Екі адамды мерт қылған аруақ…

Мен ес білгелі ауыл шетінде биіктігі 5-6 метрдей болатын дөң болатын. Ауданға жаңа келген бірінші хатшы сол дөңді сүріп, орнына мемлекеттік нысан тұрғызбақ болыпты. Мұны естіген көнекөз қариялар ол дөңнің қасиеті бар екенін айтып, жаңа хатшыға ол ойынан қайтуды сұрайды. Алайда, аудан басшысы ақсақалдардың сөзін құп алмайды.

Көктем шығысымен дөңді тегістеу аудандағы құрылыс мекемесіне тапсырылады. Айтылған күні құрылысшылар іске кіріседі. Жоспар бойынша алдымен дөңнің топырағын бульдозермен сүріп тегістемек болады. Алайда, бульдозердің күрегі дөңнің шетіне тиген сәтте трактор өшіп қала береді. Бульдозер жүргізушісі « жер қатты болып, бульдозердің күші жетпей өшіп қалып жатыр» деп түсіндіреді. Сонан соң құрылысшылар дөңнің топырағын экскаватормен жүк көлігіне артып шығарып тастамақ болады. 

Ертеңінде дөңді тегістеуге эксковатор мен жүк көлігі барады. Екі-үш ковш топырақ алған кезде экскаватордың шлангісі жарылып кетеді. Жарылған шлангті алмастырып жатқанда экскаватор жүргізушісі абайсызда аяғы тайып, ковштың үстіне құлайды. Басынан қатты жарақат алған экскаваторшы сол жерде қайтыс болады. Мұның жайдан-жай емес екенін сезген құрылысшылар жұмысты тоқтатпақ болады. Бірақ аудан басшысы «экскаваторшы арақ ішкен екен» деп, ашуланып мекеме басшысына сөгіс жариялап, жұмысты жалғастыруға бұйрық береді.

Ол кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына қарсы шығу коммунистік партияға қарсы шығумен бірдей болатын. Ал коммунистік партияға қарсы шығу мемлекетке қарсы шығу деген сөз еді. Сондықтан құрылыс мекемесінің басшысына бұйрықты орындаудан басқа амал жоқ еді. Екі күннен соң дөңді тегістеуге бірнеше техниканы бастап құрылыс мекемесінің басшысы өзі барады. Жұмысты қалай, қай жерден бастауды білмей, жүрексініп, жол шетінде ақылдасып тұрған бір топ адамды трактордан ағытылып кеткен тележка келіп қағады. Бір жұмысшы сол жерде көз жұмып, құрылыс мекемесінің басшысының аяғы сынады. 

Атеистік қоғамда өскен хатшы бұған да мән бермей, құрылысшыларды «қауіпсіздікті сақтамағансыңдар» деп айыптап, жұмысты жалғастыруды бұйырады. Амалы таусылған құрылысшылар молда апарып, мал сойып, құран оқытып жұмысты қайта жалғастырмақ болады. Ертеңінде жұмыс бастағалы тұрғанда «жұмысты тоқтатыңдар» деген бұйрық келеді. Оның мән жайы түске қарай белгілі болды. 

Түске қарай «ауданның бірінші хатшысы жол көлік апатына түсіпті» деген хабар тарады. Бұл хабарды таңертең бірінші болып естіген аудандық атқару комитетінің төрағасы құрылысшыларға жұмысты тоқтатуға бұйрық берген екен. Өйткені ол осы ауылда туып өскен азамат болатын. Сондықтан да ол ауыл шетіндегі дөңнің бір құпиясы барын білсе керек.

Бір айдан кейін ауруханадан шығып, жұмысын жалғастырған хатшы дөңді тегістеу идеясынан бас тартты. Ірі қара сойдырып, ата-бабалар рухына бағыштап құран оқытты. Сол ас үстіне, ауданның бірінші хатшысы дөңді бұзбайтынын, үстіне естелік тас қойып, мемориал жасайтынын айтты. Көп ұзамай хатшының айтқаны амалға асты. Дөңнің айналасы абаттандырылып, ағаш отырғызып, гүл егілді. Дөңнің үстіне естелік тас орнатылды. Кейіннен сол дөң тұрғындардың тағзым ететін орнына айналды. 

Ол кезде бұл оқиғаға аса мән берген жоқ едім. Бәлкім балалық па жоқ әлде атеистік идеология санамызды жаулап алған ба кім білсін?! Көп қатарлы мен де адамдардың опат болуын кездейсоқтық деп ойлағам. Қазір ойласам, дөңді бұзуға аруақтар жол бермеген болса керек. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегенді дана халқымыз біліп айтқан екен-ау!

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *