Жеңгем туған ағамды құл етіп қойды

Астана оқуға түскен жылы ағам үйленді. Ол кезде ағам мен жеңгемнің тұрақты үйі болмағандықтан маған жатақханада тұруға тура келді. Ауылдан келетін ақша жоқ. сондықтан көбіне ашқұрсақ жүретінбіз. Ағамның үйіне барғаныммен үнемі дайын тамақ бола бермейді. Жеңешем солтүстік өңірдің қызы. Жайдары көрінгенімен қолы ашық емес. Кейде менің келе бергенімді жақтырмайтындай көрінеді. 

Студент кезімде достармен бірге автотұрақта қарауыл, көлік жуушы болып та істедім. Кейін екінші курсты бітіретін жылы химиялық тазалау жүргізетін орынға тұрақты жұмысқа орнығып алғам. Сөйтіп, өмір мені ерте ширатты. Оқу оқи жүріп, еңбекке ерте араласа жүріп біраз адамдармен таныс болдым. Айлық мардымды болғандықтан қосымша ақша жинауға, жақындарға арасында көмектесіп тұру дегенді қаперден шығарғаным жоқ. Тек ағам… ағам Рақымбекті де жұмысқа орналасуына студент кезімде ықпал еттім десем артық айтқаным емес. Көнбіс ағамды айлығы тәуірлеу құрылыс компанияларының біріне инженер етіп орналастырдым. Досымның әпкесі арқылы мәселені шешу қиынға түскен жоқ. Соның арқасында айлығы орташа жұмыспен ипотекаға қала шетінен үй алған. Өкініштісі ағам бір жылдай жұмыс істеп ол жерден шығып кетті. Ешқандай сөгіссіз. Айтуынша, жеңешемнің жұмысқа көңілі толмапты. Үндей алмадым. Оқу бітірген соң ескі жұмыспен қош айтысып, жұмысқа тұрдым. Жалақы анау айтқандай көп болмаса да бойдақ басыма жетіп артылады. Ағам болса жұмыссыз күндерде базарда арба сүйреп жүрді. Онысын мен білмейтін едім. Бірде сегізінші наурыз мейрамында ұжымдағы жігіттермен базардан керекті заттарды алайын деп барсам, жүк сүйрейтін арбаны итеріп ағам жүр. Ал керек болса… Наурыз мерекесі жайына қалып ағама жетіп бардым. Ағам болса менің налығанымды үнсіз тындап тұра берді. 

Көп ұзамай тамыр-танысты жағалап жүріп жалақысы орташа жұмысқа ағамды орналастырдым. Ауылдағы ағайын ағамның базарға шыққанын білген жоқ. Көңіл жайланып, ағамның жұмысы барына марқайып жүрдім. Алайда қуаныш ұзаққа бармады. Арада екі ай өтер-өтпесте ағамдікіне қонаққа барсам, кешкілік базардағы қара жұмысынан шаршап келген ағам жеңешеме тапқан табысын ұстатып жатты… Ағама жалынып-жалпайып жүріп базардағы жұмысқа жегілмеуін сұрадым. Ол ескі әдетінше ләм-мим деп жақ ашпады. Тағы да ағалап-көкелеп жүріп, қаладағы цехқа инженер етіп орналастырдық. Бұл жолы жұмысқа орналастыру оңайға түскен жоқ. Соған орай жалақысы да аз болмады. Айына кейде кешігіп беретіні болмаса, ағам ақшадан тарықпайтындай еді. 

Ағамды үшінші рет жұмысқа орналастырған соң оған үнемі шығып кетпеу керектігін айтып жүрдім. Ағам үнсіз бас изейді. Алайда жеңешеме күнделікті табысы қолға берілетін жұмыс қатты ұнаған тәрізді. Базарда арба сүйреп, күніне 8-10 мың теңге аралығында табыс табатын ағамның айына түсетін табысы аз емес. Бірақ қара жұмыстың аты қара жұмыс. Өкініштісі сол, жеңгем ағамды азғырып, жалақылы жұмыстан базарға жібергенді тәуір көреді. Осыны білген соң жеңешеме айтып, жұмыстан шығып қалмау керектігін айттым. Безерген күйі ол да жақ ашпады. 

Сәнді киініп, көптің көзайымы болып жүргенді қатты қалайтын жеңешем үшін ағамның базарда жүргені тиімділеу болып тұр. Ал тұрақты жұмысынан шықпау туралы айтқанымен, ағамның сөзі бұл орайда жеңгемізге өте қоймайды. Өйтіп-бүйтіп, ағамызды жұмыстан шықпау туралы келісімін алған болдым. 

Соңғы жұмыстан шығып кетуге ағамның дәті бармады білем, жарты жылға дейін қалыпты істеп жүрді. Бірақ, жеңешемнің кері әсері бәрібір тимей қоймады. «Күнделікті табыс мардымды болады. Айына бір алатын жалақыны базарда жүріп екі есе табасың» деген сынды кері итермелейтін үгіт ағамды ақыры ескі жұмысына қайтып алып келді. Ағам жұмыстан шықпақ болғанда басшылығы жібергісі келмегенімен, ақыры дегеніне жетіп тынды. Қанша жерден шықпауын сұрағаныммен бұл жолы жеңешеміз өзіме дүрсе қоя берді. Амал жол, отбасында кикілжің болмасын деп мен де келістім. 

Содан бері екі жыл өтсе де ағам базарда арба сүйреп жүр. Ол менің айтқанымды тыңдап, жұмыс істегісі келетінін де сезем. Жиі кездеспесек те, оған барған сайын базардағы жұмысты қою керектігін айтумен жүрмін. Солай болғанымен сөзім үнемі далаға кетеді. Жеңгем үшін ағамның күнделікті аз-маз табысы аса маңызды. Жеңгемнің қалауы деп ағамның да денсаулығы сыр беріп қалды. Өкінішке қарай жеңгемнің айтқаны ол үшін бұлжытпай орындауға тиіс міндет болып тұр. Сол уақыттан бері бір рет қатты ауырып қалған болатын. Ауруханаға жатқанымен, екі апта өтер-өтпестен қайтадан жұмысына шығып кетті. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *