Жас қыз өзін өгей әкесі зорлап келгенін айтты

17 жастағы бойжеткенді өгей әкесі жылдар бойы зорлап келген. Туған анасы мен өгей әкесінен зорлық көрген қыз КТК телеарнасындағы «Дау-дамайсыз» бағдарламасында шындығын айтты, — деп хабарлады sn.kz

Екі жасында анасымен Қарақалпақстаннан Алматыға көшіп келген Сайора бұл оқиға жайында осыған дейін ешкімге тіс жармапты. Айтуынша, өгей әкесі оны өзімен жыныстық қатынасқа түсуге 9 жасында мәжбүрлеген.

 «Тоғыз жаста болдым. Біз «Шаңырақ-2» шағынауданында пәтер жалдап тұрдық. Мамам, өгей әкем, үшеуміз бірге тұрдық. Мама таңертеңнен кешке дейін жұмыста болатын. Үйде папам екеуміз ғана қалатынбыз. Бір күні ішіп келіпті үйге. Маған «Біз мамамен осылай жасаймыз. Көрсетейін саған» деп аузына келген сөзін айтты. Солай істеді. Кешкісін мама келгенде «қан келіп жатыр» деп едім, мән бермеді. Басқа ешкімге айтпадым. Әкем қорқытты «шешең екеуіңді Өзбекстанға ауылға қайтарып жіберем» деп. Ішіп келіп мамамды ұрып тастайтын. Ол мені «Сені тыңдайды ғой. Қасына барып жатшы» деп өзі қашып кететін. Әкем алдына отырығызып алып, анамның көзінше бүкіл денемді сипалайтын», — дейді көзіне жас алған жасөспірім.

Есейген сайын өгей әкесі зорлауын жиілете бастаған. Ақырында Сайора мектеп полициясына барады. Бірақ ондағылар ата-анаңды ертіп кел деген. Сөйтіп полициядан көмек көрмеген, не анасын сендіре алмаған қыз жетінші сынып оқып жүргенінде үйінен қашып кеткен. Сол кезде жеткіншекке Алматы облысындағы Жаңалық ауылының тұрғыны көмектесіпті.

Қазір кәмелеттік жасқа толмаған қызға зорлық көрсетіп келген еркектің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, олар ата-ана құқығынан айрылады. Ал Сайора Алматы қаласындағы жасөспірімдерді бейімдеу орталығына жіберілген. Ендігіде өткен өмірін ұмытқысы келетін ол ата-анасынан бас тартатынын жеткізді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *