Байлық бақыт әкеле ме?

Бәрі де ақшаға сатылатын қазіргі нарық заманында бай болсам деп армандамайтын пенде жоқ шығар. Адамдардың көбі байлық үшін ар-намысын, тіпті жанын да сатуға әзір тұратын болды.  Жезөкше деп аталатын ақшаға тәнін сататын қыз-келіншектер, ар-ұяттан айрылып ақша үшін ұрлық істеп, кісі тонайтындар, пара алатындар – қай жерде де жетерлік. Ал сол адамдардың бәрі ақша, яғни байлық адамға бақыт әкеледі деген сеніммен осындай әрекеттер жасайды.

Ақша адамды ақымаққа айналдырады

Пышақ өз бетінше тұрғанда ешкімге ешқандай қатер төндірмейтін немесе игілік әкелмейтін – зат. Ал сол пышақ қылмыскердің қолына түссе ол айналасындағыларға қатер төндіретін суық қаруға, адам ағзасына операция жасайтын дәрігердің қолына түссе адамды ажалдан құтқарушы құралға айналады. Бұл екі жағдайда да пышақтың табиғаты өзгерген жоқ, бірақ кімнің қолына түсуіне байланысты пайдалы немесе залалды  нәрсеге айналды.

Байлық та сол сияқты ақылды адамға бітсе, ол иесіне де, айналасындағыларға да игілік, жақсылық әкеледі. Керісінше ақымақ жанға байлық келсе, иесіне де, айналасындағыларға да залалын тиігзбек. Байлық, яғни ақша екі жағдайда да өз табиғатын өзгерткен жоқ, тек иесінің мізен-құлқына, ақыл-ой деңгейіне байланысты  пайдалы, не залалды затқа айналды.

Ақша – бұл Алланың қуаты. Қуат болғандықтан, ол адамдарға ақыл-ой деңгейіне байланысты түрлі жағдайда әсерін тигізбек. Жәй уақытта адамның ақылды, не ақылсыз екенін білу қиын. Күнделікті жұмысын істеп, ел қатарлы тірлік кешкен қарапайым пенденің бойында жалпы көпшілікке тән қасиеттер бар және ол оны өзгелерден ерекшелемейді.

Ал енді сол пендеге мол байлық келді делік. Әлгі жұрт қатарлы тірлік кешіп, жұрттан бөлектенбей өмір сүрген пенде күрт өзгереді. Оның бойында бұрын көрінбей бұғып жатқан түрлі жаман қасиеттер байқалып, өзіне де, өзгелерге де залалын тигізе бастайды.

Ақылын ақша ұрлаған

Кеңес заманында жанар май таситын «бензовоз» деп аталатын машинаның жүргізушісі болған бір кісі кейін нарық келгенде бензин сатып, ақырсында жанар-жағар май стансасын ашып, мыңғырып байып кетті. Оның жоғары білімі жоқ еді. Қарапайым шопырдан миллионер бизнесменге айналған әлгі адамның киімі мен тұрмысы да, соған орай ақыл-ойы мен мінез-құлқы да күрт өзгерді.

Бұрын шопыр күнінде байқалмайтын өркөкіректік, мақтаншақтық, ызақорлық, нәпсіқұмарлық, кекшілдік сияқты жаман қасиеттер атойлап бой көрсетті.  Шопыр миллионер ақылдан айрылып, өзін құдай да, құдайдан былай да емес тұлға сезінетін болды.

Бірде ол шетелдік қымбат автокөлігімен көшеде жүйткітіп келе жатып (аздап арақ ішіп алған)  жолмен өтіп бара жатқан жас баланы таптап өлтіріп кетті. Бірақ, сотталған жоқ, ақшамен құтылды. Содан кейін сөзі немесе көзі ұнамады ма бір адамға мылтық ала ұмтылып, қасындағылар ұстап қалмағанда атып тастай жаздады. Абырой болғанда оның мылтығы далаға атылып, оқ адамға тимейді. Бірақ мылтық даусынан шошынған әлгінің жүкті әйелі бала тастайды. Бірақ бұл жолы да ол ақшамен құтылып кетті.

Жағажайда арақ ішіп, ашынасымен серундеген әлгі шопыр миллионер арақтың қызуымен бір келіншекті ұрып жығады. Еңгезердей еркектің жұдырығы тиген соң оңсын ба, әлгі келіншектің миы шайқалып, ауруханаға түседі. Бірақ бұл жолы да ол ақшаның күшімен түрмеге түспей сытылып кетті.

Әлгі байшыгештің еркетотай жалғыз ұлы мейрамханада арақ ішіп отырып, көрші столда отырған екі-үш жігітпен сөзге келіп қалады. Содан қасындағы еңгезердей оққағарларына әлгілерді дырдай қылып сабатады. Бас жарылып, қол сынып дегендей әлгі жігіттер орта дәрежелі жарақат алады. Дегенмен, бұл жолы да ақшаның құдыретімен шопыр миллионердің баласы судан таза, сүттен ақ болып құтылып  шықты.

Әлгі шопыр миллионердің үш қабатты сәулетті сарайының сырты қызыл кірпіш қоршаумен қоршалған. Ал кірпіш қоршаудың бағандарының басына дөңгелек шамдар орнатылған. Түн болса сәулетті сарайдың қоршауынан мың сан әппақ шамдар самаладай жарқырап айналаға сәуле төгеді. Оның үйі нағыз хан сарайы ма дерсің.

Осылай асып-тасқан шопыр миллинер бар байлығын қарақан басы үшін жұмсауда. Ішеді-жейді, малынып киініп, шет елдік қымбат көліктерге мінеді, өзі де баласы да қыз-келіншектермен емін-еркін қыдырады. Осылайша, өздерін осы дүниенің қожасындай сезініп, ойларына келгенді жасап жатыр. Үйсіз-күйсіз, тапқандары тамақтарынан артылмай жүрген қарапайым пенделерге, азын-аулақ зейнетақыларымен ашқұрсақ тірлік кешкен жалғызбасты қарттарға көмектесейін, қайрымдылық жасайын деген ой әлгінің басына ешқашан келмеген болар. Тіпті, ол сондай қайрымдылық жасау қажет дегенді ешқашан ойламайтын да шығар.

Ал енді жан-жағыңызға абайлап қарап көріңізші, осындай ақылдан ада, қайрымдылықтан жұрдай, қарақан басының қамымен, нәпсінің құлақ кесті құлына айналған БАЙЛАРДЫ көресіз. Алар АҚШАЛАРЫН өздеріне де, өзгелерге де залал әкелетін жаман нәрселерге жұмсайды. Яғни, арақ ішіп, зина жасайды, мақтаншылық үшін ақшасын орынсыз ысырап етеді…

Ақылды адам ақшасын орнымен жұмсайды

Бай адамдардың ішінде ілуде біреуі болдса да ақыл-естен айрылмай, керісінше ақылына ақыл қосып, ақшасын орнымен, жақсы істерге жұмсайтындар да кездеседі.  Ондайлар асып-таспайды, нәпсіге салынбайды, арақ-шараптан, мақтаншылықтан аулақ болады.

90-шы жылдарда шаруашылық басқарып, содан кейін сол шаруашылығын жекешелендіріп алып, бай кәсіпкерге айналған бір кісіні білемін. Әлгі өз ақшасына сол өзі тұратын ауылдан мектеп, мешіт салды. Ауылдағы клуб, кітапхана, дәрігерлік амбулатория сияқты әлеуметтік мекемелерге үнемі қарайласып, ақша беріп тұрады. Мектеп оқушылары үшін тегін тамақ бергізеді. Ауылдың жолдарын тазартып, ұстайды. Сол ауылдан оқуға түскен жастардың бәріне ай сайын стипендия түрінде ақша беріп тұрады. Зейнетақысы аз жалғызбасты қарттарға да зейнетақысына қосымша жәрдемақы береді.

Ол қажыға барамын деген ауылдастарын қаржысымен үнемі қасиетті жерге жіберіп отырады. Зина жасамайтын, арақ ішпейтін әлгі кәсіпкер бес уақыт намазын қаза жібермейді. Имандылықты жүрегіне берік ұялатқан ол  ауылындағы ғана емес, аудандағы түрлі қайрымдылық шараларына үнемі қатысып отырады және солай болды деп жарияға жар салып, өзін жарнамаламайды.

Ел-жұрттың алғысын арқалаған мұндай жандар бұл дүниеде игілікке кенелсе, о дүниеде Алланың шапағатына бөленетіні анық. Ал керісінше, ақшаны қарақан басы үшін пайдаланып, нәпсінің құлына айналғандар, бұл дүниеде ел-жұрттың қарғысын арқалап, о дүниеде Алланың қаһарына ұшырамақ. Бұл – АҚИҚАТ.

Дереккөз:  akikat01.com

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *