Күйеуім қорлауын қоймай келеді…

Қоғамдық көлікте күн сайын нешетүрлі жанмен ұшырасасың. Нешетүрлі тағдыр иелерін көресің. Тіпті күн сайын бір мезетте астобусқа бірге мінген соң көзтаныс болып та қаласың кейбіреулерімен. Ұзын бойлы, қарақат көздері қараған жанның жадында мәңгі сақталып қалардай әдеміше келіншек сол көп көзтаныстарымның бірі. Күн сайын көріп жүрген соң оның күнделікті көңіл күйін бақылау менің әдетіме айналды. Көздері күлімдеп айналасына шуақ шашқан күндері белгілі, көңіл күйі көтеріңкі деген сөз. Кейде қабағы салыңқы тартып, көзінің алды көгеріңкіреп тұрады. Түнімен ұйықтамаған екен ғой деймін. Ал бір күндері тіптен көздері қызарып келе жатады. Әп-әдемі келіншектің жанына батқан жан жарасы бар екені анық еді. Оған көп өтпей-ақ қанықтым. 

Жұмыстан шаршап шығып жан-жағыма самарқау қарап отырғам. Ол күнделікті аялдамасынан отырды. Бір аялдамадан түсетін едік. Ол алдыма түсіп алып біз өкше етігін тық-тық еткізіп кетіп бара жатты. Иен көшеде екеумізден басқа жан баласы жоқ. Жүрісі де әдемі келіншекті сырттан бақылау менің кәнігі кәсібім ғой. Бұл жолы да жолымнан жаңылған жоқпын. Соңынан келе жатып байқағаным келіншек екі иығы селкілдеп жылап бара жатқандай көрінді. Қас қарая бастаған шақта жамандық шақырғандай мынаусы ерсі көрінгені де рас. Кім білген әрине жанына батқан жарасы бары анық. Өзім білмейтін, танымайтын бейтанысым үшін жүрегім ауырып кеткені. Барып жұбатсам ба деп бір оқталдым. Бірақ «не шаруаң бар?» деп дүңк етсе қайтем деп өз өзімді тежедім. Менің осы ойымды оқып қойғандай келіншек кілт тоқтады. Қапелімде өзім де сасып қалдым. Ол «апай, өзіңізді көптен бері көріп жүрмін. Өмірді көрген көреген жан екеніңіз анық. Уақытыңыз бар ма?» деді. Екеуміз тротуардың шетіндегі орындыққа жайғастық.

«Бөгде адамға шағынып көрген емес едім. Бірақ ішімді сыздатқан сыздауық жарам жарыла алмай жүрегімді ауыртып жүр. Ішіме бүге берсем бір күні жарыларым анық. Ой қосарсыз, бәлкім жөн сілтерсіз. Психологқа баруға қаржым жоқ. Барған күнде де менің басыма бақ орнатып бермесі анық…

Күйеуім екеуміз үш жыл жүріп, бір-бірімізді біліп танып барып бас қостық. Екеуміз де алып ұшып тұрған жас емеспіз. Ақыл тоқтатқан әжептеуір жасқа келген едік. Үш жыл деген адамды танып білгенге аз уақыт емес қой. Бірақ мен күйеуімнің бар жаман қылығын сыртқа білдірмейтін ішмерез екенін кейін білдім. Алғашқы айларымыз өтпей жатып-ақ мен оның оңбаған қылықтарын көріп, бармағымды мезгілінен кеш шайнадым. Әттең бәрі де кеш еді. Мені әбден мезі еткені өзінің көлеңкесінен де іштарлық ететін тым қызғаншақтығы еді. Үйге қайныларым түгілі өз інілерім келсе де сылтау тауып ұрыс шығаратын. Бұл мінезінен әбден мезі болған мен туған туыстарымның үйге келуін қаламайтынмын. Тіпті кейін келерсіңдер деп сан сылтау айтып құтылатынмын. Сөйтіп ешкім есігімізден қарамайтын күйге жеттік. Бастысы құлағымның тыныштығы еді. Мұнымен де бітпепті. Көрінгеннен көзақы сұрайтын тым жылпос екенін де кеш аңғарыппын. Осы қылықтарының бәрін де шеберлікпен бүркемелей білген әртістігіне таң қалдым ғой. Амалым не? 

Жылдар жылжып өтіп жатты. Бір балалы болдық, артынан қызымыз ерді. Қояр дедім, жоқ, ол үдетпесе тиылар түр танытпады. Көршілерден бастап, құдашаларға дейін сөз айтып өзінің жүргіштігін әлемге әйгілеп бітті. Қатты намыстанатынмын. Бірақ қолымнан келер қайран бар ма? Телефонына тыным жоқ. Тіпті жыртақайлары хабарласса ішіп отырған тамағын тастай салып тұрып кететінді шығарды. Түн ауа қайтып келген соң мені мазақ етіп, қорлап, ойнасымен қалай тоят тапқанын әдемілеп әңгімелеп беретінді шығарды. Бұл қорлыққа шыдай алмай талай мәрте кетіп те қалдым. Бірақ артымнан барып жалынып жалпайып енді қайталамаймын деп алып келеді. Бір ай, ары кетсе екі ай… сосын қайтадан басталады. Қанына біткен қасиетсіз мінезін қоя алмайтынына әбден көзім жетті. Оны бұл жолдан ешкім де қайтара алмайтын да, құтқара да алмайтын еді. Үйде күнде ұрыс, күнде айқай. Көршілерден де қатты ұяламын. Сосынғысын да араласпаймын. «Күйеуіңді ана жерде бір қызбен, мына жерде бір қызбен көрдік» дейтіндер көбейді. Кейде тіпті екі қолымды тас төбеме қойып безіп кеткім де келетін. Бірақ балаларымды қайтем? Әйел байғұстар сол бала, бала деп бәріне шыдайды екен ғой. Ажырасайық деп те айттым. «Бірақ мен сені тастап кетпеймін, ажараспаймын» дейді. Үнемі стресс, депрессияда жүретіндіктен жүрегім ауырады, басым да ауырады. Ауырмайтын жерім жоқ. Бір рет те түшкіріп, пысқырып ауырып көрмеген мен осылайша бір күйеудің күйігінен ауру болып денсаулығымнан айырылдым. Емделуге ақша сұрасам «сен де басыма бәле болдың ғой, аурусың» деп кекетеді. Одан қалса «шаршап қалғансың, қартайып қалдың, маған тоқал алу керек срочно» деп күйдіреді ғой. Екі жылдан бері бір әйелмен әуейі болып жүр. Екі-үш күн соның үйіне барып қонып келеді де, дым болмағандай еркін жүретініне таң қаламын. Тойға барған кезімізде де сол звандағанда бізді тастап кетіп қалған күндері де болды. Бүгінде енді «екі қатыным бар, енді үшіншісін алуым керек» деп күйдіреді. Әбден шаршадым, ажырасқым келеді. Бірақ ол кетпеймін деп қадап тұрып айтты. Кеше де түн ортасында тұрды да кетіп қалды. Таң ата келді. Мен де адамның баласымын ғой, неге бүйтіп қорлайды? Бұл қашанға дейін жалғаспақ? Әбден суынып кеттім, көргім келмейді, қасына жатуға жиіркенемін. Не істесем болады?».

Шарасыздықтан еңірегенде етегі жасқа толған жанды не деп жұбатарымды білмедім…

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *