Маньяк жігіт

Осыдан екі жыл бұрын ескі нөмірімді тауып алдым да симкасын қостым. Кейде аяқасты Настальжи болып кетеді. Сонау КТК-дан келе жатқан нөмірім ғой. Анда-санда қызық болсын деп, оқта- текте симкасын қосып қоятыным бар. Бірде солай жасадым. Зың-зың етіп қоңырау хаттар түсіп жатыр. Бір кезде телефоныма біреу сол баяғы скрытыймен звандай береді. Бір қызбен кафетерийде тамақ ішіп отырғанмын, тағы зыңылдап мазамды алды. Телефонды көтерсем, үнсіздік. Негізі мені бұрыннан бері келе жатқан жақындарым жақсы біледі. Жыным ұстаса «қара тізімге» фук еткізіп лақтыра саламын. Құда да, құдағи да тыныш. Кімдердің скрытыймен звандайтынын да білем. Сол үшін бас қатырмаймын. Бұл жолы мүлдем басқаша. Үнсіздік. Кейде керемет әуенді қосып қойса, енді бірде сарқыраған теңіздің толқыны, сыбдырлаған ағаштардың дыбысы, қойшы әйтеуір, тұнып тұрған романтика)
Кейде ұйықтай алмай жатқанымда әлгі қоңырауды күтем. Зараза сондайда звандамайды ғой қырсығып. 


Сол кафетерийде отырсам әлгі смс жіберіп тұр. Мәссаған! Духы қалай жетті деп қоямын күліп. Байғұс дауысы дірілдеп телефон ар жағынан сөйлеп жатыр. Сөзін бөлмей тыңдап отырмын. Ол мені 2014 жылы үйімнің жанынан көрген. Жаяу келе жатыппын. Қысқасы, ол ғашық болған күні менің үстімде көк сарафан, аяғымда біз өкшелі топылайым болыпты. Қысқасы, сол күні тілі байланып, ғашық болып қалыпты-мыс. Ондай әңгімелердің талайын тыңдаған Бибігүлге бла-бла-бла-лар ұнай бермейді. Құлақпен тыңдағанды жақсы көретін нәзік жандылар емеспіз бе? Тыңдап отыра беруге болатын еді. Алдымдағы тамағым келіп қалды да, суып кетпесін деген оймен:
— Телефонымды кімнен алдың? — дедім жақтырыңқырамай. Ол болса:
— Сіздің нөміріңізді табу оңай болмады. Сол сіз тұрған үйдің жанына талай рет барып, талай күндерім өтті. Бір күні көріп қалатындай болатынмын. Содан былтыр Маркова мен Попованың жанынан өтіп бара жатып, сізді көрдім ақ машинамен. Кептелістен мен сізді өткізіп жібердім. Сіз маған рақмет айтып жымиып күлгеніңізде барып, кезінде іздеп жүрген қыз екеніңізді көрдім
— Қандай машинаңыз?
— Ақ камри полтенег. 
— Енді не айтқыңыз келіп тұр?
Тағы үнсіздік.
— Алло?
Әдемі әуен…
— Жалғасын ертең айтамын, — дейді. 
— Сен менімен қылжақтасқың келіп отыр ма? Қайдан алдың? Кім берді? Қайда жұмыс жасайсың? Егер осы сұрақтарға жауап бермесең, тұтқаны қоямын! Сосын менің дауысымды естімейсің.
— Жо-жоқ, олай жасамаңыз…өтінем…Сізді әрең тапқанымда…
— Ойййй, сызылмай тезірек айтшы! 
— Былай ғой, мен сіздің машинаңыз арқылы нөміріңізді таппадым. Бірақ, аты-жөніңізді біліп алдым. Содан жұмыстағы жігіттерге жалынып, нөмірін тауып беруін өтіндім.
Значит чекист болды ғой.
— Бұл ескі нөміріңізді табу оңай болмады. Барлық банктерді шарлап шыққан шығармын. Кредит алсаңыз бірден шығады ғой. Ал, сіз ешқашан алмаған екенсіз. Әйтеуір, мына нөміріңізді КТК-дан тауып алдым. Бір күні болмаса, бір күні қосатыныңызды жүрегім сезді. Алданбаппын. 
Точно үш әріптің адамы. Бұлардың мұрындары сезгіш болады. Естеріңізде ма, 8 -300 деп басталатын кселл нөмір? Соны және КТК- дағы жұмыс нөмірін ватсапыма жібергенде, біртүрлі болып қалдым. Қайран жастық шағым деп қоямын. 
Үйге сағат тоғыздарда кіргенім сол еді, әлгі нөмір тағы қоңырау шалды. 
— Сіз мені көргіңіз келіп жүрген шығар?- дейді.
Ой, көргім келіп тұрғаны соншалық, ішек-қарным ақтарылайын деп тұр. Таза қуғынбай екен. 
— Ой, не керек? Жылдам айтшы!
— Глазоктан қараңызшы қазір.
Жүрегім ауызыма тығылып қоя берді.
Неге қарауым керек? Есі ауысқан ба мынаның? Точно маньяк мынау!

Өмірде жек көретінім осы глазок. Бұрын інім ужастиктерді көрерде:
— Бибігүл, келш, бірге көрейік, -деп жалынады. Сосын екеуміз дірілдеп диванда ужастикті көріп отырамыз. Сондай бір ужастик фильмде глазоктан қарай берген адамның көзін ойып алады. Содан бері мен жәмәннн қатты қорқамын. 
Жүрек дүрс-дүрс. Тұтқаның ар жағынан: 
» Алло» дегенді естігенімде, тіпті кіш ете жаздадым. Звонок деген жапондардың қорқынышты киносындай дауысы біртүрлі естілгендей болды.
— Саған не керек?
— Қарасаңызшы глазоктан!
— Қарамаймын. Сен не менің үйімді білесің бе?
— Туф, енді қарасаңызшы!
— Мен сізді қазір полицияға беремін. Сіз маньяксыз.
— Сабыр…мен ешқандай маньяк емеспін. Мен жәй сізге ғашықпын.
— Короче, мозгамды шірітіп жібердің сен. Ауру болсаң, бар, емдел!
— Қараңызшы енді, өтінемін?!
Есіктің жанына қорқа-қорқа жақындадым да, глазоктан сығалап қарасам, дәл маған қарама-қарсы пәтердің есігі ашылып, үстінде ақ майкасы, бұтында шорты бар жігіт ыржалақтап, қолын бұлғайды.
Тьфу, ёжиктің ұлы!
— Анау тұрған сенсің бе?
— Иә, менмін.
— Бойың кішкентай ма қалай-қалай? Бірде жетпіссің-ау деймін.
Глазоктың артынан көзім шыға қараймын. Иә, бойы аласа жігіт.
— Құдайдың берген бойы ғой. Оған мен еш өкінбеймін.
— Қарының бар ма не? Ұят қайда? Түріңе қарасам 30- ға жетпегенсің.
— Спортпен айналыспай кеттім соңғы кездері…
— Ой, та лан, сен тамақ ішіп, диваннан түспейтін жігітсің ғой, — деймін қарқылдап күліп.
— Сіз де өзгергенсіз. Төрт жыл бұрын фигураңыз аттай еді. Өткен жолы лифтіден көргенімде толып кеткен екенсіз. Подбородогыңыздың астында кішкене май жиналып қалған.
Упс! Мат саған, Биба! Сауап болды.
— Қыста қыздардың барлығы толады если что!
— Мен тоңып қалдым.
— Енді неғып тұрсың шортымен? Пляжда жүргендей…
— Қызық болсын дедім. За то сізді күлдірттім. Шықсаңызшы есіктен. Осылай глазоктан қарап тұра бересіз бе?
— Қойшы, шыққым келмейді. Мен сізді танымаймын. Осылай тұрған ұнайды.
— Ендеше мен киініп келейін. Әйтпесе, в натуре тоңып қалдым. Бір секунд…

Маньяк жігіт жылдам екен. Көзді ашып-жұмғанша сыртқы киімін киіп шықты. 
— Сен сонда менің көршім болдың ғой?
— Жоқ. Сізге жақын болайын деп пәтер жалдап жатырмын, -деп күлді. 
— Түсінбедім…
— Былай ғой, негізі мен Алматы қаласында туылдым. Әке — шешем осында тұрады. Өткен айда сіздің үйіңізді біліп алғаннан кейін, қызық болсын деп осы үйден пәтер іздедім. Агенство арқылы әрең таптым. 120 мыңға жалдап жатырмын. Қарама-қарсы тұрамын деп ойлаған жоқ едім.
Мәссаған! Әжем айтатын еді бұрын шалыс басып, әлде біртүрлілеу адамдарды «ноқат біреу» деп. Ол не деп сұрағанымызда. «Сендердің сөзімен айтқанда бір шаригі кем» деп күлетін. Сол есіме түсіп кетті де:
— Жындысың ба? — дедім (сол кездегі менің түрімді көрсеңдер ғой).
— Иә, Каблуковадан кеше ғана шықтым, — дейді телефон ар жағынан сақылдап күліп.
— Бетіңе айтайын, таза жынды екенсің. Каблуковада жатқандардың бір шаригі кем болса, сенің он шаригің кемдеу ма деп қалдым.
Ол болса отыра қалып күліп жатыр.
— Ей, не ғой, сенімен уже он минут болды сөйлескеніме. Сен шыныңды айтып тұрсың ба?
— Өтірік ешқашан айтқан емеспін. Ана ұрсын!
— Ана ұрсын деген не сөз?
— Мамам ұрсын деген ғой.
— Точно ұру керек сені оқтаумен.
— Шықсаңшы есіктен. Бізді көрген адамдар точно Каблуковадан қашып шыққандар деп ойлауы мүмкін.

Екеуміз ішек-сілеміз қата күлдік. Осы кезде жанындағы есік ашыла бастады. Анау зып етіп кіріп кетті. Менде құдды глазоктан көріп қоятындай, қолымен жаба қойдым. 
— Алло?
— Иә.
— Көрші кетіп қалды ма?
— Білмеймін. Мен глазоктан қарап тұрғаным жоқ. 
— Киноға барсақ қалай қарайсыз?
— Ой, басталды. Мечтай дальше, мен сенімен ешқайда бармаймын. 
— Не ұнамай қалдым ба?
— Сен менің типажымдағы жігіт емессің. Бірден айтайын. Сау бол!
Телефонды қойдым да, дереу құрбыларыма звандай бастадым. Ішіме сыймай бара жатыр ғой сол баяғы. Талай жынды жігіттерді көрдім, бірақ, иә, бірақ, дәл мынадай жындыны көрсем көзім шықсын. «Прикинь» деп басталған әңгімем неше сағат жалғасқанын бір Құдай білсін. Қыздарым в шоке. «Биба, байқашы…Біртүрлілеу екен өзі. Точно маньяк! Қайда жұмыс істейтінін неге сұрап алмайсың?»

Содан не керек маньяк жігітпен көрші тұрсақ та, кеңкелестер секілді телефон арқылы сөйлесеміз. Күнде ғой, күнде. Менің дауысымды естімесе іші бүріп ауырады- мыс. Баяғыда үйдің астындағы дүкеннен нан-пан алатын кезде боянбай шыға салатынмын, маньяк жігіт пайда болғалы(амал который) опамды жағып шығамын. Үйден шығар алдында глазоктан қарап барып шығатын әдетіме айналды. Тьфу, ёжиктің баласы, қанды ішкенде де ішті. Бірде түнде пәтерімнің есігін кілтпен ашып жатсам, сатыр-сұтыр етіп ол да есігін аша бастағанда, қолдарым қалтырап кеткені. «Ай» деп айқайладым да, ішке кіріп кілттей бастадым. Скрытый нөмірден қоңырау шалған оны бірден білдім.
— Алло? Қайдан келдіңіз қаңғырып?
— Не шаруаң бар?! Сен не мені аңдып жүрсің бе? Неге шықтың есігіңнен?! 
— Каблукпен тақылдатып сен ғой мені оятып жіберген. Жәймен жүрсең болмай ма?
— Ойпырым-ай, сақ екенсің өзің. 
— Қайдан келдің?
— Онда сенің шаруаң болмасын! Сен не басынайын дедің бе? Маған түнде звандайтындай сен кім едің?!
— Ешкім…
— Онда әрі ойна менен! 
Иә, мен оның қайда жұмыс істейтініне дейін біліп алғанмын. Өте жақсы жерде қызмет етеді. Осы Алматының жігіті. Жасы отызға жақындап қалғанымен, бойдақ. Бір жақсы отбасының ерке ұлы болып шықты. Мінезі шатақ. Қыздарды қолғапша ауыстырады. Қысқасы, өз дегеніне жетпей қоймайтын есерсоқ жігіт. Оның өз тілімен сөйлесу керек екенін білген мен, қатты- қатты сөйлеп тастаймын. 
Ертесіне көлігімді көріп, ауызым ашылып қалды. О, тоба! Түнімен жауған қар менің көлігімнен әрі қарай өтіп кеткендей. Тап-таза. Жан-жағыма қарап тұрдым. Кім болды екен қарымды тазалаған деп қоямын. Сол сол-ақ екен, жеміс-жидек сататын тәжік жігіт күлімсіреп: 
— Камридегі жігіт тазалады таңғы сағат жетіде,- дейді. 
Мусор шығарғаннан жек көретінім жоқ еді. Бір күні подъезге шығарып қойсам, жоқ. Қысқасы, маньяк жігіт көрші болып келгелі мусорым шығарылып, машинамның қары тазаланатын болды. Рахат! 
Бір күні әй-шәй жоқ, телефоннан айқайлайды.
— Икс шестоймен ақыры таныстың ба?
— Немене?!
— Саған сондай жігіттер ұнай ма сонда?! Бағана көрдім ғой терезеден. Сен сонымен сөйлесіп тұрғаныңды. 
— Ой, сенде бір қанішер екенсің аңдып қалған. Ол менен бір нәрсе сұрады. Атында ұмытып қалдым.
— Чем я хуже?!
— Да иди ты!
Ертесіне қар қалыңдап тағы жауды. Әдеттегідей мәз болып шықсам, машинам сол күйі қардан көрінбей тұр. Ал, маньяктың камриі маған қарсы қойылыпты. Оныкі тап-таза. Жыным ұстап кетті де, дөңгелегінен тептім. Сигнализациясы бақырып қоя берді. Қалтамдағы телефон шар ете қалды. 
— Привет! Тағы тепсей, — деп күледі ар жақтан. 
— Неменеге менің қарымды тазаламадың? Че слабо?! -дедім қаттырақ сөйлеп.
— Икс шестойға айтсай, сол тазалап берсін! Жаман үйреніп алыпсың, иә? Қарыңды тазалаймын, мусорыңды шығарамын. Ал, сен болсаң бір киноға да менімен баруға өзіңше болып жүрсің.
— Идиот!
— Сама дура!
Жеңіл киініп шыққанмын ғой, перчаткамды да алмағанмын. Дірілдеп қарымды тазалай бастадым. Ішімнен оны боқтап жүрмін. Бір кезде ту сыртымнан: 
— Әкел бері! — деген дауыс шықты. Жалт қарасам маньяк жігіт. Қолымдағыны алып ауызы бұртиып тазалап жүр. Анда-санда бұрқ-бұрқ етіп қояды. 
— Не бетіңді лосьонмен сүртесің бе?- деп қоямын күліп. Ол болса бетіме бажырая қарады да:
— Икс шестойға айт ондай сөзіңді! Мен голубой емеспін! -дейді. 
— Не ол голубой ма не?
Үндемеді.
— Танысқаныма өте-өте-өте қуаныштымын, — деп қолыма сыпыртқы күрегімді берді де, көлігіне қарай бет алды. Мен болсам ауызым аңқайып тұрып қалдым. 
Артынша ол жігіт ұзақ тұрмады. Кетіп тынды. Әкесі боқтап дымын қалдырмапты.
«Иттің баласы үйің болып тұрып, неге пәтер жалдап жүрсің?! Сенің басыңды көрсету керек, әкеңнің ауызы… Отызға дейін есің кірмесе, өзім психбольницаға апарып жатқызамын» депті.
Ой, ішек-сілем қата күлдім ғой. Ол телефоннан айтып жатыр, айтып жатыр. Мен болсам күлкіге қарық болудамын. Одан кейін мен оны көрмедім.
А, айтпақшы, ұмытып барамын. Өткендегі скрытыймен звандап жүрген сол маньяк болып шықты. Қайта телефоннан скрытыймен звандауын бастады. Мені Астанада деп жүр екен. Сол жаққа жұмысын ауыстырыпты. Ал, ендеше)))?! Қайдан білсін менің Алматыда жүргенімді).

Бибігүл Дәулетбекқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *