына көлік әперіп бар жағдайларын жасап қойғанмын. Басқа не керек, әңгіменің бәрі түсінісуде ғой, өміріме өкпем жоқ. Біреудің екіншісі екенмін, тоқал екенмін деп те өзімді қор санамаймын….

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *