Досымның қарындасына ғашықпын…

Бала жасымнан бірге өскен досым Серғалидың қарындасы Рауланға ғашықпын. Ішіме сыймаған сырымды жан дегендегі жалғыз досыма да айта алмаймын. Айтпайын десем… Онда тұрған не бар дерсіз? Мәселе сонда болып тұр ғой. Менің де, оның да отбасы бар. Мәселе осында ғой. Түнде түсімнен, күндіз ойымнан кетпейтін Рауланды ұмытайын деп қанша мәрте ұмтылсам да болар емес. Кешігіп жүрген қандай махаббат дерсіз? 

Басынан бастайыншы… Рауланды туыла салысымен баласы жоқ нағашыларының қолына берген екен. Содан бері туған жеріне бірде бір рет келмеген. Кейін тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болған соң ғана табан тірепті. Оның келуі тура мамыр мерекесімен тұспа тұс келген болатын. Досым қарындасын отбасымен бірге тауға шығармақ ойы барын айтты. Бәріміз кәуап пісіретін бар затты алып тау етегіне келіп жайғастық. Күйеубала бір қарағанда опақтау көрінді. Ішімдікке де әуес көрінген. Ал Раулан… Атына заты сай керіліп тұрған бір керім екен. Отыздың бел ортасынан асса да әлі өңін бермеген, жап-жас қыздай. Көзінде терең мұң бар екенін байқадым. Бәріміз түтінін бұрқыратып кәуап пісірдік. Бала-шаға көгалда ойнап мәре-сәре. Ал менің екі көзім Рауланда. Аса көп күле де бермейді екен. Бір уақытта жақын жердегі қырат басына қарай аяңдады. Сәл биіктеу дөңге шығып алысқа көз тоқтатып тұрды. Осы кезде таудың салқын самалы соға жөнелді. Көйлегінің етегі желмен желбіреп тап бір ертегідегі хор қыздарынындай кейіпте тұрған оған сүйсінбеу мүмкін емес-ті. Ішім алай-дүлей. Апыр-ай жасым қырықтан асса да көңіл шіркін жас деген рас білем. Бозбала шақтағы жүрек лүпілі қайта оралғандай. Жылдар жылғасында ұмытылып қалып кеткен сезім пернесіне жан біткендей. Өзімді-өзім түсінбес бір күйге түстім. Әйелім жаққа ұрланып қарап қоямын. Басқалар байқап қалмасын деп те қыпылдап барамын. 

Сол күннен бастап ұйқымды ұрлаған түндер басталды. Алып бара жатқан не желік бұл деп өзімді өзім басуға тырысамын. Бірақ қолымнан келер емес. Рауланның күлімсіреген жүзі көз алдымда көлбеңдейді де тұрады. Бәлкім кеш кезіккен махаббат деп осыны айтар? Серғали екеуміз жұбымыз жазылмайды десе де болады. Анда да бірге, мұнда да бірге. Кейде қалада тұратын Рауланның үйіне барып тұрамыз. Тұрмыстары тәп-тәуір көрінген. Бір жолы досым Рауланның күйеуі араққа тым салынып кеткенін, одан қалса бір әйелмен әуейі болып жүргенін айтып жылағанын айтты. Жаным ашыды. Мен мына жақта Раулан деп үздігіп жүрсем, күйеуі қолында бар алтынның қадірін білмей, істеп жүрген тірлігі анау… Бұрын Раулан нағашысының қолында болғанда туған әке-шешесін білмесін деп бұл жаққа онша жолатпайды екен. Кейіннен нағашылары қайтыс болғаннан кейін ғана туған жеріне қарай жылжып, араласа бастағаны да бертінде екен. Бәсе Серғали бұл туралы ешуақытта да айтқан емес. Жақын жерге келген соң Раулан төркінін қара тұтып күйеуін ішімдіктің құрсауынан құтқарайын деп қаншама күш салды. Бірақ беті бері қараған күйеуі жоқ. Ағалары да, ағайындары да қаншама рет ортаға алды, ақыл да айтты, тіпті бір жолы Серғали күйеубаласын ұрып та алғанын айтты. Бірақ салынып ішетін ол қоя алмайтынын айтып жыласа керек. Енді Рауланның көзінен жас құрғамай, кейде тіпті беті көгеріп жүретінін де байқап қалатынмын. Қолдан келер қайран жоқ. Екеуміздің жолымыз түйіспесі анық. Бірақ оны қалай ұмытамын, не істесем екен? 

alashainasy.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *