Күйеуімнің кесірінен енді бала сүйе алмаймын…

Тұрмысқа шыққанда бақытты боламын, көп балалы боламын деп ойлаушы едім. Бірақ алда мен ойлағандай күндер емес, тағдырдың «тосын сыйы» күтіп тұрғанын мен қайдан білейін?! 


Күйеуіммен екеуміз қыз жігіт кезімізде бір-бірімізді жақсы көріп, ынтығып жүріп-ақ үйленіп едік. Бірақ бірте-бірте арамыз суымаса да, түсінісе алмайтын дәрежеге жеттік.

Оның бәріне оның досы кінәлі деп есептеймін. Жалпы күйеуім Жанболат аңғал, аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл жігіт. Оны бұзатын жанындағы жолдасы Медғат. Күйеуім оның сөзін ұйып тыңдайды, соның пікірі пікір, соның сөзі сөз оған. 

Кейде күйіп кетемін. «Сенің өз пікірің жоқ па? Неге үнемі соның айтқанын істейсің?! Ол сенің аңқаулығыңды пайдаланып жүреді. Бәлелі жерге өзі жоламай, ылғи сені итеріп жүреді. Сонымен жолдас болмашы» деп үнемі айтамын. Бірақ ол менің бұлай дегенімді жақтырмайды. Медғат жөнінде «жан досым, бауырымдай болып кеткен адам туралы олай сөйлеуші болма» деп зекіп тастайды. 

Шынында да, досым деп жүрген адамы дос емес, қастан бетер. Бірде кешкілік үйден ертіп кеткен еді. Сөйтсем, өзінің құрылыста істейтін таныстарының бірі арзан цемент тауып беремін депті де, соны менің күйеуімнің көлігімен жеткізбекші екен. Досы «әзірге сенің үйіңде тұра берсін, ертең күндіз жеткізіп алармын» деп, біздің үйге әкеліп түсірген. Сонымен таңертеңгілік үйге полицияны ертіп құрылыстың иесі келіпті. Түнде құрылыс алаңынан цемент ұрлады деген айыппен Жанболатты біраз тергеп, талай күн сандалтты. Досы «Мені айтпай-ақ қоярсың. Бірнешеу екенімізді білсе, жағдай қиындап кетеді. Мен саған білдіртпей сырттан таныстар арқылы көмектесемін» деп қашып кеткен сыңайлы. Оны күйеуім қашты демейді, қайта «Не істер дейсің маған, жібереді ғой» дейді жайбарақат. Сондайда күйіп кетемін. Ақыры, құрылыс иесі арзан бағаға жұмысшыларының сатқандарын сезіп, екі жақ келісіп, ақысын төлеп бірақ құтылдық. Мұнан кейін де талай рет сазға отырғызды. 

Үйге келгенде де үстел басында бірігіп арақ ішеді. Әңгімелерін тыңдасам, үнемі менің күйеуімді біреуге айтақтап, «сенің орныңда болсам оны сөйтіп жіберер едім, бүйтіп жіберер едім» дегендей, қанын қыздырып, отқа итеріп отыратынын байқаймын. Шынымды айтсам, сол Медғатты суқаным сүймейді. 

Ішіп отырған адамдар үстел басында қайбір жақсы әңгіме айтсын, арасында ауыздарынан боқтық сөздің түр-түрі шығып кетеді. Оның үстіне түні бойы сол үстелдің басында дүрілдесіп отыра беруге бар. Мен қастарында қашанғы отырайын, біраз уақыт тамақтарын алдарына тосып, шай құйып беріп отырамын да, тойып қалды-ау деген сәтте тұрып кетіп қаламын. Менің де ұйқым келіп шаршаймын, бірақ соны біліп тұрып Медғат «Сенің әйелің бізді жақтырмай отыр ғой деймін. Үстелді тастап тұрып кетті ғой. Мен әйелім Раушанды шырқыратып тұрып уысымда ұстаймын» деп арамызға от тастап отырғанын талай естігем. Өзіне бір-екі рет айттым да: «Ішкен адамдармен түні бойы отыра алмаймын. Шаршадым мен де, тамақтарыңды, шайларыңды бердім. Одан әрі өз әңгімелеріңді айтып отыра беріңдер. Менде нең бар?» дегенмін. Мен ашулансам, өп-өтіріп мүләйімсіп қалады. 

Осындай әңгімелерді құлағына әбден сіңірген болуы керек, үйленгенімізге үш-төрт жыл болған кездерден бастап күйеуім маған қол көтере бастады. Өзім бала көтере алмай қиналып жүрген кезім. Алғашында «бедеусің, бала туа алмайсың» деп соғатын. Кейін Алла жазып құрсақ көтердім. Ол да қатты қуанды. Екеуміз ешкімге айтпай әбден орнықсан, сосын бірақ айтайық, көз не сөз тиіп жүрмесін дестік. 

Бірақ, сол ұзақ күткен іштегі періштемізден бір-ақ күнде көз жазып қалдық. Оған тағы да сол доссымағының кезекті бір үйге келген кезіндегі болмашы нәрсеге бола айтқан кекесін сөзі себеп болды. 

Қонақтар қайтқан соң күйеуім маған тағы да себепсіз қол көтерді.

Мен барынша ішімді қорғаштай бердім. Бірақ бүйірімнен тиген қатты соққыдан соң, ішім түйіліп шыдатпады. Ақыры түсік тастадым.

Сауыққан соң қатты өкінді. Бірақ өкінгеннен не пайда, болар іс болған соң. Шынымды айтсам, сол жолы ажырасып-ақ кеткім келді. Бірақ, қанша жындылығы болса да, күйеуімді тастап кете алмадым. Ол енді ешқашан маған қол жұмсамайтынын айттып, жалбарынып кешірім сұрады. 

Сөйтіп екі жылдан кейін тағы да құрсақ көтердім. Кейінгі кездерде күйеуім расымен де ұрып-соққанын қойып, көңілім тыншып қалған болатын. 

Екінші рет күтіп жүрген сәбиімізге де жарық дүниені көруге жазбапты. Тойдан қайтып келе жатқанымызда ішіп алып рөлге отырған күйеуімнің абайсыздығынан апатқа ұшырадық. Жанымыз аман қалғанынан шүкір десек те, сәбиден айырылып қалғанымызға қатты қайғырдық. Оның үстіне дәрігерлер маған ота жасағандарын, бұдан былай бала көтере алмайтынымды айтты. 

Қазір өмір мен үшін мәнсіз, өз-өзімен босқа өтіп жатқандай. Түбі ажырасатын шығармын. Себебі, енді екеуміздің бірге тұруға деген ниетіміз күннен-күнге семіп бара жатқандай. Ол да самарқау, бұрынғыдан да көп ішетін болды. Бірақ қаншалықты ішсе де маған қол көтермейді. Бірақ одан не пайда, не қайыр?! Ол өзін кінәлі сезінеді, бірақ сонда да ішіндегісін тіс жарып шығарған емес. Бала асырап алуды ойлауын ойласам да, күнде ішіп жүрген мынадай күйеуіммен маған баланы қайдан берсін деп ойлаймын.

Қазір менің бар алданышым – жұмысым. Балабақшадағы сәбилердің ортасына барғанда бар қайғымды ұмытып кетемін. Солардың жанында ғана өзімді бақытты сезінемін.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *