Сығандар мафиясынан аман қалған азаматтың әңгімесі

Зейнет жасына шыққанға дейін «КамАЗ» жүргіздім, кешегі Кеңес Одағының түкпір-түкпірін шарладым десем, артық айтқаным емес. Чехты қойшы, бейбіт күннің өзінде сау басты көпе-көрнеу қауіп-қатерге тіктік емес пе?! Сол баяғы 90-ыншы жылдар… Рэкет, бопсалау, алаяқтық деген пәленің бәрін көрдік. Қытайдың шекарасынан «КамАЗ»-дың өзін, тіркемесін толтырып жүк басамын, тапсырыс берушінің деген жеріне жеткізіп саламын, ақшасын береді. Шаршап тұрсам алыс жолға көмекшім бар, ілестіремін.

Бір күні шырттай киінген, қасы-көзі қап-қара, сақал-шашын әдемілеп бастырған бір сұңғақ бойлы кавказдыққа ұқсайтын жігіт әуелден танитындай-ақ «ағалап» келді қасыма. «КамАЗ»-дың борты мен тіркемесіне жүк тиейік, Румынияның шекарасына дейін жеткізіп салыңыз. Киім-кешек қой… Келіссеңіз, 20 мың АҚШ долла­рын қо­лыңызға санап береміз!» деп та­қыл­да­ды. Жыл он екі ай жолдамыз, алысы не, жақыны не – келістім, беретін ақшасы да әжеп­тәуір екен. Көмекшімді алмадым… Бе­сінші күн дегенде Волгоградты артқа тас­тап, Украинаны көктей өтіп, Молдова республикасының шекарасына жеттім. Сол жерден бет-ауыздарын жүн басқан, артық сөзі жоқ бейтаныс жігіттер тосып алды. 

Қытай шекарасындағы жайма базарда жүк тиеп жатқанда бір танысымның «Әй, Рыспек, мынауыңның түрі сығанға келеді, тақырға отырғызып жүрмесін…» деген ескертуі есіме сап ете түскені. «Сығандар!» Шегінерге – кеш, басқа түскенді көріп алдық деп, соңдарынан ере бердім. Түн жамыла «Румыния» деген жазуы бар бағыт-белгіге жетпей, қалың орманның ішіне кірдік, жолы бұралаң екен, кері жүрсем, өз бетімше жол табуым да екіталай. Бәрін жүрегіммен сезіп келемін. Кірер қақпасы тым зәулім үл­кен бір ғимартқа келіп табан тіредік. Кө­лікті өздері қалаған жерге қойдырды. Ме­ні бөлмесі шағындау жұпыны қонақ үй­ге алып келді. «Демал» деді де шығып кет­ті. Ал ұйқым келсеші, «Әй, Рыспек, осы са­ған не жетпейді, а…» деп ал кеп өзімді жа­зы­ғырайын. Жердің түбіне жеттің! Қай­тар жолыңды да таба алмассың… тірі қал­саң! Із­деуші-сұраушың із кесе алар ма екен өзі мы­на жерден, а… Мына «атасы ұры­лар­дың» ойында не барын кім білсін!? Әй, Рыс­пек, Рыспек…». Әрі дөңбекшідім, бері дөң­бекшідім. 

Неше күн жол соққан ес-түссіз ұйық­та­ғанмын ғой, есікті қатты ұрғылаған дабыр-шу­дан басымды көтердім. Екі жігіт үнсіз жол бас­тады. Аулада бөлек тұрған үш қабатты сә­ні келіскен ғимараттың екінші қабатына кө­терілдік. Баронның кеңсесі екен. Төрдегі ал­тын жалатылған, бәлкім, саф алтынның өзінен құйылған, білмеймін, үлкен жайлы орынтақта кашемир қара қалпақты сақал-мұрты қалың өскен, бірақ әдемі қиылған, толықтығы мендей екеу келетін шомбал сығанның төресі менің «здрастье» деген ілтипатымды құлағына да ілмеді. «Жүкті жеткізген сен бе… Бері жақында…» деді орыс тілінде. Түсі суық, дауысы да тарғыл екен кәпірдің. Тесіле қарады. Аузында сигара. Мойнында қалыңдығы иттің қарғы бауындай жалпақ алтын алқа. Жиегі алтынданған жалпақ емен үстелге таядым. Барон ар жақтан сәл еңкейіп алған екі бума АҚШ долларын алдыма лақтырып тастады – 20000!.. Бәкене шкафтың үстінде жатқан пистолетті көзім шалды. Ақшаны асықпай алдым да қалтама салып «рахметімді», оған қоса «сау болыңызды» ұмытпай айтып, есікке беттей бердім. «Тоқта, қазақ…» Қаһарлы дауыс! Шошынып селт етке­нім­ді байқатпай, жалт қа­радым. «Сен не, қазақ, ақ­шаны са­на­май­сың ба?» Бір қолы әлгінде көзім түскен пис­толетке созылған секілді ме…

«О, Құдай, мазағың ба, азабың ба…». Басыма ондай ойдың қайдан сап ете қал­ға­нын қайдам «Сен біздіңше, қазақша айт­қанда, Хансың! Қазақтар «Хан екі сөй­ле­мейді» дейді. Хан өз қолымен берген ақ­шаны несіне санаймын. Сізге сенемін» дедім. Баронды түсіне алмай дал болдым. Өткір көзі өңменімнен өтіп барады. Тордағы торғайдың кейпіндемін. Сыр бермедім. «Хан, дейсің бе…». Сыған тілінде шығар, қатты дауыстап айтып алды да: «Қайтар ақшаны, қазақ, шығар қалтаңнан…» деді орысша. Екі буманы қалтамнан шығарып жатып, «Әй, Рыспек… Ханда нең бар еді, жайыңды біліп үндемей-ақ, бергенін алып рахметіңді айтып, қоя қоймасың ба…». Барон мен қайтарған 20000 долларды қолына алған күйде аяғының астындағы қоқыс салатын тор шелекке лақтыра салды. «Оп-па, ойында не бар?!». Алтын бауы сың­ғырлаған үстелдің тартпасын суырып, іші­нен басқа екі бума АҚШ долларын шығарды да қолыма ұстатты. Көзіме тағы да тесіле тік қа­рады. «Болар іс болды!». Мен де тесіле қал­дым. «Қайтар жолыңды білесің бе, қазақ?». Мыс­қылдап тұр…

Украинаның шекарасына дейін жанымды шүберекке түйіп жеттім. «Ханға» сенбедім! Жолы бұралаң-бұралаң, елсіз, қалың орман. Екі тоғыздық «Жигули» біресе алдымнан, біре­се артымнан қалмай жүріп отырды да, ту­ра шек­ара­ға келгенде қалып қойды. Содан тоқ­тамай жүр­геннен-жүріп отырып Ресей шека­расынан өттім-ау. «Үһ!..» Алғашқы май құятын бекетте тоқ­тап, бір буманың ортан белінен 100 долларды суырып алып, айырбастаттым… Таза екен. Бі­рін­ші кездескен үлкен қалада екінші буманың ор­тасынан суырған екінші 100 долларым да таза болып шықты… 

Түс көргенмен бірдей болған сол оқиға есі­ме түссе, сол жолы қапелімде «Хан» деп айт­қан жалғыз ауыз сөз жанымды сақ­тап қал­ды-ау, шамасы деп ойға батамын. Әйт­пе­се, сұрау-іздеуі жоқ бөтен жер, бөгде ел, 90-шы жылдар, кім біледі? Чехтар үшін бол­ған КСРО мен АҚШ арасындағы кикіл­жің­нен сау келген ағаңның сол жолы румын шекарасынан, сығандар мафиясының ордасынан аман қайтуы екі- талай еді… 

Рыспек АЛҒАЗИЕВ,

«Чехославакия-1968 оқиғасына»  қатысушы жауынгер (Алматы облысы)
Толығырақ: egemen.kz 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *