Өлімнен кейінгі өмір

Адамдардың көбі өлім жайлы және өлгеннен кейін не болатындығы туралы бас қатырып онша ойлай қоймайды. Шындығында міндетті түрде келетін ажалдың ащы дәмін әркім де татады. Күн сайын біреулердің өліп жатқанын көре, біле, ести жүре адамдардың ажал туралы ойламайтындықтары қайран қалдырады.

Ажалдың арғы жағында

Қаласын, қаламасын адамдар әйтеуір өлім, онан кейнгі ахуал туралы аздап болса да ойлайды. Біздің көбіміздің түсінігіміз: өлген соң діни сенім-нанымға сай қабір өмірі болады, күнакарларды ажал періштелері азапқа салады, содан кейін қиямет сотына тартылып, күнәсі көптер мәңгі тозаққа құласа, күнәсі аздар мәңгі жұмаққа еніп рахатқа кенеледі. Шындығында, мұндай жайға бүгінгі ғылым мен техника қарыштап дамыған заманда өмір сүретін адамдардың көбі онша сене қоймайтыны рас.

Ал, өлімнен кейінгі жайға қазіргі ғылым не дейді? Бұрын материалистік ілім өлім мәңгі қара түнек, сананың мәңгілікке жоғалуы деп түсіндірсе, қазір ғылыми құрылғылар пайда болып, өлім туралы зерттеулер жүргізіле бастаған кезде ғылыми түсініктің бағдары да өзгере бастады.

Американдық медицина және философия ғылымдарының докторы Раймонд Моудидің «Өлімнен кейінгі өмір» атты кітабы адамзаттың ажал туралы түсінігіне үлкен соққы бергені анық. Автор аурухананың жан сақтау бөлімінде бірнеше минут өліп, қайта тірілген екі жүзден астам адаммен сөйлесіп, солардың бастан кешкендері жайында талдай отырып, ажалдан кейінгі өмірдің барлығын дәлелдейді.

Өлімнен кейін не болады?

Моудидің кітабына, басқа да авторлардың еңбектеріне назар аударсақ, өлімнен кейінгі жайды былайша ретімен баяндауға болады. Адамның тән ауруы шегіне жеткен кезде, кенет денесінен бөлініп шыққанын сезеді. Содан кейін ол төбеде қалықтап тұрып, өз тәніне ота жасап жатқан дәрігерлерді көреді.

Өзінің тәнін сыртынан көрген пенде алғаш рет бойын үрей мен айтып жеткізгісіз қорқыныш билейді. Ол өзінің тән емес екендігін алғаш түйсіне бастайды. Сонымен бірге, адам тәні арқылы пайда болатын қиындықтар мен күрделі жайлардан аулақ, өзін жеңіл және бостандықта жүргендей сезінеді. Бұл сезімнің оған  жеңілдік пен уайымсыздық әкелгені сонша, ол тәніне қайта қосылғысы келмейді.

Осы арада кейбіреулер тәніне қайта қосылады, енді біреулер қараңғы дәлізбен ұшып, оның арғы жағындағы көз жауын алар таңғажайып әлемді көреді. Ол жерде пенде өзінің бұрын қайтыс болған туыстарын көреді, ал енді біреулер Иса пайғамбармен, тіпті қанатты періштелермен  кездеседі екен. Дегенмен, адамдардың бәрі бірдей таңғажайып көркем әлемді көрмейді, көпшілігі сұрықсыз, қорқынышты дүниеге тап болатын көрінеді.

Өлімнің адамға тигізер әсері

Ауруханада бірнеше минут өліп тірілген адам ажалдың арғы жағындағы өзі куә болған жайлардан үлкен сабақ алмақ. О дүниеден оралғандардың айтуынша, олар секундтің бір бөлігіндей қысқа мезетте бар өмірін сыртынан көріп шығады екен. Сол сәт адам өз өміріне сын көзбен қарап, қателіктері мен олқылықтарын түгел түсйсінбек.

Өміріне сырттай бақылаушы ретінде қарап тұрған пенде өзін бай, биік мансап иесі, отбасылы, атақты деген әлеуметтік дәрежелерден аулақ, бейтарап сезінетіндіктен, қателіктері мен кемшіліктерін дәл сезінеді екен. Жасаған күналары үшін сол сәт ол қатты қиналып, бойын өкініш билесе, жақсы әрекеттеріне сүйсініп, көңілі көтеріліп қалады дейді.

О дүние

Тәнінен бөлініп шығып, өзге әлемнің есігінен енген пенденің сезімдері жүз пайыз деңгейінде толыққанды жұмыс істей бастамақ. Ол жақсылықты да, жамандықты да, азап пен рахатты – бәрін өте терең және шынайы сезінеді екен. О дүниеден оралғандардың көбі сондай терең сезімді ауыздарымен айтып бере алмай қиналады.

Клиникалық өлімді бастан кешкендер о дүниедегі өмірінің қанша уақытқа созылғанын, секундтарға ма, әлде ғасырларға ма – оны дәл басып айта алмай қиналып жатады дейді ғалым. Тағы бір қызығы, адамның о дүниедегі мүмкіндігі шексіз өседі екен. Ол қас қағым сәтте ойлаған жеріне барып, қалағанын алып, ұша да, су астына сүңги де, жер бетімен желдей есіп жүгіре де алады екен.

Қайта тірілген адамдардың о дүниеде көргендері ақылға сиымсыз сияқты сезіледі. Олардың көбінің айтқандары дәстүрлі діндердегі о дүние жайындағы түсінікке өте ұқсас. Тозақ, жұмақ, періштелер – бәрі де дәстүрлі діндердің түсінігімен үндесіп жатады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *