Жездемнің танысына тұрмысқа шығам деп опық жедім

Мен 18 жасымда оң-солымды танымай жатып тұрмыс құрдым. Қазір ойлап отырсам, ақымақ болыппын-ау. Өзімнің сенгіш мінезімнен әркімнің сөзіне ерем деп жастық шағымды құрбан еттім. Біреулер мені түсінер, біреулер сөгер. 

Мен үйдегі төрт қыздың үшіншісімін. Ата-анам ұлды қанша аңсағанымен Жаратқанның қалауымен анам дүниеге төрт қыз әкеліпті. Әпке-сіңілдерімнің ішінде мен ермінезді болып өстім. Кішкентайымннан ер балалармен ойнайтынмын, ұлдардың ойыншығына жармасады екенмін. Оқушы кезімде де қыз болып сыланып, нәзік болып жүрген емеспін. Бірақ анам мені үй тіршілігін жасауға жақсылап үйретті. Үйді жинау, кір жуып, тамақ жасауға келгенде алдыма жан салмайтынмын. Өйткені өзімнен үлкен әпкелерім мектеп бітірісімен оқуға кетті, одан кейін тұрмыс құрды. Анамның жасы ұлғайғанда үйдің тіршілігінің бәрі менің мойнымда болды. Ал үйдің кенжесі өте ерке болып өсті. Оған ешкім бетіне қарап сөйлемейтін.

Менің анамның өзінен кіші жеті сіңілісі бар. Олар біздің үйге жиі келіп тұратын. Солардың ішінде анама ең жақыны Рая атты тәтеміз. Шын есімі Рымхан. Оны бәрі Рая деп атап кеткен. Рая тәте мен менің анам апалы-сіңілі ретінде жақсы араласатын, үнемі біз ол кісінің үйіне, ол біздің үйге келіп тұрады. Ол кісінің күйеуі өте көп сөйлейтін, мінезі ашық-жарқын адам. Ылғи да әзілдеп, көңілді жүретін жездеміз ашуланса да бұр-сарқ етіп бетің-жүзің демей ойындағысын айтып салатын. Рая тәте күйеуін қатты жақсы көрген сияқты, үнемі оны қолпаштап, жағдайын жасап, қарсы сөз айтпайтын. Сөйтсем, тәтеміз күйеуін қатты қазығанады екен. Өйткені жездеміздің қызқұмар қылығы бар болып шықты. Мен оны кейін білдім. Мен мектеп бітірген жылы ата-анам менің 17 жасқа толған туған күнімді дастархан жайып атап өтті. Сол кезде үйге туған-туыстарымыз келіп, мені құттықтап жатты. Олардың арасында Рая тәтем мен жездеміз де бар еді. Сол кезде жездемнің маған біртүрлі көзбен қарайтынын сездім. Мен отырсам да, тұрсам да көзін алмай, біртүрлі мысқылдап қарап тұрғанын байқадым. Аулада музыка қосып билеп жүргенімізде әлгі жездем менімен билеген болып белімнен мытып алды. Осы жағдайдан кейін мен ол кісіге жоламауға, сөйлеспеуге тырыстым.

Мектеп бітіргеннен кейін мен бірден жоғары оқу орнына түсіп кете алмадым. Сондықтан жұмысқа тұрдым. Бірде жұмыстан қайтып бара жатқанымда жездем кездесіп қалды. Қасыма көлік келіп тоқтаған соң бұрылып қарасам ішінде жездем отыр екен. Рөлде өзімен қатарлас бір ер адам. Алғашында кәдімгідей сескеніп қалдым. Бірақ көліктің артқы жағында отырған Рая тәтемді көргенде көңілім орнына түсті. Олар мені көлікке отырғызып үйге жеткізіп салатындарын айтты. Рая тәтем қасымызда болған соң еш қарсылықсыз көлікке отырдым. Сол кезде жездем мені рөлде отырған досымен таныстырды. Әлгі досы отыздан асқан, әлі үйленбеген екен. Жездемнің өзі сияқты, сөйлегенде аузы жабылмайды. Мен тіпті ол кісімен сөйлескен де жоқпын, тек есімімді айттым да отыра бердім. Мен осы таныстықтан кейін біраз уақыт тәтемді де, жездемді де көрген емеспін.

Бірде кешқұрым алакөлеңке уақытта жұмыстан шығып бара жатқанымда тағы да қасыма көлік тоқтай қалды да, ішінен екі жігіт шыға салып жалма-жан мені көлікке отырғызды. Менің айғайлап, тепкіленгеніме қарамастан көлікке отырғызды. Көзімді ашып қарасам осыдан біраз уақыт бұрын жездем таныстырған жігіт жанымда отыр. Ол мені құшақтап, «мен сені ұнатып қалдым, сен менің әйелім боласың» деді. Мен оның бетіне түкірдім де, шапалақпен тартып жібердім. «Оңбаған, мен сені соттатамын» деп айқайладым. Ол мені күштеп үйіне алып келді. Үйіндегілер келін түсіруге сақадай сай дайындалып отыр екен. Мен қырсығып босағада отырып алдым. Біраздан кейін соңымнан қуғыншы болып Рая тәтем мен жездем келді. Сонда мен өзімнің анамның сіңілісінен бірінші рет көңілім қалды. Ол маған «Мына жігіттің жұмысы бар, табысы жақсы, жасы өзіңнен үлкендігі ештеңе етпейді, қайта сені алақанына салып аялап, сыйлап өтеді» деді. Әйтеуір не керек, жан-жақтап жүріп мені сол босағада қалуға көндірді. Сөйтсем тәтем мен жездем ата-анамды да алдын ала дайындап, көндіріп келген екен.

Сонымен не керек, менің отбасылық өмірім басталды. Мен өзім мүлде жақсы көрмейтін, тіпті жиіркенетін адамның қасына жатуға мәжбүр болдым. Ол болса менің жанымнан айналшықтап шықпайды. Отбасын құрғанымызға көп ұзамай-ақ арамызда ұрыс-керіс, айғай шу басталды. Ол мені көрінгеннен қызғанып ұрыс шығарады, қол жұмсайды. Басында мен оған қарсыласпайтынмын. Кейіннен мен де оны қолыма түскен затпен ұратын болдым, тіпті талай рет оны жарақаттап, өзімді өзім қорғай алатыныма көзін жеткіздім. Осындай ит өмір 3 жылға созылды. Ақырында мен одан құтылып тындым. Абырой болғанда арамызда бала болмады. Ажырасқаннан кейін де ол мені біраз уақыт мазалап, қоқан лоққы көрсетіп, кез келген жерде күтіп алып, күш көрсетпек болатын. Ол мені қорғайтын ағамның жоқтығын басынды. Сөйтіп жүргенде оның ажалы да адамның қолынан болды. Бір топ жігіт дәмханада бірге ішіп, отырыстың соңы төбелеске ұласып, ол басына тиген қатты соққыдан көз жұмды.

Мен алғашқы сәтсіз некеден кейін біразға дейін еркек атаулыға жоламадым. Шалбар кигеннің бәріне тек бір-ақ нәрсе керек секілді болып тұратын маған. Соңымнан қанша жігіт жүгірсе де, ешқайсысымен көңіл қосуға батылым да бармады, жүрегім де дауаламады.

Қазір менің жасым 36-да. Осыдан 5 жыл бұрын мен өзімнің қазіргі күйеуімді кездестірдім. Ол өте жақсы адам. Өмірді көрген, талай қиыншылықты да басынан өткерген. Екеумізді табыстырған тағдырыма ризамын. Қазір мен онсыз бір күн өмір сүре алмайтын секілдімін. Жан жарым екеуміздің қазіргі арманымыз сәби сүю…

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *