Босағаны пәк болып аттағанға не жетсін

Осында көп хаттарды оқып отырып, өз өткеніммен бөліскім келді. Өсіп келе жатқан қыздарға ой салар. Хаттарды оқып отырып, қыздар қыз емеспін, не істеймін деп жазатындар өте көп. Мен де солай, қыз болмай тұрмысқа шықтым, күйеуім оған қарамады. Шынымды айттым.

Маған дейін өткен өмірің қызықтырмайды, менен кейін болмаса болды деді. Құдайға шүкір, үйленгенімізге 7 жылға жақындады, 1 ұл, 1 қызымыз бар. Осы жыл арасында бірде — бір рет бетіме басқан емес. Бірақ ол кешіргенімен, мен өзімді кешіре алмай келемін. Өткен өміріме көз жүгіртіп, өз- өзімнен жиіркенем, неге сондай ақымақ болғанмын деп. Қызыма қалай тәрбие беремін деген ой маза бермейді. Ұмытқым келеді, ұмыта алмаймын. Жақсы Келін болып, жақсы қыз болып айналамдағылардың бәрін алдап жүргендеймін. Бірде күйеуім бір досымен таныстырды, өзі де жақында танысқан ол жігітпен, жақсы араласып кетті. Ал ол жігіт менің сол алданған «жігітімнің» інісі болып шықты, өзімді жаман сезіндім, бізге бір күлетін сияқты. Танымағансып жүре бердім, бірақ ішім алай-дүлей. Сондықтан, қыздар, алданбаңдаршы, мұндай қателіктерді жібермеңдерші дегім келеді. Босағаны жүзің жарқын, пәк болып аттағанға не жетсін!

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *