Күйеуіме қанша өкпелі болсам да өлімге қимаймын…

Жас кезімде өсіп-өнген ортамнан жыраққа тұрмысқа шықтым. Бағым жанбай тағдырдың басқа салғанын көріп, бір қызымды жетектеп ауылыма қайтып келдім. Қайтсін ата-ана байғұс «тағдырдың жазғаны болар» деп жылы қабылдап, болашаққа жол ашты. Анам ақылын айтып, жігерлендіріп облыс орталығына қоя берді. Қалаға келіп қатарластарымнан қалмай жұмысқа тұрып, шағын жатақханада тұрдым. Кейіннен жағдайым жақсара бастағаннан кейін қызымды қолыма алдым. 

Жатақхана маңындағы бір дүкенге сатушы болып орналастым. Қызым бала-бақшаға барады. Туған әпкелерім мен ата-анамның арқасында аяққа тез тұрып, есімді жинап кезінде тастап кеткен университетіме сырттай бөлімге оқуға түстім. 

Сол кезде қандай қиындық болса да мойымай өзіме жігер беріп, қызымды жеткіземін деп шештім. Күйеуден бетім қайтқан басым жігіт атаулыдан алысырақ жүруге тырыстым. Өтіп кеткеннен соң бәрі айтқанға оңай сияқты, шындығында бір жалақыны анадан алып мынаған салып, бірі-біріне қосып қызым да өзім де жақсы киініп, тәтті тамақ жеуге тырысып өмір сүріп жаттық. Қашанғы туыс пен ата-анаға қол жаясың, әркімнің өз басына жетерлік «проблемасы» бар, ешкімге қол жайып, өкпелеуге де хақың жоқ.

Осылайша жылдар жылжып өте берді. Жан-дүниемдегі күйеуім салған жара жазылып, ақырындап «маңайыма» қарай бастаған сыңайлымын. Шынын айтсам, кейде ер-азамат мейірімін сағынып, айналамдағы жұптасқан адамдарға да қызығатын кездерім де болды. Бірақ, ешқашан тағдырыма налып, көз жасымды көл қылған емеспін. Өйткені, маған сеніп отырған қызымды ойладым. Ол кезде жылап, өткенді ойлап отыруға мұрша да болмады. 

Бір күні жатақханадағы таныстарына келіп жүрген Ермек есімді азаматпен таныстым. Кейіннен Ермек жатақханаға келуін жиілетті. Мен бірден еш жасырмастан басымнан өткен жағдайымды және қызым бар екенін айтып салдым. Ермек те ажырасқан жігіт екен. Ақырындап ұната бастаған сияқтымын. Қызым да бауыр басып қалды. Ермек келмей қалса «Ермек аға келмей ме?» деп сұрайтынды шығарды. Ермек те қызым десе алып-ұшып тұрды. Әйел адамның жанды жері баласы ғой, ондай мейірімді көрген соң мен де Ермекке ерекше қарай бастадым. 

Бір күні Ермек маған үйлену туралы ұсыныс жасады. Ұсынысты бірден қабылдай алмадым. «Аузы күйген үрлеп ішер» біраз ойланып-толғанып әпкелеріммен ақылдасып, тұрмысқа шығуды дұрыс деп шештім. «Басыма мәңгілік жалғыздық жазылмаған болар, менің де бақытта үлесім бар шығар, қызымды өз бауырына басқан еркектің ұсынысынан неге қашамын» деп ойладым. 

Шағын ғана отырыс жасап Ермекпен заңды түрде некеге отырдық. Қызым екеуіміз Ермектің жұмыс орнынан берген шағын жатақхана бөлмесіне көшіп бардық. Шынымен де Ермек қызымды өз қызындай көрді. Қызым «әке» демесе де ағатайлап тұрды. Мен дүкеннен шығып мемлекеттік қызметке тұрдым. Үлкен жаңа екі бөлмелі пәтерге де қол жеткіздік. Машина да сатып алдық. Кейіннен бір ұл тауып бердім. 

Міне, осылайша қаншама жыл өтті. Отбасылық өмірімізде де қызықты да суық та оқиғалар болып жатты. Қайын жұртымды да сыйлап оларға да сыйлы бола білдім. Соларда бір жағдай болса барымды салып жүгіріп, енемнің тілін тауып «сүйікті келіні» болдым десем, артық айтпаспын. 

Қызым да ерте тұрмысқа шықты. Өз отбасы бар, жағдайы да жақсы. Ұлым да мектеп қабырғасында. Ермектің өмірде бір ғана «минусы» арақ ішкенді жақсы көреді. Өзім намаз оқығандықтан ондайды жақтырмаймын. Жай ішсе жөн ғой, ол ішкен күні үйде маза жоқ. Елдің күйеулері сияқты ұйықтап қалмайды ғой, таңға дейін отырғызып қойып бітпейтін әңгімесін айтып одан қалса қол көтереді. «Сен жұмысқа барасың немесе көзің көгеріп ел бетіне қалай қарайсың» ойына кіріп жатпайды. Қызым тұрмысқа шыққалы сегіз жылдан асты, Ермек әлі ішіп келеді. Соңғы кезде ұлым ер жеткелі әкесін бір-екі рет ызаланып итеріп те жіберген еді. Ал, таңертең не болғанын білмей үн-түнсіз «момын» болып жүреді де қояды. Өзінше кешірім де сұраған болады. «Қойшы» деп бәрін ұмытасың, содан тағы да басталады арағы. Міне осылай қатты қиналғанда «неге күйеуге тидім» ойлайтын едім. Арақтың кесірінен бір-екі рет ажыраспақшы да болдық. «Ажырасқан» деген жақсы ат емес екені білгілі және де ұлымды әкесіз қалай «тірі жетімек» етпекпін деп үнемі өзімді сабырға шақырып, тоқтатумен келдім. Кейде тіпті күйеуіме сезімім суып кеткендей де болды. Арағына тойып алып отбасының берекесін кетіріп, ұлымның көңіліне қаяу салғаны жаныма бататын еді. 

Жуықта күйеуім жұмысында арнайы дәрігерлік тексеруден өтіп, қан құрамы дұрыс болмай, басында ісік бар деген диагноз қойып дәрігерлер толық тексерілуге құжаттар дайындап үлкен медициналық орталықтарға жолдама берді. Жүрегіміз қорқыныштар дүрсілдеп, барлық анализдерін тапсырып, томографиялық тексеруден өттік. Шынымен де басында күйеуімннің ісігі бар екені анықталды. Соңғы кезде басы да ауратынды шығарды. Сол жаман диагнозды естіген күйеуім бүк түсіп жатып қалды. Ештемеге зауқы да жоқ, жата береді ойланып. Мен болсам іштей қатты күйзелсем де білдірмей, көңілін аулауға тырысамын. Күйеуімді ондай жамандыққа қимаймын, түнімен білдірмей жылап та шығамын. Бір тілерім, бір сұрарым тек Алладан ғана көмек. Кешегі ішіп келіп ұрған күндері мен айтқан сөздері бұл қасіреттің қасында ойыншық болып қалды. Сондықтан да отбасылық өмірде қандай болса да өмірлік серігіңді аялап, кешірімді болған дұрыс екен. «Қамшының сабындай қысқа» өмірде қандай қиыншылықтар болса да Алланың берген сынағы деп қабылдап сабырлы болған жөн-ақ! Күйеуім қанша ұрып-соғып өкпелетсе де қимаймын. Арманым- жан жолдасым «алқаш» болса да қасымда жүре берсе екен. Ер адамның қадірін енді түсінгендеймін…

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *