Қоластындағы қызметкеріне күш көрсеткен басшыға айыппұл салынды

Көкшетауда қоластындағы қызметкерді тырнап алғаны үшін айыппұл арқалаған шенеунік әйелге қатысты сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды, деп хабарлайды КТК.

Мемлекетке 25 мың теңге төлеуге міндеттелген Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы міндетін атқарушы Динара Алтаева апелляциялық шағым түсірген еді. Бірақ кейінгі сот та 38 жастағы басшының 55 жастағы мемлекеттік аудитор Айбат Айткеноваға қол жұмсағаны рас деп тапты.

Зардап шегуші Айбат Айткенованың айтуынша, оқиға тексеру комиссиясы басшысының кабинетінде болған. Төраға міндетін атқарушы Динара Алтаевамен бірнеше жылдан бері қырғи-қабақ болып жүрдік дейді ол. Жұмыста отырса опақ, тұрса сопақ қылған басшы әйел мемлекеттік аудиторға үнемі сөгіс жариялайды екен. Сол күні Айткенова жұмысын бағаламаған Алтаеваның кабинетіне кіріп барған.

“Ол маған қолын ала жүгірді. Былай жұлқылап, кеудемнен тырнап алды. Жаман боп қалдым. Қан қысымым көтеріліп, инсульт алдым. Мұндай адам мемлекеттік қызметте отырмауы керек”, – дейді зардап шегуші Айбат Айткенова.

Осыдан кейін Айткенова полиция шақырған. Сот медициналық сараптама кеудесіндегі тырнақ ізі екенін дәлелдепті. Білдей бір облыстағы мекемелерді тексеру органының басшысы сөйтіп істі болды. Сот Динара Алтаеваны кінәлі деп тауып, оған 25 мың теңге айыппұл салды.

-Әдепсіздікке барған басшы кейін апелляциялық сот алқасына жүгінген. Бірақ, әкімшілік жаза өзгеріссіз қалды. Жайшылықта мемлекеттік қызметкердің тәртібін майшаммен қарайтын Тәртіптік кеңес әзірге үнсіз отыр. Тексеру комиссиясы басшысының міндетін атқарушы  Динара Алтаева осы күндері денсаулық жағдайына байланысты демалыста екен.

Ал Алтаева басқаратын тексеру комиссиясының  ұжымы бұл жанжалдың барлығы бекер деп отыр. Олар сотқа барып та куәлік еткен. Бүгін де басшы үшін басын дауға тіккен қызметкерлер жиналып, болған оқиға жайлы пікір білдірді.

“Мен куәгермін. Осы әңгіме болған жағдайда 2 кісіні көрдім. Ешқандай төбелес, ештеңе болған жоқ.Жедел жәрдем болды. Денесінде ешқандай жара болған жоқ. Айбат Кадыровна жәй өзін жаман сезінді ме, сол үшін шақыртты”, – дейді Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясының бөлім басшысы Әсемгүл Садыр.

Тексеру комиссиясының ұжымы бір ауыздан «Алтаеваны қолдаймыз, ол өз ісінің білгірі» дейді. Сот шешімімен мүлдем келіспейтін олар әрі қарай да әділдік іздемек. Ал таяқ жедім деген мемлекеттік аудитор басшыны орнынан кетірмей тынбаймын деп отыр. Бұл үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне, тіпті Президент әкімшілігіне хат жолдапты.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *