Тастап кеткен жігітім жұмбақ өліммен көз жұмды…

Біз Астанаға көшіп келгелі біраз уақыт болды. Тұратын ауылымызда жұмыс жоқ болып күн-көріс жағдайымыз төмендеп кеткен соң, Астанада тұратын алыс ағайындарымыздың көмегімен «Лесная полянадан» несиеге үй алып, отбасымызбен көшіп келген едік. Анам да әкем де жұмыс істейді. Мен де мектепте кітапханада жұмыс істеймін. Үшеулеп жүріп несиені төлеп бітіріп, жағдайымызды түзеп алдық. Үшінші сыныпта оқитын Әбжан есімді інім бар.

Осы уақытқа дейін жігітпен жүріп, сауық-сайранға жақын болып көрмеппін. Күні-түні оқу деп бар ынта-жігерімді оқуға арнадым. Өз күшіммен оқуға түсіп, ата-анама жаман сөз келтірмей аман-есен бітірдім. Қатарлас қыздарымның көбі тұрмыста. 

Бір күні аялдамада Асхат есімді жігітпен таныстым. «Лесная полянадан» қалаға қатынау кейде қиынға соғады, сол кезде аялдамада автобус күтіп біраз тұрып қалатынымыз бар еді. Сөйтіп, автобус күтіп тұрғанда, қасыма бір жеңіл көлік келіп тоқтады. Қала мен қалашық ортасында қатынап жатқан таксилердің бірі болар деп, ойланбастан көлікке отырдым. Көлік ішінде тағы менен басқа екі адам бар екен. Екі адамды баратын жеріне тастап, Асхат мені мектебімнің ауласына дейін әкеп тастады. Әншейінде жолға тастап кететін көлік иелерінің қылығына үйренген маған, Асхаттың бұл «жігіттігі» ұнап та кетті. Осылайша, Асхат екеуіміз жақын танысып кеттік.

Таныса келе, Асхаттың әке-шешесімен «Лесная полянада» тұратындығы белгілі болды. Үйінде төрт ұл екен. Арқалық жақтан ата-анасымен бірге ертеректе көшіп келген. Өзі мемлекеттік қызметтегі бір басшының көлік жүргізушісі. Бастығы іссапарға кеткенде осылай емін-еркін қалада жүретін әдеті бар екен. 

Бір күні Асхат мені киноға шақырды. Кинодан соң біраз қаланы тамашаладық. Арасында менің де жеке өмірім туралы сұрап қояды. Осылай бір ай ішінде жақын таныс болып кеттік. Мен Асхатқа бауыр басып кеттім. Тіпті телефон шалмаса елегізіп іздейтін болдым. Кей күндері бастығымен таңға дейін жүретін кездері де болады. Ол кезде де қатты сағынып іздеймін. 

Асхат маған бір күні бастығының іссапарға кеткендігін айтып, таңға дейін қыдыруға ұсыныс жасады. Сүйіктімнің ұсынысы ұнап мен де бірден келісім бердім. Таңға дейін қыдырып, таңға қарай вокзал маңына барып жалға бір тәулікке пәтер алдық. Алаңдап іздемесе екен деп ата-анама «демалыс күнге орай, құрбы қызымның үйіне қонамын» деп ескерттіп кеттім. 

Сол түні мен алғаш рет ер адам қасына қондым. Бар сақтаған «әйелдік байлығымды» Асхатқа тарту еттім. Соңғы күндері жиі кездесіп кеттік. Менің үнемі өз ойыммен ұшып, махаббатқа басым айналып жүргенін анам мен жұмысымдағы әріптестерім де байқаған еді. 

Соңғы кезде Асхат аздап өзгере бастаған сияқты болды. Бірақ, мен еш нәрсеге көп мән бермедім. Кездесуді де сирете бастағандай. Хабарлассам, «өзім звондаймын немесе бастықпен жүрмін» деген сылтау сөздерді айтады. 

Шырылдауық шегіртке құсап сауық-сайранға мәз болып жүргенде аяғымның қалай ауырлап қалғанын да байқамай қалыппын. Мүмкін, әлі де білмес те едім. Соңғы кезде жүрегім айнып, омырауым тырсылдап кеткендей болды. Осындай жүктіліктің белгілерін оқып-білсем де өзіме келгенде еш ұқпадым. Ұжымдағы құрбым Айман бірнеше жыл бұрын тұрмысқа шыққан екі баланың анасы. Айман менің түріме қарап, «сенің аяғың ауыр емес пе?» деп қойып қалмасы бар ма? Онсызда есім шығып жүрген мен, бар сырымды айтып бердім. Айманның айтуымен дәріханадан тест сатып алып, тексеріп көрдім. Аяғым ауыр екен. 

Алып-ұшып болған жағдайды Асхатқа жеткіздім. Ар жақ ойым, «үйленеміз» деп айтар деген үмітті ой. Бірақ, олай болмады. Асхат бірден шорт кетті. «Бізге бала керек жоқ, түсік жасат, дәл қазір менің үйленетін жағдайым да жоқ» деді. Арасында «жасың үлкен қыз баласың, осының бәрін алдын ала біліп, сақтанып жүру керек қой» деп те мені кінәлап қойды. 

Іштей жылап, Асхатқа өкпелеп түсік жасатуға бел будым. Ақылы бөлімге жазылып, дәрігер кеңесіне бардым. Дәрігер мені қарап, түсік жасатуға болмайтындығын айтты. «Бірінші жүктілікті, әсіресе осындай ерте жаста үзу кейіннен ұрпақсыздыққа әкелуі ықтимал. Жатырың өте әлсіз, егер де пышақ тисе, кейін бала көтеруің екіталай» деді. 

Болашағымды ойлап, түсік жасатудан бас тарттым. Асхатқа тағы бардым. Ол енді «мен сені сүймеймін» деп ашығын айтты. Не болса да анама айтуды жөн көрдім. Анам естіп жылап-жылап, әкеме жеткізді. Әкем естіп, Асхатпен сөйлесемін деп шешті. Асхатқа барған әкеме де Асхат «мен сіздің қызыңызды сүймеймін, қалай бірге тұрамын » деп жауап беріпті. Тағы араларында қандай сөз болды ол жағы маған белгісіз. Әкем мен анам баламды өз отбасымызда дүниеге келеді деп шешті. Түнімен ата-анама білдірмей жылап шығамын. Асхат сол күйі хабарласпай кетті. Асхатты іздеуіме ата-анам әсіресе әкем қарсы болды.

Қазір менің ішімдегі балама бес ай. Жуықта Асхатты үйіне іздеп бардым. Есік алдында інісін кездестірдім. Күтпеген жағдай. Осыдан бір апта бұрын Асхат өз үйінде асылып қалыпты. Өз-өзіне қол салған. Ештеме қалдырмаған. Түсініксіз өлім. Не үшін осындай қиянатқа барды? Әлде, менің әкем қатты бірдеме айтты ма деген ой мазалайды. Асхаттың ата-анасы менің аяғым ауыр екенінен де хабардар екен…

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *