Жігітке алданып, опық жеген бойжеткеннің тағдыры

Серік пен Гүлжан бір ауылда өскен. Үйлерінің араларында небәрі екі көше бар. Екеуі ауыл ортасындағы жалғыз орта мектепке барды. Айырмашылығы, жас ерекшіліктеріне орай Серік Гүлжаннан екі сынып жоғары оқыды.

Ауыл көшелерінің қыз және ер балалары анда-санда жиылып, әсіресе айлы түндері жақ-жақ болып, «жасырынбақ», «ақсүйек лақтыру» сияқты ертеден келе жатқан ойындарды ойнаушы еді. Әсіресе, «ақсүйек лақтыру» аса қызық болатын.

Бұл ойын түннің қай кезі болсада ойнауға келмейтін. Ай сүттей жарық болып туғанда жасөспірімдер қой немесе ешкінің қу сүйегін тауып алып, сосын бәрі көздерін жұмып, іштерінен біреуі сүйекті бар пәрменімен лақтырады. «Ал, табыңдар» деген команда берілісімен қыз-балалар жаппай сүйекті іздей бастайды да тапқаны «мен таптым» деп айқайлап, басқаларға өзін ұстатпай сүйек алғаш лақтырылған мәреге жеткізуі тиіс.

Ойыншылар сүйекті бұта-бұтаның арасынан іздеймін деп жыра-жыраның тасасына түсіп кетеді. Осындай бір ойын сәті тұсында Серік пен Гүлжан ауыл тұсындағы сайға қалай түсіп кеткендерін сезген жоқ. Гүлжан қорқып кетіп:

– Ойб-а-ай, – деді Серікті қапсыра құшақтап.

– Тс-с, Гүлжан, ақ сүйек менің қолымда, – деді. – Аналар бізді іздеп тапқанша, осы жарқабақтың астында жата тұрайық.

– Бір нәрсе шағып алса қайтеміз? – деді Гүлжан сыбырлап.

– Қорықпа, мен тұрғанда ешнәрсе шақпайды, – деді Серік алқымының астында жұпар исі аңқыған Гүлжанның шашынан құшырлана иіскеп.

– Гүлжан..!

– Әу!

– Шашыңның иісі қандай тәтті еді..?

– Қойшы.

Гүлжан қанша қымсынғанымен, өзінің бойында бір тәтті бұла сезімнің бүлк еткенін іштей сезіп, жүрегінің тұмса бұлқынысын баса алмай сәл ентігіңкіреп:

– Серік, аналар бізді енді таба алмайды. Онанда «біз мұндамыз» деп белгі беріп, жоғары көтерілсек, олар ұпайды бізге беретін болар, – деп Серіктің белінен құшағын жазды.

– Болмайды, олар әбден іздесін. Сосын өздері «қайдасыңдар?» дегенде, «біз мұндамыз» деп ақсүйекті қолдарына ұстатамыз, – деп Серік Гүлжанды құшақтаған қалпы тұра беруге ыңғай танытты.

– Серік, демің қандай ыстық еді?

Серік Гүлжанның шашын үнсіз сипалай берді.

Осылайша Серік пен Гүлжанның арасындағы бала махаббат айлы түннің бір уағында, «ақсүйек лақтыру» ойынының барысында жылт етіп тұтанып, маздап жүре беріп еді.

Серік орта мектепті Гүлжаннан екі жыл бұрын бітірді де, Алматының экономика университетіне түсті. Алматы мен Шымкент арасы жақын емес пе? Серік ауылға жиі келіп тұрды. Бір келісінде Гүлжанмен кездесіп, өзімен оңаша бір сәт болуын өтінді. Ол кезде Гүлжан мектептің соңғы сыныбында оқитын. Мектепті бітірісімен Алматыға барып немесе Шымкентте қалып, оқуға түспекші болып жүрген. Жалпы, Алматыға барып, Серіктің жанында болуды армандап жүруші еді.

Өзі іштей сенім артып, ғашық болып жүрген Гүлжан Серіктің айтқанын екі еткен жоқ. Алғаш бетіне иіс май жағып, үстіне қымбат иіс су сеуіп, айнаға қайта-қайта қарағыштап, күн батып, ымырыт үйірілер шақта жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап, сыртқа шығып, Серік айтқан жерге келді.

Серік сонда жалғыз өскен жас үйеңкінің түбінде Гүлжанды тағатсыздана күтіп тұр екен. Екі қолын бірдей созып:

– Жаным-ау, келмей ме деп үрейленіп, екі ойлы болып тұр едім. Келгенің жақсы болды. Ойым орнына түсіп, жаным жайланып қалды ғой, – деп қыздың қыпша белінен қапсыра құшақтап, әлі ешкім өппеген, сол үлбіреген қалпын бұзбаған ернінен құшырлана сүйді. Серіктің балауса мұрты қыз ернін қыттықтап, жүрегін балқытып жібергені сонша, Гүлжан да Серік ернінінің дәмін алғаш татып, бойы босап жүре бергені. Біркезде Серіктің бір қолы төмен сусып түсіп, сипалай жөнелгенде Гүлжан жүрегі бірнәрсені сезгендей Серіктің қолын ұстай алды.

– Серік не істемекшісің? – деді қарлығыңқы дауысымен сыбырлап.

– Әшейін, денеңді сипалап, фигураңды көрмекші болып жатқаным ғой.

– Болмайды, Серік..!

– Неге болмайды, екеуміз бір-бірімізді шын сүймейміз бе?

– Ұят болады… Менімше, әлі ертерек сияқты.

– Ертерек деп айтатын ешнәрсесі жоқ. Мен саған үйленемін, жаным, – деді Серік үздігіп.

– Мен мектепті бітіріп, Алматыға, қасыңа барайын, сосын дегенің болсын.

– Мен қашанғы күтіп жүремін. Ертең біреу сені алып қашып кетсе қайтемін?

– Мен өздігімнен ыңғай бермесем кім алып қашады?

– Алып қашып жатқандар аз ба?

Гүлжанның аузына айтарға сөз түспей сылтауы таусылып, қипақтай бастап еді, Серік Гүлжан үндемей қалған соң, келіскені болуы керек деп оны көк шалғынның үстіне көтеріп әкеп жатқызып, тыпырлағанына қарамастан аяқ қолын қапсыра ұстап, қыздың тістене қарсылық көрсеткенін кәперіне алмастан «басынан бантигін шешіп» рахаттана күй кешті.

Гүлжан болса талқысып біраз жатты да әлден уақта есін жиып, ағыл-тегіл жылап, бетін Серіктің омырауына басып:

– Серік, енді мені алдап кетпейсің бе? Мақсатыңа ақыры жеттің ғой, енді мен не істеймін? – деді булыға жылап.

– Жоқ, алдамаймын. Енді сен бүгіннен бастап менің әйелімсің, – деді Гүлжанның жон арқасынан сипап. «Сен енді менің әйелімсің» деген Серіктің сөзі Гүлжанның жанына шаншудай қадалғанымен тіс жарған жоқ. Өйткені, Серіктің бұрыннан дөрекілеу сөйлейтінін Гүлжан жақсы білетін. Бірақ, «жігіттердің мінезі мен сөз саптастары солай қатқыл болуы, әйел заты мен ер кісі арасындағы табиғи ерекшілік шығар» деп түсінетін.

Серік бүгін бір үлкен істі бітіріп тастағандай арқасын қомдап, ыржиып бір күліп алды да:

– Гүлжан, ешнәрсе етпейді, «орнында бар оңалар» деген. Әлі-ақ бәрі орнына келіп, ұмытылатын болады, – деп екі қолын жоғары көтеріп, қарқылдап күлді. «Мына Гүлжан өмірде алтынға балап айырбастауға болмайтын ең қымбатын жоғалтты ғой» деген ой кәперіне кіретін емес. Тау құлатқан ертегінің ерлерінше, өзінше мәз еді.

Гүлжанның іші бір күйіп, бір жанды. Енді бәрі кеш болатын. Кенеттен уысынан төгілген жұлдыздары құмға сіңіп жоғалған жанша есеңгіреп көпке дейін өзіне өзі келе алмады. Көкке қолын созып, құдайдан пәк сезімін қайтаруды тілемекші болып бір ұмтылды да аңқау жастықтың әсерінен пәк сезімін Серіктің қолына ұстата салғанына өкінді.

Бірақ, «Серік алдамайтын шығар» деген үміті ойының қазығына айнал­ған қалпы, Серіктің сүйемелдеуімен жайлап басып, оған ілесті..

Серік сатып кетті

Иә, «алғашқы махаббат партадан басталады» дегендей, Гүлжанның Серікке деген сүйіспеншілігі мектептен бастау алып, өзі жоғары оқу орнына түсіп, аралары қанша ұзап кеткенімен үзілмеген.

Гүлжан отбасының қаражат жағдайымен қаладан ұзап кете алмады да ,сондағы көп университеттердің біріне түсті. «Отбасының қаражат жағдайы» дегенде, әкесі ауылдағы жекеменшік компанияда бетон қарушы болып істейді. Компания жоспарлы түрде жұмыс істемеген соң, беретін жалақысы мардымсыз. Жұмыс істеуінен тоқтауы көп. Жұмысшыларының ығыры шығып, енді тарай бастағанда алданыш ете тұруға бір нәрсе береді де жалақыға үмітті етіп қояды.

Ал анасы күндіз ауруханада медбике болып істейді.Отбасы қаражаттан тапшылық көре берген соң, ауруханың бас дәрігерінің соңынан қалмай жалынып-жалпайып жүріп, еден жууды азар дегенде сұрап алған.

Сонымен кештете еден жуады. Екі жұмыс істейді дегені болмаса алар жалақысы онша көп емес. Екеуінің жалақысы күнделікті ішіп-жеулеріне бірде жетіп, бірде жете бермеген соң, Гүлжанның өзі той өтетін ресторандарда кешкілік даяшылықты атқарды. Бұл жұмыс та бірде болса, бірде болмайды. Сөйтіп, ілдалап оқуының ақысын өзі тапты.

Гүлжан мектепте жақсы оқып, озат оқушылардың бірі атанғанымен бірың­ғай тест тапсыруда бағы шаппады. Оның солай болғанын өзі де түсінген жоқ. Қажетті бал жинай алмаған соң, амалы таусылып, оқудың ақылы түріне түскен. Оған да шүкіршілік етіп, оқып жатқан болатын.

Серіктің әкесі қаладағы беделді бизнесменнің бірі. Құрылыс компания­сын басқарады. Облыс бойынша өтетін жыл сайынғы тендердің жеңімпазы. Қалай екенін кім білсін, әйтеуір, Серіктің әкесінің компаниясы қай уақытта болмасын, тендер ұтысынан олжасыз қалған емес. Сосын ақша миллиондап қалтасына құйылып жат­қаны.

Серіктің анасы да осал қызмет арқармайды. Бұрын дәрігер болатын. Ері құрылыс компаниясын ашысымен барлық жұмысын тастап, сол мекемеге ың-шыңсыз бас менеджр болып ауысып алды. Соған қарағанда менеджерлік қызмет адам денсаулығын қарап, сауапты іс атқаратын дәрігерліктен пайдалы болғаны ғой.

Серіктің басына қазір бақ-дәулет үйіріліп қонып тұр. Не ішемін, не киемін демейді. Яғни ішкені алдында, ішпегені артында. Мінгені су жаңа «ДЖИП». Өзі сияқты байшыкеш достардың балаларымен күніне ресторандатып, қыз-қырқын қуып жүргені. Егер жалықса Алматыдан мына тұрған Шымкентке демде жетіп келіп, Гүлжанмен кездеседі. Серік жанын қоярда қоймай бара жатқан соң, Гүлжан:

– Серік, бір нәрсе бітіп қала ма деп қорқамын, – деді төмен қарап күмілжіп.

– Ешнәрсе бітпейді. Біз айында-жылында бір кездесеміз. Соған да бірнәрсе бітіп қала ма?-деді Серік Гүлжанды аймалап, құшып сүйіп, еркектік танытып. Гүлжан амалсыз көнді. Қанша айтқанмен тірі пенде емес пе, кейде өзі де соны тілеп, жүрегі шымырлап ұйып жүре береді.

Кейінгі кезде Серік жиі келіп жүр. Астындағы арындаған су жаңа көлік демде жеткізіп салады. Сосын Гүлжанмен бір-екі күн болады да Алматысына қайтып кетеді.

Әр келген сайын Гүлжанмен некелі жұбайындай бірге жатып-тұрады. Содан болуы керек, Гүлжанның үнемі жүрегі айнып, лоқсып құсып мазасы болмаған соң, «көтеріп қойдым ба?» деп қауіптенгенімен, «Серік маған үйленеді» деген үмітпен уақытты созып, жүріп алды.

Ақыры ішіндегі шаранаға жан бітіп, бүйірін түрткілейтін болды. Гүлжан бір жағы өзінің сүйікті жігітінен бала көтергеніне қуанды. «Серік пен екеуміздің арамызды берік байланыс­тыратын баланың болғаны жақсы. Ертең Серік екеуміз оқуды бітірісімен үй болып, отбасын құрамыз. Онан әрмен қызметіміз, арамызда баламыз бар, бақытты өмір кешеміз» деп өзінің өрекпіген көңілін басып, бәрін жақсылыққа балап, жорып жүргенде Серік табан астында тосын мінез көрсетті.

Серіктің бір келгенінде Гүлжан бүйірін сипалап:

– Серік, жуырда екеуміздің перзентіміз болады. Мынаны қарашы, сенің балаң әкем келді деп қуанып, бүйірімді бүлкілдетіп жатыр, – деп Серіктің қолын тартып бүйіріне жақындатып еді, Серік қолын оқыс тартып алып:

– Не дейсің, екеуміздің баламыз дейсің бе? Сен осында, мен Алматыда, анда-санда кездескенге бала біте салды дегеніңе сенбеймін. Бұл жақтың жігіттері қол қусырып қарап жүрмеген болар, – деді.

– Серік, сен не деп сандырақтап отырсың? Төбемізде бір Алла көріп тұр ғой, екі қолымды жүрегіме қойып, шынымды айтайын, мен сенен басқа ешкіммен жақындасқаным жоқ, – деді Гүлжан моншақ-моншақ жасын төгіп.

– Мен сенің не істеп жатқаныңды теледидар арқылы көріп тұрыппын ба? Онана мұндай күдікті баланы алдырып тастап, алда-жүлда құтыл. Сонда ғана мен сенемін, – деді Серік беті бүлк етпей сазарып.

– Жоқ, алдырмаймын. Алдырудан уақтысы өтіп кеткен. Жалпы, не де болса туып аламын. Маған адам керек. Оның үстіне, әлі дүние есігін ашпаған шарананы жатырымда өлтір­генді Құдай кеше ме? Оның обал-сауабын кім көтереді? – деді Гүлжан ебіл-дебілі шығып еңіреп.

– Онда өзің біл. Мен әлдекімдерден пайда болған балаға әке бола алмаймын, – деп Серік орнынан атып тұрып киіне бастады да жылдам басып шығып бара жатқанда, Гүлжан:

– Серік, – деді дауыстап. Серік артына бұрылып қарамаған соң:

– Құдай бар болса, өрісіңді тарылтып, ұрпақсыз қал, – деп екі қолын көкке қарата жайып, Серіктің артынан қарғыс айтып, жылап қала берді.

Гүлжанды тойына шақырды

Гүлжан кезекті сабақтарынан кейін оқытушылардың бүгінгі оқыған лекция­лары бойынша материалдар жинау үшін университеттің кітапханасына соқты. Біраз отырып, қажетті деген кітаптардың бірсыпырасын парақтап көріп шығып, қолжазба дәптеріне біраз материалдарды жазып алды да кітапханадан кештете шыққан болатын. Қарны ашып, буыны дірілдеп өзін демде мазасыз сезінді. Оның үстіне, өсіп қалған іштегі шаранасы бүйірін түрткілеп, екінші жағынан мазасын алып келеді.

Серік келіп кеткеннен кейін оның жасаған сойқанынан Гүлжанның қатты қайғырып, қамыққанынан ба екен? Шарана біраз уақыт үнсіз қалған. Енді қайта бүйірін бүлкілдетіп, тірі екенін білдіргені болса керек? Гүлжан кілт тоқтап, бүйрін аялай сипап:

– Құлыным, сен аман-есен жарық дүние есігін ашсаң, мен сені аялап өсіремін, – деді оянған аналық сезімімен мейірлене. Бөлмесіне кіргені сол, алдынан курстасы Әсия шығып:

– Гүлжан, Серік дегеннің үйлену тойына шақырған хаты, – деп қолындағы конвертті ұсынды. Әсияның «Серік» дегенінен Гүлжанның жүрегі дір етіп, көз алды мұнартып, қарауытып кеткенімен, өзін-өзі сабырға шақырып, бойын әзер тік ұстап қалды. Үнсіз Әсия ұсынған конвертті қолына алып, ашып еді, Серіктің әдемі бір қызбен суретке түскен, тойға шақыру хаты болып шықты.

Суретте Серік түк болмағандай күлімдеп, сол иығын болашақ жарына сәл қисайтып, бір қырындау отыр. Гүлжан одан әрі Серіктің суретіне қарауға шыдамы жетпей, бар денесін ашу қысқаны сонша, қалшылдап-дірілдеп, суретті пәрше-пәрше етіп жыртып, табанының астына тастап, ал кеп өршелене тепкілеп таптасын. Өзі бөлмені басына көтеріп өкіріп жылап:

– Сұр жылан, сенің жазаңды Құдай берсін. Дүниеге әлі келе қоймаған мына шарананың обалы ұрсын, – деді екі бүйірін таянып.

Алғашқыда не болғанын түсіне алмаған Әсияның дегбірі бірден қашып кетті. Бар тапқаны Гүлжанды құшақтап, көз жасы жуған жүзін аймалап:

– Гүлжан, саған не болды? Серік деген кім, жігітің бе еді? – дей берді сасқалақтап.

– Иә-ә… Оның арамза екенін қайдан білейін, алдауына түсіп қалдым ғой, мен байғұс.

– Егер жігітің болса олай етпеуі тиіс. Әшейін біреулердің күлу үшін ұйымдастырып жүрген сайқымазағы болуы керек.

– Сондай сайқымазақ бола ма? Анау суреттегі Серіктің дәл өзі.

— Көзбен көріп, қолмен ұстамаған соң кейде бекер болады. Онан да сен алдымен сабырға кел де, мына тұрған Алматы ғой, барып анық-қанығын өз көзіңмен көріп қайтқаның дұрыс, – деді Әсия Гүлжанның шашын сипап отырып, ақылға шақырып.

Қос құрбы сол түні таң атқанша көздерін ілген жоқ. Көз ілетіндей қайдағы ұйқы? Гүлжан қайта-қайта жылаумен, Әсия оны жұбатумен әлек болды.

– Гүлжан, бәрін қойып, сен анау ішіңдегі шарананы ойла. Сенің осы күйіп-пісіп, психологиялық азапқа түскенің оған әсер етпейді дейсің бе? Бала іште жақсы жетіліп туылуы үшін анасының күйі жақсы, әр кезде сабырлы болуы керек. Ертең бәрін қой да Алматыға жолға шық. Бәрін бара көресің. Бірақ, ашуға беріліп, психологиялық күйзеліске түсіп қалып жүр ме? Оның арты жаман болады,-деді Әсия.

– Егер шынымен Серік басқа қызға үйленіп, той жасап жатса мен өзімді ұстай алар ма екенмін? – деді Гүлжан.

– Егер шын болса, әрине, саған қатты соққы болып тиері рас. Бірақ, сен өзіңді ұстап, сабырлы болуға тиіссің.

– Қайдам… Сүйген жігітің опасыздық жасап, сенің оған деген махаббатыңды тәрік етсе әрі өзіңді екі қабат етіп, опасыздық жасаса өзің қалай болар едің? Қазір менің орныма өзіңді қойып көрше? – деді де Гүлжан:

– Әсияжан, менің жынданған халімде айтқан мына сөзімді көңіліңе ала көрмеші? Тфэ-тфэ, тілім тасқа, Құдай басыңа бере көрмесін, – деп жан-жағына үш түкіріп, Әсияны құшақтап бетінен сүйіп, үнсіз көз жасына құмығып біраз тұрды.

– Шынында, басыңдағы мына халыңды Құдай еш қыздың басына бермесін. Сенің күйінгендіктен айтқан сөзіңді жанашыр құрбың ретінде неге көңіліме ауыр алайын? Алматыға барғаныңда тек менің айтқандарымды есіңнен шығарма. Айтпақшы, барғанда түсетін таныс-білісің бар ма? – деді Әсия.

– Ондай жақыным жоқ. Қонақ үйге орналасамын да, – деді Гүлжан.

– Қонақ үй емес, менің ауылда бірге өскен, қазір КазМУ-дың соңғы курсында оқитын құрбы қызым бар. Соған телефон шалып, баратыныңды әрі Серіктің тойына сенімен бірге баруды тапсырайын. Нәзипа үнемі қасыңда болып, ақылыңа ақыл қосатын болады, – деді Әсия.

– Бір түрлі ыңғайсыз сияқты.

– Ешқандай ыңғайсыздығы жоқ. Нәзипа менің нағыз сырлас әрі жанашыр құрбым. Сенің жағдайыңды түсіне білетін сезімтал қыз, – деп Әсия Нәзипаның телефон номерін терді.

– Нәзипа, менің курстас, бір бөлмеде бірге жатып оқитын құрбым Гүлжан бір мәселемен Алматыға бармақшы… «Не мәселемен?» дейсің бе? Мектеп қабырғасынан бастап жүріп, бір-біріне ғашық болған Серік деген жігіті бас­қа қызға үйленіпті. Ең масқарасы, Гүлжанды басынғаны ма әлде мазақ еткені ме, үйленетін қызымен түскен суретін салып, Гүлжанды тойына шақыруы болып тұр. Соған Гүлжан Алматыға барып, өз көзімен көріп, анық-қанығын біліп қайтпақшы. Айналайын, Нәзипа, қалайда Гүлжанды Серіктің тойына алып бар. Ақылшысы бол, сөйтіп, қол ұшыңды соз. Гүлжан өзім дегенде өзегін суырып беруге бар, ақкөңіл, адал қыз. Алдағы кезде ол саған мен сияқты ең жақын сырлас та сыйлас құрбың болып кететіне мен бек сенімдімін. Нәзипа, телефонымды Гүлжанның өзіне берейін өзімен тілдес, – деп Әсия телефонын Гүлжанға ұсынды.

– Әлло, Нәзипа, саламат па, – деді Гүлжан. Нәзипа ашық-жарқын қыз екен. Сартылдап жауап беріп, демде Гүлжанның ішек-бауырына кіріп кетті.

– Жаңа маған Әсия бәрін түсіндіріп айтты. Гүлжан, Алматыға мені жатсынбай келе бер. Автовокзалдан өзім күтіп алып, үйге апарамын. Ертең Серіктің тойына барғанша сырласамыз. Мені өзіңнің бір бауырыңдай көр. Үлкен отбасында туылып өстім. Басқа ағайын-туыс жетерлік. Сондықтан мен өзім ешкімді жатырқап-жатсынбаймын. Кімді болса да бауырыма тартып, әркезде туысыма балаймын, – деді Нәзипа ашық-жарқын көңілін білдіріп.

Гүлжан ауруханада есін жиды

Таңертең Гүлжан автобусқа отырып, Алматыға жол тартты. Ауыр ой мен ұзақ жол астасып, қатты шаршатып жіберді. Автобус жүрмей бір орнында тұрған сияқты көрінгенімен кештетіп Алматыға жетті. Нәзипа Гүлжанды аялдама алдында біраздан бері тапжылмай күтіп тұр екен. Телефон арқылы айтылған сырт белгілері бойынша анадайдан бір-бірін танып, жүгіре басып жетіп, құшақтарын айқастырып, беттерін сүйісті.

– Қалай жеттің, жол қажытқан жоқ па? – деді Нәзипа Гүлжанның жүзіне назар салып.

– Жоқ-ә, шаршайтындай жаста емеспіз ғой, – деп Гүлжан еріксіз жымиды. Бірақ, оның жымиысы Нәзипаға жасанды сияқты көрінгенімен ол сыр білдірмей:

– Қазір үйге жетіп, ыстық шәй ішіп, көңілді жайландырып аламыз, – деді анадай жерге тоқтаған таксиге қолын былғап жатып. Таксиге отырған соң, Гүлжан Нәзипаға:

– Пәтер өзіңдікі болар? – деп сұрады.

– Жоқ, өзімдікі емес, бір бөлмелік, жалдап тұрамын.

– Сонда бір өзің тұрасың ба, қымбат емес пе? – деп Гүлжан таңданып сұрады.

– Қымбат, бір өзің тұрғанға не жетсін? Қасыма бір қызды алайын десем, сабақ даярлауда бір-бірімізге кедергі болармыз деп алмай отырмын. Оның үстіне, пәтердің құнын теңдей бөліп төлеуді кейбіреулер қымбатсынады да үнемі маған сілтей берген соң, жалғыз тұрғанды өз басым қолайлы көрдім.

Ерте немесе кеш жатамын демейсің, өзің қалаған тамағыңды өзің даярлап ішесің. Ерінсем кейде жата саламын. Екеу болсаң, «сен пісір де мен пісір» деп бір-біріңе сілтей салу деген жоқ.. Кейде осындай себептерден реніш туындайды. Ондайды өзім қаламаймын, – деді Нәзипа күліп.

– Ал, біз Әсия екеуміз өте тату тұрамыз. Арамызда реніш болған емес. Кейде біріміздің уақтымыз болмаса екіншіміз бұған кешіріммен қараймыз. Ас-ауқатқа ақшаны да үнемді жұмсаймыз, – деді Гүлжан.

Қыздар Нәзипа пәтеріне жетіп, жуынып шайынып жайғасқан соң, ыстық шәй ішті. «Гүлжан шаршағанын басқан болуы керек» деп Нәзипа оған:

– Гүлжан, сен менің құрметті қонағымсың. Алматылықтар аса құрметті қонақтарын үйде шай-су беріп, жатқыза салмайды. Кафелердің біріне апарып күту әдеттері бар. Мен де сені солай күткелі отырмын,-деді Гүлжанға жымыйып қарап.

– Ойбай Нәзипа, бұл не дегенің? Ыстық шай беріп, жайлы төсек-орын сыйлағаныңа рахмет. Осының өзі маған көрсетілген үлкен мәртөбелі емес пе? – деді Гүлжан Нәзипаның айтқанына азар да безер болып қарсылық білдіріп.

– Құрбым, сыпайылық танытпа. Кафеде бір уақ отырып, бір-бірімізді тереңірек білісіп-танысамыз. Әрі билеп, көңіл көтеріп, көңілдегі бөгде ойдан бір уақ арыламыз. Мұның өзі көңілге керемет сый емес пе? – деді Нәзипа қиылып.

Гүлжан Нәзипаның мына сөз төркініне қарап, Әсия оған Серік екеуінің арасындағы махаббат кикілжіңі туралы біраз айтып, «Гүлжанның көңіл-күйіне қара» деп тапсырғанын іштей ұқты.

– Мен қазір такси шақырайын, – деп Нәзипа телефонын алып, нөмірін тере бастады.

Қыздар жұрт көзіне онша түсе бер­мейтін тасалау жердегі шағын кафеде біраз уақыт отырып, көңілдерін көтеріп, жақынырақ білісіп-танысты. Қалаған тамақтарын ішті-жеді. Нәзипа қиылып болмаған соң, Гүлжан аздап коньяктан ішіп көрді. Аракідік биледі.

Гүлжанның көңілі әжептеуір көтері­ліп, көңілденейін деді. Нәзипа болса Серік туралы әңгіме қозғап, оның көңіліне кірбің түсіргісі келмей, өбектеп, Гүлжанның өмірінің өткенін есіне түсіргісі келмей, бәрін ұмыттыруға тырысып бақты.

– Гүлжан, қандай жақсы болды. Сенімен өткен мына кеш мен үшін тамаша, сірәда есімнен кете қоймас. Шынымды айтайын, көптен бері кафе немесе ресторанда болған емеспін. Жалғыз өзің шошаңдап қайда бара бермексің?

– Сонда ойыңдағы түйткілді бөліп, сырласатын құрбыларың жоқ па? – деді Гүлжан.

– Неге жоқ болсын, бар ғой, өзіңмен бірге бір бөлмеде жататын Әсиядан артатын құрбы менде жоқ. Оның адамгершілігі мол тамаша қыз екенін байқаған боларсың?

– Әрине, Әсия сырға берік, қазақылығы бір басына жетерлік, қандай жігітке жар болатынын Құдай білсін? Әсия ақылды қыз ғой, жігіт таңдауда жаңылыс баспайтынына мен сенімдімін, – деді Гүлжан.

– Лайым солай болсын, «бақытты болу әркімнің өз қолында» депті ғой бір ғұлама. Бірақ, адамның дегені бола береді дейсің бе? – деді Нәзипа. Артынан: «Қап мына сөзді неге айттым, Гүлжан көңіліне ауыр алып қалатын болды-ау» деп Гүлжанның жүзіне көзінің бір қиығымен назар салып еді, шынында Гүлжан жүзі ала бұртып кеткенін аңғарды да:

– Гүлжан, қызбаланып сөйлеймін деп сенің көңіліңе қарауды аңғармай қалғанымды кешір,-деді Нәзипа Гүлжанның жон арқасын алақанымен сипалап.

– Нәзипа, мен неге сенің бұл сөзіңді көңіліме ауыр аламын? Өмірде жаңылысып, ойнақтап жүріп от басып, тағдырлары талайлы болып жатқандар жалғыз мен бе? Заманның­ кері солай ма, екінің бірі арамзалардың алдауына түсіп, шарасыз күйде жүрген жоқ па?

– Оның рас, адамдар психологиясы­ның құлдырап өзгеруіне, менімше, за­ман кінәлі емес. Заман өзгеріссіз баяғы қалпында орнында тұр. Керісінше адамдар психологиясы кері кетіп жатқан сияқты.

Апыр-ау, Гүлжан, мұның бәрін несіне термешілеп кеттік? Өзіміздің басымыз аман, деніміз сау ма? Бір Алладан соны тілейік. Түнның бір уағы болып қалған сияқты. Онанда жатып, дем алайық, – деп Нәзипа орнынан көтеріліп, төсек салуға кірісті.

Ертеңіне қыздар Серіктің үйлену тойы өтетін жаңадан салынып бой көтерген, қаладағы ерек архитектурасы жарасқан «Алматы Палас» мәдениет орталығына орналасқан үлкен зәулім тойхананың алдына келіп түсті.

Тойхана баспалдағымен жоғары көтерілген сайын Гүлжанның жүрегі алабұртып, бір суып, бір ысыды. Бойын ыза буып, қаны басына шапшыды. Ентіге дем алып, кейде буыны босап, әл-дірмәні құрыды. Басы айналып, теңселіп бара жатыр еді, шамасы Нәзипа оның бұл күйін байқап қалса керек, Гүлжанның қолты­ғынан демеп:

– Гүлжан, өзіңді бекем ұста. Қазақта: «Тоныңды битке өкпелеп, отқа жақпа» деген сөз бар. Сол сияқты Серік сияқты бір мәнжубасқа бола бар өміріңді тәрік етпе? Қайта қайраттанып, оған моралдық жағынан мықты екеніңді көрсете біл, – деді. Гүлжан мақұлдап басын изегенімен той өтетін залдың кіреберіс алдына Серік пен оның қалыңдығының үлкен етіліп салынып ілінген суреттерін көріп, Гүлжанның тұла бойы қалшылдап кетті.

– Не болды саған, Гүлжан? – деді Нәзипа үрейлі үнмен.

– Оңбаған зымиян малғұн, – деді Гүлжан тістене, Серік пен қалыңдығының суреттеріне оқты көзін қадап. Барынша бақырып ойнап тұрған құйтұрқы әуен қыздардың бұл сөздерін маңайларынан ары-бері сапырылысып өтіп жатқандарға есіттірген жоқ.

– Айналайын, Гүлжан, сабырлы болшы, өзіңді өзің сабырға шақыруға ерік-жігерің жетпесе, тойға кірмей кері қайтайық, – деді Нәзипа Гүлжанның құлағына сыбырлап.

– Жоқ, мен Серік антұрғанның қалай үйленгенін өз көзіммен көруім керек, – деп Гүлжан бар күшін бойына жинап, алға адымдады.

Қыздар екі бос орынға жайғасып, Серік пен қалыңдықтың өз орындарына отыруларын күтті. Содан кейін олар қайтып кетуге уәделескен. Тойға келушілер көп. Көбісі Серіктің әкесінің жора-жолдас шенді-шекпенділері. Кеуделерін паң ұстап, қатындарымен кердең-кердең басып, орындарына орналасып жатыр.

Манадан бері лирикалық әуендер бірінен соң бірі ойнап, зал іші тынышталыңқырап түр еді. Бір мезетте жарық сөніп, атой салған музыка зал ішін басына көтере жөнеліп еді, сол сәтте жарық жалт етіп қайта жанып, баспалдақпен төмен түсіп келе жатқан Серік пен қалыңдық көрінгені сол, Гүлжанның қайта мазасы кетті. Тұла бойын ызаның жалыны шарпып, демде өзін алаулап бара жатқандай сезінді.

Нәзипа Гүлжанның жүзіне бір қарап алды да бір сойқанның боларын сезіп, Гүлжанның алақаны үстіне қолын қойып:

– Гүлжан, қайтсақ қайтеді? – деді сабырсызданып.

– Жоқ Нәзипа, қайтсаң өзің қайта бер, мен қайтпаймын, – деді Гүлжан тістеніп. Нәзипа одан әрі ештеңе деген жоқ. Шарасыз күй кешіп, мазасызданумен болды.

Серік тіптен алаңсыз, өзін бақытты сезінетіндей, жан-жағына ыржиып күліп, қалыңдығын қолтықтаған қалпы төрдегі орындарына барып отыра бергенде, Гүлжан бокалына коньяктан толтыра құйып алып, орнынан көтерілді де қолынан Нәзипаның ұстай алғанына қарамастан жүгіре басып, Серіктер алдына барып, оның бетіне бокал толы коньякты шашып жіберіп:

– Қарабет малғұн, қай бетіңмен үйленіп отырсың? Мені қойшы, мына менің ішімдегі балаңның обал-сауабы саған бақытты өмір сүргізеді дедің бе? – деді айқайлап. Сосын кілт бұрылып, Серіктің қалыңдығыңның той көйлегі етегінен ұстай алып, дар еткізіп жыртып, жұлып алып тастады да:

– Серікпен бақытсыз болуыңның бастауы осы болады. Бәрі-бір мен сияқты онымен бақытсыз боласың! – деді. Арғы жағы есінде жоқ. Шалқасынан құлап, екі аяғын сереңдетіп серпіп жатты.

Тойға жиналғандар демде үрпиісіп, үйме-жүйме болып топырлап тұрып қалды. Кейбір есін жинағандар бір-біріне қарап:

– Не болып кетті? Түсінсем бұйырмасын, – деді абдырап.

– Анау жатқан шамасы, Серіктің бұрынғы жүрген қызы болуы керек.

– Масқара-а! Ол екіқабат сияқты ғой, – деп кейбір әйелдер беттерін шымшып жатты.

– Неге қарап тұрсыздар, мына қыз өліп кететін болды, дереу жедел жәрдемді шақыру керек, – деп Нәзипа телефонын алып, номерін тере бастады.

– Осыншама құрметті кісілер жиналған мәртөбелі тойдың шырқын бұзған салдақы неге өліп кетпейді?

– Қалай дегенмен ол да адам баласы ғой…

– Серіктікі дұрыс емес. Ішіне бала бітіріп, тастап басқа біреуге үйленуі кімді болса да ашындырады.

– Бейшара қыз амалсыздан «тойдың шырқын бұзсам, Серіктен есемді қайтарып, ашуымды алғаным» деп ойлаған болар.

– Осы қылығымен өмірде оңай бітеле салмайтын оқпанның орнын толтырамын деп ойлады ма екен?

Көпшілік осылайша көкейлеріне келген ара-дара ой айтып, кейбіреулері орындарына отырып жатса, енді біреулері: «Енді тойдың қызығы бола қоймас» деп тарасып жатты.

Сол мезетте жедел жәрдем жетіп, талқысып, есін жия алмай жатқан Гүлжанның арғы-бергі жағын ұстап, тыңдап «ауруханаға алып бармаса болмайды» деп көптің көтермелеуімен көлікке салды. Нәзипа болса олармен бірге кетті.

Гүлжан ауруханада ес-түссіз, өзіне келе алмай екі күн жатты. Алғашқы кезде дәрігерлер Гүлжанның жүрегі тоқтап қалар деп қауіптенген. Бірақ оның жүрегі соғуын тоқтатпай, тірі жатқаныннан хабар етіп тұрды. Сосын дәрігер сипап жүріп, ішіндегі шарананың өліп қалғанын анықтап, Гүлжанға дереу ота жасап, баланың өлігі алынып тасталмаса, ананы ажалдан алып қалу мүмкін емес деп шешіп дереу операция столына жатқызылып, ота жасалды.

Сөйтіп, Гүлжанның есі кірмей тұрғанда оның шаранасы алынып тасталғаннан кейін оның беті бері қарай бастаған. Отадан кейінгі екінші күні ол есін жинап, қайда жатқанын сұрады.

– Қайда жатушы едіңіз, әрине ауруханада жатырсыз, – деді басында отырған дәрігер.

– Рахмет, – деді Гүлжан ернін жыбыр еткізіп.

– Ота кезінде жоғалған қаныңыздың орнын толтыру үшін көп тамақ ішіп, енді денсаулығыңыздың түзеліп кетуіне қам жасаңыз, – деді дәрігер.

– Маған жасалған ол неғылған ота? – деп Гүлжана таңданып сұрады.

– Іштегі балаңыз өліп қалған екен, соны алып тастадық.

– Ойбай құдайым-ай, мынау сандырақтап нені айтып тұр? – деп Гүлжан кеудесін тез көтеріп, дәрігердің жағасынан шап беріп ұстай алды да:

– Неге ота жасайсыңдар? Ішімдегі шарана тірі болатын. Серік тағы менің тағдырыма қолын салғаны ма? Гиппократ антына адалмыз дейсіңдер де ақшаға сатылғансыңдар. Серік сендерді сатып алып, менің ессіз-түссіз жатқанымды пайдаланып ота жасап, тірі баламды өлтіріп, әдейі алып тастағансыңдар, – деп палатаны басын көтеріп айқайлап, өкіріп жыласын кеп. Әлден уақта қайта талқысып, есін жоғалтты…

Психиатриялық ауруханадан бір-ақ шықты

Гүлжан анда-санда есін жиғанымен ақылы мен ойы қалпына келе алмай сандырақтаумен уақтысын өткізіп жатты.

– Серік, менің өзіңе деген адал махаббатымды аяққа таптағаныңды былай қойғанда, ана шарананың қаны мен көз жасы сені жібере қояды дейсің бе? Күндердің күнінде алқымыңнан алып, көрге тығатын болады, – деп сандырақтап жатты. Кейде :

– Алғашқы махаббат мектептен басталады, – деп әндетеді де:

– Жігітті бірінші болып сүюі – қыздың соры. Серік емес, ерінінен мен бұрын сүйіп едім, сорым болды, – деп ебіл-дебілі шығып жылайды да артынша:

– Ха-ха, Серік пен қалыңдығын оңдырмадым, ә? Бетіне бокал тола коньякты шашып, қалыңдығының неке көйлегін дар еткізіп жырт­тым да жұрт алдында тырдай жалаң­аш қалдырдым. Ұят-ай, тіптен масқара болды. Оларға сол керек. Енді неке жүзігін тағып үлгерді ме екен? Жоқ, масқара болғандары айғақталған соң, ажырасып кетті ме? Оларға, әсіресе Серікке сол керек. Қызық болды,ә? Хе-хе..-деп қолын бұлғап, ары-бері жүгіріп мәз болады, кенеттен тоқтай қалып, бүйірін сипап:

– Құлыным менің, неге бүлкілдетіп бүйірімді теппейсің, а болашақ жарығым? – дейді. Аз уақыт өтпей жатып, селк етіп:

– Сен өліп қалған жоқсың ба? Дәрігерлер менен сені өлідей алып тастағаны қашан? Ой, балапаным, жарық дүниені көрмей кеткен періштем, – дейді ойбайлап дауыс салып өкіріп жылап.

Гүлжан ботадай боздағанда шалықтап жыласа да көңіл қойып тыңдаған адамның сай сүйегін сырқыратады. Талтайып тұрып, екі бүйірін таянып, шаранасын жоқтайды да құдайға жалбарынып, күнәлары бастарынан асып, қалыңдап бара жатқан адамзат ұрпағына мына дүние емес, ол дүниеде тұрғандай қарғап-сілейді. Тап осы араға келгенде даусы зәрлі де тым ащщы.

– Жатпланеталықтар келіп, жер-жаһанды жаулап алса, жаңа өзгеріс туар ма екен? – дейді.

Гүлжанның жындылықпен айтқандарын тыңдағандардың кейбірі:

– Шын-ау өзі, көп адамдардың ниеті қалыс болып барады. Әнебір көкала қағаз доллар елді жайлап алғалы бері адамдардың көбісін есалаң күйге ұшыратты. Қазір нәрсенің бағасы сол көккағазбен есептеледі де басқа-басқа адамыңның құны көк тиын болып қалды. Болмашы ақшаға адам қанын төгу ойыншыққа айналды-десе, ал біреулер Гүлжан жаққа қарай түкіріп:

– Мына қатынның жағына жылан жұмырытқаласын. Нақұрыс болса да тілеуінің жаманын қарашы? Аузындағы лебізін жел ұшырып, көкке алып кетсін, тфә-тфә, – деп құлақтарын басып, тұра қашады.

– Саудың айтқаны келе ме, аурудың айтқаны келе ме? Сандырақтау­шылар тым көбейіп кетті. «Ертеңгі күніңді болжап беремін» деп етегіңе оратушылар тым көп. Сандырағына болайын, кеше біреуі әппақ сақалыма қарамай, «соңыңыздан бір сұлу келіншек сөз салып еріп жүр. Ал, сіз болсаңыз қарамайсыз, неге? – дейді антұрған ұялмай-қызармай менің жүзіме тесіле қарап. «Әй, не деп тұрсың сен? Жасым жетпістен асқанда маған сөз салатын қандай кеңкелес келіншек? Ең болмаса менің сақалымды сыйласаң нетті?» деп жер-жебіріне жетерліктей етіп сөктім. Антұрған, беті бүлк етпей айтқанынан қайтатын емес,-деп бір қарт кеңкілдеп күлді.-Ал, мына келіншектің арқасы бар. Арғы тегінде әруақты кісілер көп болған сияқты. Шамасы солардың бірінің әруағын ұстамаған соң, мына бейбақты қысып, ақыл-есінен ажыратқан болуы керек, – деді қарт Гүлжанға аяушылық сезімін білдіріп.

Әйтеуір, Гүлжанның ауруы туралы көпшілік екі ұдай пікір айтады. Біреулері мүсіркесе, енді біреулері оның көрсеткен қылығына мәз болып, тордың арғы жағында өзімен өзі болып, кейде қарқылдап күліп,кейде ағыл-тегіл жылағанына түсінбей қызық көріп тамашалайтындар көп.

– Ей, маған тесіле қарап неғып тұрсыңдар? Менің аты қойылмай бүйрегімнің тұсында жатып, ол дүниелік болған балам тірі болғанда сендердің көкелеріңді көрсетер еді. О-о, ол атжалман жүрек жұтқан болатынына мен бек сенімді едім. Қайтейін, құдай жүрім бермеген соң, амалым не? – деп Гүлжан бетін басып еңреді.

– Аһ, көріңде өкіргір, Серік, құдай жазаңды берсін. Өміріңде бір перзентке зар болып өт, – деп Серік деген біреуге кіжініп, жұдырығын түйді.

– Ойпыр-ай, ә, мына бейбақтың баласын Серік деген қанымпезер мәуірде өлтірген болды ғой, сірә соның көрсеткен қысастығынан мына бейбақ ақыл-есінен айырылып, жынданған екен,-деп әлгі қарт қынжыла басын шайқап, жағасын ұстады.

Гүлжанның психатириялық ауруханадағы жағдайы осылайша бір қалыпты өтіп жатты. Бірде рахаттана қарқылдап күлсе, бірде басын тауға да, тасқада ұрып ойбайлап бақырып, ебіл-дебілі шығып жылаумен таңын атырып, күнін батырса, бірде үнсіз бүк түсіп, тас-топырақ демей қара жерді жастанып мелшиіп жатқаны.

Серіктің қалыңдығы кетіп қалды

Көкірегін әбден шел басқан Серік Гүлжанды үйлену тойына шақырып, мұқатып, сайқымазақ етіп, келемежге айналдырмақшы болған ақымақ ойының арты сойқанға айналғанын бір-ақ білді. Гүлжан тойға келеді деп тіпті ойламаған. Ал, Гүлжан болса тойына келіп, сұмдық сойқанға толы драмалық спектаклді өз қолымен құрып берді.

Тойдың құрметті қонақтары өз орындарына отырып, Серік пен қалыңдығы өз қазақы ақ отау бейнесі өрнектелген арнаулы жайларына жайғаса бергендерінде Гүлжан оқиғасы тартысты, шым-шытырыққа толы спек­такльді бастады да жіберді. Серік бетіне бокал толы коньяк шашылып, есін жия алмай жатқанында қалыңдығының көйлегі жұрт алдында жыртылып, сыпырылған қалпында Гүлжанның қолында кетті.

Жаттап алған мақамдарын айтып, жағы сенбей тұрған асабаның даусы құмығып барып, бірден өшкен. Бір шетелдің ойнап тұрған, құлақ тұндырар қаңғүр-күңгір музыкасы да сап тиылған. Сосын асаба дүрліккен той қонақтарын сабырға шақырып еді, оны тыңдаған біреу болмады. Тіпті кейбір ұятсыз қатындар той дастарханына қойылған ас мәзірлерін қою-сұйығына қарамастан пакеттеріне қота­рып жатты.

Манадан бері мына сұмдықты өз көздерімен көрген құдалар жағының әйел заттары өре түрегеліп, жала­ң­аш қалған қыздарының тәндерін жабуға ұмтылса, бар бәле Серікте екенін сезген еркектер жағы:

– Бұл не масқара, күйеубаламыз бұрын үйленіп, екіқабат жарын тастап, біздің қызымызды азғырып, тұзағына түсірген болды ғой. Мұндай басынғандыққа көнер біз жоқ. Біз де дардай аты мен атағы бар елміз. Қызды киіндіріп болсаңдар әйда кеттік, бүйткен тойларына болайық, – деп топырлап, бірінен соң бірі тойханадан жылыстап сыртқа шыға берді.

Серіктің әкесі Қалдыбай мырза болса басын тұқырытқан қалпы төмен салып:

– Әй, жүгермек балам-ай, ақыры ойнақтап жүріп от бастың ба? Қанымның бір түйіршігі, жалғыз перзентім едің, бетің қағылмай өскен ең, қап, әттең-ай, бетіңді қағуым керек еді, – деп қынжыла басын шайқап, орнында өңкиіп отырып қалды.

Серік бетіне Гүлжан шашқан конь­якты сүртумен әлек болып жатып ызадан жарылардай болып:

– Ит қаншық, қайдан келіп қалып едің? – деп құлап жатқан Гүлжанға қарай кіжініп. Сосын мазақ ету үшін арнайы шақырғаны есіне түсіп:

– Үнемі басыма бәле тілеп жүретін өзіме сол керек, – деді жуасып.

Жұрт демде тарап кетіп, үсті сұғанақ әйелдердің талауына түскен үстелдер арасында Қалдыбай мырза әйелі мен тағы басқа жақын ағайын-туыстарының бастары әр жерде шоша­йып қылтиып көрінеді. Бәрінің түстері абдырап, өткен іске өкінгендей сыңай танытып тұрғанын жүздерінен айқын аңғаруға болатын.

Әлден уақта Қалдыбай мырза есін жинап, қалғандарды қасына шақырып:

– Бәрі бала ісінің шалалығы мен көр мақаулығынан болды деп ойлаймын. Анаған үйленемін, мынаған үйленемін деп жүріп, бізге көрсеткен құқайы осы болса қайтеміз?-Сосын Қалдыбай мырза жолдас жігітімен не істерін білмей тұрған баласын қасына шақырып:

– Әй, жетпей желкең үзілгір жүгермек, бері кел, – деді Серікке қаһарлана қарап. Ол қасына жақындап кеп тұрған соң, оның кеудесінен нұқып:

– Сен, тумай туа шөккір, қанша айтқанмен елге Қалдыбай деген атым шыққан азаматтың бірі едім. Бүгін сен бар абыройымды айрандай төгіп, жұрт бетіне қарағысыздай етіп, жерге қараттың ғой, пәтшағар, – деп екі иығы солқылдап, кеңк-кеңк етіп жылап жіберді.

– Оу Қалдыеке, ақылы бір басына жетерлік, тегеуіріні мықты азаматтың бірі едің, беліңді босатып, көз жасыңа ерік бергенің не? – деді жолдас-жорасының бірі.

– Балаң болған соң күйесің.

– Саған арқа сүйеп, дандайсығаны ғой.

– Несіне дандайсыйды? Болар бала қайта әкесінің жанына жалау болуы тиіс ғой.

– Жә, – деп Қалдыбай қолын көтеріп, маңайындағылардың дабырын басты да көз жасын асықпай сүртіп болған соң:

– Енді болар іс болды. Қанша өкінгенмен қайтып орнына келмесі анық. Онан да осы қалғанымыз үйге барып, мына жетпегір жүгермектің жағдайын оңалту үшін алдағы кезде не істейтініміз туралы кеңінен отырып ақылдассақ деймін, – деді маңайындағылардың жүздеріне барлай қарап.

– Ол да дұрыс. Өкінгенмен бұзылған іс қайтып түзеліп орнына келмейтіні рас. Қанша кешірім өтініп, сұранғанымызбен құдалар енді қызын кері қайтарып бермесі анық.

– Қалдыекең дұрыс айтады. Бұл мәселеге «болары болды, бояуы сіңді» деп нүкте қою ертерек. Әлі де жан-жақты терең ойласып, бір жақты етіп, шешіп алған дұрыс.

Тұрған көпшілік Қалдыбай мырзаның етжақын туыстары мен сыйлас қадірмен дос-жарандары осы пікірге тоқтап, Қалдыбайдың үйіне келді.

Қалдыбайдың көңілін қимай соңына ергендер алқа қотан отырып болған соң оларға арналып үлкен дастархан жайылды. Бірақ, ешкім самсаған түрлі дәмдерден емін-еркін алмай отырғанын аңғарған Қалдыбай мырза:

– Оу, дәм алыстарың мазасыз ғой, онанда «жамансыз жақсы болмайды, жынсыз бақсы болмайды» дегендей бүгінгі тойымыз быт-шыт болып, жамандықпен аяқталғанымен, ертеңгі күніміз баянды да нұрлы бол­сын деп алдарыңда тұрған ішкі­ліктен алып отырайық, – деп өзі бокалын қолына алып жоғары көтерді.

– Қалдыекең дұрыс айтады.

– Болашақтан үміт үзгенше, оның баянды болатынына сенім артайық, – деп отырғандар орындарынан жапырлай көтеріліп, бокалдарын Қалдыбай мырзаның бокалымен соғыстырып, ішіп тастады. Сосын Қалдыбай мырзаның жүзі реңденіп;

– «Жалғыздық құдайға жарасқан» дейді, Енді мына ішуімізді жұп етіп, әңгімені сонан кейін жалғастырайық, – деп бокалын қолына алды.

Қалдыбай мырзаны қоштағандар одан кейін жапырлай ішіп, ауыздарын сүртіп болған соң, Қалдыбай мырза тамағын кенеп бір жөткірініп алып:

– Қадірменді туыстар мен аға­йын, жора-жолдастарым, мен ары-бері ойланып, мынандай ойға келіп отырмын. Екі сөзге келмей, қыздарын ор­та­мыздан суырып алып, арттарына қарамай кеткен құдалар енді келісімге келмейтіні белгілі болып отыр. Соған қарағанда олардың алдарына барып, бастарымызды иіп, тәумендеуі­міздің жөні жоқ сияқты.

– Дұрыс айтасыз, қанша айтқанмен­ кез келген кісі атынан түсіп атын берерліктей елге сыйлы, бір басыңыз­ға беделіңіз жетерлік. Сосын тө­меншік­теудің қажеті жоқ, – деді Қалды­байдың әріптес досы, қоқыс өңдейтін зауыттың директоры Сандыбай мырза. – Онан да ойыңды ортаға сал. Құдайға шүкір, жетпегеніңді жеткізетін біз бармыз, – деді.

– Айтсам, барлық кінә баламда. Егер балам абыройын төгіп, екіқабат ет­песе, ана қыз тойды тас-талқан етіп, шырқын бұзбас еді. Жаны күй­зеліп, қатты ашуланған соң, долданып­ осындай іске барған болуы мүмкін. Әйтпесе кімнің кімнен ала алмай жүрген өші бар дейсің?

– Беті құрысын, нағыз көкбет долының өзі сияқты ғой.

– Ей, өз арыңды біреу жөнсіз тап­тап кетсе сен жақсы көресің бе?! – деді Қалдыбай әлгі сөзді айтқан жапалақ сарыға ежірейе қарап.

– Сөзді созбалай берудің қажеті не? Онан да мәселенің түйінін ақылдасып-кеңесіп отырып шешіп алайық, – деді Сандыбай. Сосын Қалдыбай мырза жаққа қарап:

– Қалдыеке, көкейіңде не бар соны айтып ортаға сал, – деді.

– Айтатын болсам, жаңа ана қыз бүйрін көрсетіп, менің жүгермегіме, «Мына шарананың обал сауабы ұрсын» деген жоқ па? Соған қарағанда ол менің жүгермегімнен екі қабат болған болуы керек. Ақыр болар іс болған соң, соны мына жетпегірге айттырып, алып берсем деймін. Әрі ұрпағым жат жұрттық болып кетпесін. Бұған қалай қарайсыңдар? – деп Қалдыбай мырза жан-жағына барлай қарап алып, сосын Серікке жанарын тіке қадап:

– Әй, жетпегір, ол кімнің қызы екенін білесің бе? Жоқ, көшеден ұстай алып, екіқабат еттің бе?

– Жоқ-ә,-деді Серік мұрынын жас балаша бір тартып алып. – Ол ауылдағы Кәреннің қызы.

– Өзіміздің ауылдағы баяғы оны-мұныны істеп, күнін азар көріп жүретін Кәреннің қызы ма? – деп Қалдыбай мырза санын бір соқты. – Ауылдан ұзап бизнесті қуып, қалаға қоныс аударғанымыз қашан? – деп үнсіз қалды да:

– Кәреннің отбасы енді қайда тұрып жатыр? – деп Серікке қарай бұрылды.

– Ауылда тұрып жатыр, өзі бір жекеменшік компанияда бетоншы болып істейді.

– Кәрен маған құдандалы болуға тең емес. Бірақ, мына жетпегірдің оспадарсыз ісінен оның алдында мен басымды июге тиіспін, – деді Қалдыбай мырза.

– Ойпырмай, сол қызыңыз нағыз долының өзі екен. Тойдың тас-талқанын шығарып, әпшімізді бір уыс еткен немені қалай келін етіп алмақсыз?

– Маған оның көк тиынға керегі жоқ, анаған керек, – деп Қалдыбай баласын иегімен нұсқап. – Бар өмірін сол долымен алысып өткізсін пәтшағар.

Отырған ығай мен сығайлар Гүлжанды айттырып, Кәрен ақсақалдың алдына барып жүгінуге пәтуаласты да басы Қалдыбайдың өзі болып, ертең ауылға аттануға шешім жасады.

Гүлжанды айттырушылар сүлік түстес екі «ДЖИП»-пен Кәрен ақсақалдың жұпыны үйінің алдына келіп тоқтап, іштерінен Қалдыбай мырза бастаған бір топ шенді-шекпенділер түскенде ауылдың ересектері түгіл балаларына дейін аң-таң болып, ауыздарын ашып, аңырайып қалды.

Кәрен ақсақал құрметті меймандар алдынан шығып, қос қолын кеудесіне қойып:

– Ассалаумаәлейком, хош келдіңіздер, – деп сәлем берді.

– Әлей болсын, Кәреке, баяғы қутыңдаған қалпың жоқ, қартайып қапсың ғой, – деп Қалдыбай Кәрен ақсақалды құшақтап, төсіне басты.

– Арнайы шақырса да келе қоймайтын мәртебелі кісісіздер, жол болсын? – деді Кәрен ақсақал қонақтар төрге озып, тізе басып отырған соң.

– Әй, Кәрен, біздің келіп, үйіңе түскенімізге таңырқап отырған боларсың, – деді Қалдыбай қолындағы кесесін алдына қойып жатып. – Менде ұл, сенде қыз бар екен. Ол жүгермектер өзара сөз байласып, үйлен­бекші болыпты. Қысқасы, сол қызыңды айттырғалы келіп отырмыз.

Кәрен ақсақал мырс етіп күліп:

– О, пәл-ле, дерсің, – деп даусын созып. – Ол қыз Шымкентте оқуда еді. Бұрын күніне телефон шалып, хабарын білдіретін еді, енді үш күннің беделі болды хабарсыз. «Не болды екен?» деп өзіміз күдіктеніп отыр едік, келін етіп түсіріп алып, келіп отыр екенсіздер ғой, – деді тұнжырап, төмен қарап.

– Келін етіп түсірсек, хабаршыға күйеу баланың әкесі келгенін қайдан көрдің – деді Сандыбай жирен сары ұзын мұртын саусағымен ширатып.

Үй ішін үнсіздік басты. Сәлден кейін Кәрен ақсақал төмен түсіп кеткен басын көтеріп:

– Біз не дейміз, алдымен қызбен хабарласып, сосын бір шешімге келіп, хабарын айтайық. Шыны керек, қызсыз біз сыртынан не дей қояйық. Осыған мұрсат беріңіздер. Қысқасы, хабар бізден болсын, – деді.

Келгендер іштей: «Мына бейбақтар қызының хабарын біле алмай дал болып отыр екен ғой. Той шырқын бұзған қыздары долылықпен шалқасынан құлап, сереңдеп қалып еді, жедел жәрдем ауруханаға алып кеткен болатын. Яғни қыздары ауруханада жатқан болды ғой» деп топшылады.

– Сонымен, қыздарыңызсыз бізге ешнәрсе айта алмайсыздар ғой? – деп Қалдыбай мырза орнынан көте­рілді.

– Әрине, мырза, – деді Кәрен ақсақал қипақтап. – Сізбен құдандалы болуға біз де құштармыз. Алла екі жақтың ниеттерін қабыл етіп, жастар бастарын қоссын деп тілейік, – деді.

Есен мен Гүлжанның сөзі жарасты

Құдандалы болуға тілек білдіріп келген Қалдыбай мырзаға ерген ығай мен сығайлардың бірден жолы болмай қайтып кеткен соң, Кәрен ақсақал қызын қайда жүргенін іздеп, сұрау сала бастады. Алдымен Гүлжанмен бірге оқып, бір бөлмеде жататын Әсиядан сұрап еді, ол:

– Алматыдағы Серік дегеннен үйлену тойына шақыру алып, соған кеткені қашан? Мен келе қоймаған соң, ауылында жүрген болар деп онша мән бермеп едім, сонда әлі қайтпағаны ма? – деді таңырқап жауап беріп.

– Айтпақшы, менің Алматыда оқитын Нәзипа атты құрбы қызымның адересін беріп, сонда қонақ бол деп тапсырып едім, – деді Әсия.

Кәрен ақсақал Алматыға жол тарт­ты. Әсияның берген әдерісі бойынша Нәзипаны тауып еді, Гүлжан оның қанша айтқанына көнбей Серік то­йының быт-шытын шығарып, өзі есінен танып құлап, жедел жәрдем алып кеткенін айтты.

– Бұл жағдайды ең болмаса Әсияға хабар етпедің бе, қызым? – деді Кәрен ақсақал көңілі босап кетіп, жыларман күй кешіп.

– Әсияға қалай хабарлаймын? Қызыңыздың елірме ауруы бар ма, біреудің жап-жақсы ұйымдастырылған тойын тас-талқан етіп, арнайы шақырумен келген Алматының бір топ мәртөбелі кісілерін жерге қаратты. Өз басым Әсия сондай елірме құрбысын маған жібергеніне ренжіп, болған оқиғаны оған хабарлағаным жоқ, – деді Нәзипа.

Кәрен ақсақалдың ойы тығырыққа тірелді. Алматы үлкен мегаполис екенін жақсы біледі. 2 миллионға жуық тұрғыны бар. Соған орай жедел жәрдем станциясы да көп. Амал жоқ, қызын алып кеткенін табуы керек.

Ақыры тапты да. Ол станциядағылар Гүлжанды жедел жәрдем ауруханасына апарып салғандарын айтып ақталса, жедел жәрдем ауруханасындағылар Гүлжанды қаланың орталық психатриялық ауруханасына жібергендерін мәлімдеді.

Кәрен ақсақал мұнда қызының шаштары жұлмаланып, ебіл-дебілі шығып кеткенін көріп шошып кетті. Гүлжан қай-қайдағыны айтып, еліргенде түңілмеске шараң қалмайды.

– Қызым, жан балам-ау, қандай күйге түскенсің? – деп құшақтауға тұра ұмтылған әкесінің кеудесінен итеріп:

– Серік сияқты сен де сасық кеуде біреу боларсың? – деді әкесіне көзін аларта қарап.

– Жаным-ау, мен әкеңмін ғой, ал Серігің кім? – деді Кәрен ақсақал абдырап одан әрі аузына сөз түспей.

– Серік адам емес нағыз малғұн, – деді Гүлжан қолын сілтеп кіжініп.

Кәрен ақсақал қызының ақылы ауысқанына көзі жеткен соң, «не дейді екен» деп емдеуші дәрігеріне жолықты.

– Қызыңыз қатты күйзелістен жүйке жүйесі бұзылған. Қам жемеңіз, емдеп қатарға қосамыз, – деді Гүлжанның дәрігері балдағына сүйеніп, орнынан көтеріліп, Кәрен ақсақалды есік алдына дейін шығарып салды. «Жүзі жылы екен. Өзіне сенімді. Соған қарағанда білімді мықты дәрігер болуы керек» деді Кәрен ақсақал іштей.

Бұл – Гүлжанның болашақ жары Есен болатын. Басына түскен ауыр тағдырдың азабын тартқан азамат. Жиырма жасында автокөлік апатына түсіп, өзі басынан жарақат алып, жүйке жүйесі көпке дейін дұрыс істемей, Гүлжан сияқты есі кірелі-шығалы күй кешкен. Кейін есі дұрыс­талғанымен сал ауруына ұшырап, мүгедектер арбасына таңылыпты.

Сол мүгедектігіне қарамастан медицина университетіне түсіп, дипломдық жұмысын жүйке жүйесі ауруларынан қорғап, жоғары санатты дәрігер атаныпты. Алдымен Есен өзін емдеуді қолға алған. Бірте-бірте мүгедектер арбасын тастап, жас балаша қалт-құлт жүруді бастаған. Қазір балдақпен жүріп-тұрады. Алдағы кезде балдақты да тастап, сау адамдарша жүруді мақсат етуде екен.

Есен психатриялық ауруханаға келгелі бері Гүлжанды емдеуді қолға алыпты. Оны ақыл-есіне келтіруге арнайы бағдарлама жасап, сол бо­йынша жұмыс жасап жүрген көрінеді. Нәтижесі жаман емес. Гүлжанның кейде ақыл-есі кіріп, маңайына ойлана қарап, өзінің қайда екеніне көз жіберіп:

– Мен психиатриялық ауруханадамын ба? – деп сұрайтын көрінеді.

– Әрине, сен психиатриялық ауруханадасың, емделіп жатырсың. Жуырда жазылып, отбасыңа ораласың, – дейді Есен сеніммен.

– А-а, солай деңіз, оқуымды нәтижелі аяқтап, белгілі бір маман болсам ба деп едім, – дейді Гүлжан дәрігер жүзіне тесіле қарап.

– Гүлжан, сөз жоқ оқуыңды бітіріп, қызметке тұратын боласың,-дейді Есен сеніммен.-Мүмкін осы арадан жар тауып, Шымкентіңе екеу болып қайтарсың?

Гүлжан дәрігерінің «осы арадан жар тауып, Шымкентіңе екеу болып қайтарсың» деген сөзінен шошып кетіп, екі көзі шарасынан шыға үрейленіп:

– Жо-оқ,ә, сіз не айтып отырсыз? Маған Серіктей арам жар емес, адал жар керек.. Ха-ха, мен оның үйлену тойының күлін көке шығардым, ә..ха-ха…

Гүлжан қайтадан ақылынан алжасып, дөңгелеп билеп, өзімен өзі болып кеткенде: «Серік деген арамза біреу пәк мына қыздың арын таптап, жүйке ауруына ұшыратқан екен-ау» деп Есен іштей ойланып қалып еді.

Жүйке жүйесі аурулары оңай жазыла салмайды. Қай түрі болмасын ұзақ емдеуді қажет етеді. Есен болса Гүлжанның сауығып кетуіне, анау-мынау емес екі жыл уақтын жұмсады. Құдайға шүкір, еңбегі нәтижесіз емес, психологиялық әсер ете отырып, Гүлжан ауруының бетін бері қаратты. Ауыр ойдан мүлдем арылтып, Серікті ұмыттырды.

– Серікті былай қойшы, бәрінен бұрын шаранамның жарық дүниені көрмей, ішімде өлуі жаныма қатты батады, – дейді Гүлжан Есенге мұңайып мұңын шағып.

– Гүлжан әлі сен жассың. «Ештен кеш жақсы» дейді ғой дана халқымыз. Сол сияқты әлі талай рет балалы боласың. Тағы дана халқымыз: «Ұл таппас қатын болмас туарын айт, оның өмірге келгенімен тұрарын айт» депті, – деп Есен Гүлжанды талай рет жұбатқан.

Есен «жоғары санатты дәрігермін, ал Гүлжан менің емдеуімдегі қайдағы ақылы ауысқан қыз» деген жоқ. Үнемі оған мейірімімен қарап, қолдан келер жәрдемін аяп көрмепті. Ал, Гүлжан болса Есенді үнемі өзіне жақын тартып, ертедегі бір танысындай емін-еркін кабинетіне кіріп, кейде ұзақ отырады.

Есен болса Гүлжанның онысын сөкет көрген емес. Гүлжан әр келген сайын ақ жарқын көңілімен аңқылдап қабыл алып, сөзге жиі тартады. Кейде Гүлжан:

– Есен аға, мен алдыңызда көп отырып, жұмысыңызға кедергі келтірген жоқпын ба? – деп қымсынса, Есен қайта:

– Гүлжан, о не дегенің? Жүйке ауырына емін-еркін сөйлесіп, іште қатып семіп жатқан шемен сырды ерітіп алғанға не жетсін? Медицинада «рахаттана бір күлгеннің өзі адам өмірін қырық бес минутке», кейбір, ғұлама медиктер «кемінде екі-үш күнге ұзартады» деген сөз бар.

– Бұл ғибрат аларлық сөзді, Есен аға, өз жаныңыздан шығарып айтып отырған боларсыз? – дейді Гүлжан риясыз ашық-жарқын күліп.

– Жоқ, мен халық ғибрат аларлық сөз айтардай халге әлі жете қойғаным жоқ. Бұл сөзді халықтық медицинаның Гиппократ, Авицина сияқты ұлы ғұламалары айтқан болуы керек, – дейді Есен.

– Есен аға, сіз емі дәру, қолы шипалы нағыз дәрігерсіз.

– Охо, мені көтере мақтап жібердің ғой, Гүлжан. – Мен өзің сияқты жүйке ауруына ұшырап, кейін айыға бастағанымда алдыма дәрігер болуды, оның ішінде өзім азабын көп тартқан жүйке ауруларынан зардап шеккен науқастарды емдеймін деп мақсат қойдым.

– Енді мақсатым орындалды деп көңіліңіз мамандығыңызға қанағат еткен болар?

-Адам қол жеткен жетістігін қанағат етіп, одан әрі ізденіп, өзін жан-жақты жетілдірмесе жан дүниесі тоқырауға ұшырамай ма? Ал, мен болсам, енді алдыма ғылым шыңына көтерілуді армандап, өзіме тыншу бермек емеспін. Ғылыми атақтарды қорғап, медицинаның бір жарық жұлдызы болып, науқастарды емдеп, қатар­ға қоса берсем деймін.

– Пәлі, Есен аға, тіпті үйленіп, ұрпақ таратып, оларды бағып-қағып жетілдіруге де уақыт таппаймын десеңізші? – деп Гүлжан рахаттана күліп алды.

– О, не дегенің, үйлену мен ұрпақ өргізу Алланың адамзат алдына қойған міндеті. Ондай ұлы міндеттен бас тартып, қашқақтайтын мен шайтан емеспін. Өз басымды бағалай білетін, адамгершілігі мол, сабырлы да ақылды, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластықты бағалай білетін қыз болса кәнеки, үйленемін. Содан құдай берген баларды көпсінбей, соларды бағып-қағуда арқам жауыр болса деймін,-деп Есен алдындағы қағаздарды жинастырып, орнынан көтеріліп:

– Гүлжан, бүгінге осы жетер. Ертең әңгімемізді онан әрмен жалғастыратын болайық-деді. Гүлжан болса емдеуші дәрігерінің сөзін құптағандай басын изеп, күлімдеп орнынан тұрды.

Серіктің жағдайы қиындады

Өмір толқыны тағдыр қайығыңды қай қиырға апарып тастамайды дейсің? Біз, адамдар жаратушы тылсым дүниенің осы құдіретіне терең зер салып, ойлана бермейміз. Бар болса, сол байлық бірде тартылып, тандырлап суалатынын ескермейміз. Тасынамыз, жоқ-жұқаналы жанды иықтап, қор санаймыз да өзімізді құдайдың шын ұлындай санап, аспандап кетеміз.

Ал, жоқ болса, жасынамыз. Сондықтан қазақ: «Бар болсаң тасын ба, жоқ болсаң жасыма» деп бекер айтпаса керек. Сол сияқты Қалдыбай отбасы баршылықтан не істерін білмеді. Көкала қағазды бір сандық етіп, жертөлеге сақтады. Бастарында қырық бөлмелі хан сарайындай баспаналары бар. Әрқайсында заманауи автокөліктер. Жыл жетпей оларды жаңасына ауыстырып мінуде.

Қалдыбай туралы ауылдастары емес, бүкіл облыс халқы: «Қырық жыл қырғын болса да Қалдыбай мырзаның мұртын балта шаппайды. Жер үстін топан су басса, доллардан Нұх пайғамбардай кеме жасап, отбасын алып,жеке дара жүзіп кетіп, бір аман қалса солар қалар» деген сөздің тарап кеткені қашан?

Әрине, қазақ жерінде қазір Қалдыбай мырза сияқты заманауи сән салтанаты жарасқан, көк қағаздары ат ақырына дейін шашылып жатсада біреуге бір тиын артық жібермейтін байлар көп. Шамасы, әлгі сөз солар­ға қарата айтылса керек.

Кейбір ырыс-несбе мен байлық біреулерге қарқынды біткенімен кейде сарқындыға айналып, демде жоғалып кететіні бар. Сол сияқты Қалдыбай мырза отбасына қонған бақ дәулет қарқындап бітіп, қап-қап ақшаға айналып еді, демде сарқылып, Қалдыбай мырзаның көз алдында бір-бір ұшты.

Қалдыбай мырзаның тірегі, облыс әкімінің құрылыс жұмыстарына жауап беретін орынбасары әрі тендерді өткізетін комиссияның төрағасы Ауғанбек бір құрылыс компаниясы президентін тендерде жеңімпаз етпекші болып миллион доллар пара алу үстінде ұсталды да, оның қолтығының астында шылқа майды сорып жүрген компания басшыларының үстеріне демде қарабұлт үйірілді.

Алғашқы тексеру Қалдыбайдың компаниясы салған құрылыстардан басталды. Бірте-бірте шындық ай­қындалып, жүзеге аса берді. Қалдыбай мырза қолдан келіп тұрған соң, қонышынан басып, күндердің күнінде етігінің сірісі қақырап қақ айырылатынын ескермепті. Құрылыстардың алғашқы жобасына қарамаған. Құрылыс материалдарын үнемдеу үшін жобаның көп жерін бұзып, өзінше салу арқылы миллиондаған қыруар қаржыны қалтаға басқаны анықтал­ды.Сөйтіп, Қалдыбай мырзаның ісі насырға шауып, тергеуге ілігіп, тексеру жұмыстары жүріп кетті.

Қалдыбай қамауға алынды деген дақпырт шығысымен бірнеше айлап жалақыларын алмаған компания жұмысшылары дүрбелеңге түсіп, абыржыған қалпы тергеу абақтысының алдына жиналып:

– Біз енді қайттік, Қалдыбай мырза бермей келген жалақыларымызды қайдан, кімнен аламыз? – деп даурықты.

– Оны біз қазір «мынау» деп ай­та алмаймыз. Шамасы, бұл мәселе­леріңізді сот шешетін болар. Мүмкін Қалдыбай мырзаның мүліктері сот шешімімен саудаға шығарылып, сатылғаны сатылғанша сіздерге еңбек ақыларыңыз ретінде таратылып бері­лер, – деді Қалдыбай мырзаның тергеуін жүргізіп жатқан бір шенеуінік.

– Бұл онда құйрығы шұбатылған ұзақ әңгіме болды ғой.

– Атаңа нәлет Қалдыбай мырза, қамаларын алдын ала біліп, біздің бірнеше айғы жалақыларымызды әдейі бермей қалтасына басқан…

– Ол да болуы мүмкін.

– Мен қайдан білейін? – деп әлгі шенеуінік иығын қиқаң еткізді. Сонымен амалдары таусылған құрылысшылар тергеу абақтысы алдында тұрып-тұрып, біртіндеп тарады.

Әшейінде сыртқы жүнін қампыйтып, сыртқа сыр бермей ырғалып маң-маң басатын Қалдыбай мырза қан-қысымы қайта –қайта көтеріліп, жанын сақтарға жер таппай қысылды. Заң бойынша халық мүлкінің орны толтырылуы тиіс. Қалдыбай мырзаның бар байлығы мен жертөледе тығылған сандық-сандық ақшасы және үйі, көліктері тәркіленді де өзінің қолына кісен салынып, қамалды. Енді оған темір тордың арғы жағынан сыртқа зарығып сығалайтын күн туғанда:

– Бар өміріңде тірнектеп жиып-терген байлығың бір күндік жарыққа жетпейді екен, – деп басын шайқап аһ ұрды.

Әрине, Қалдыбай кеш өкініп отыр. Халық байлығы оның әкесі жылдап жинап, оған қалдырып кеткен сыйы емес екенін енді білді. Қалдыбай мырзаның құрылыс компаниясы жеке меншік болған соң ол да тәркілеуге ұшырады. Күмәнді деген құжаттары алынып, жайлары мемлекет меншігіне өткізілді де есігіне қара құлып салынды.

Қалдыбай жалғыз ұлы Серікті жалақы алып, кадрлар катарында жүре берсін деп іліп қойған болатын. Енді компания жұмысын тоқтат­қан соң, Серік түгіл оның шешесі де не істерін білмей, екі қолын қусырған қалпында жұмыссыз қалды. Амалсыз екеуі біреудің ауласындағы ескі, құлайын деп тұрған жайын пәтерге жалдады.

Ен байлық бастарынан бір сәтте ұшқан Қалдыбайдың отбасы демде ойран-топыры шықты. Қалдыбай мырза тергеу аяқталмай жатып, қан қысымы бір көтерілгенде жедел жәрдем шақырылып, көмек берілгенше есін жия алмаған күй жан тапсырды. Сөйтіп, өлігі түрме есігінен шықты.

Ал, әйелі мен баласы болса, сабыр етіп,Алланың көрсеткеніне шүкіршілік айтудың орнына іштегі күйіктерімізді басамыз деп ана мен бала жарысып ішті. Мұның ақыры жақсылыққа апармады. Қалдыбай мырзаның дәурені жүріп тұрғанда ақ жүзіне күн тигізбей үнемі жан саялар бақтар мен курорт­тарда аялап ұстап келе жатқан әйелі ішкіліктің уыты өтіп кетіп, үйінен өлігі табылды.

Серік болса бір топ қаңғыбастар­ға еріп, қоқыстарды қопарып жүріп, анасының қалай өлгенін түсіндіріп бере алмаған. Реңі қашып, домбығып ісініп кеткен жүзінен анасының өлгеніне қиналып өкінгені білінбепті.

– Құдайға керек болып, алған шығар, – деп қолын сілтей салып, қапшығын арқалаған қалпы шығып жүре беріпті.

– Әкесі түрмеде, шешесі жалдамалы пәтерде өлді. Қаңғыбас болса да мұның бәрі Серікке жеңіл тимеген болуы керек. Оның үстіне, ыстық нәр татпай, үнемі ішкілікпен оразасын ашуы-ақыл-есінен алжастырмағанда қайтсін? – десе кейбіреулер:

– Арам жолмен табылған дүние адамға опа береді дейсіз бе? Қалдыбай мырза қайбір адал мал та­уып байыды? Ақыры бір-ақ тұтам болды. Бар байлығы желмен ұшты. Өзі түрмеде өлсе, әйелі іле-шала оның артынан көз жұмды. Енді баласының жүрісі анау,-деді екінші біреулер.

Әрине, Гүлжанның көз жасы мен оның ішінде жарық дүние көрмей опат болған шарананың обал-сауабы Серіктің мойнында екенін екінің бірі біле бермейді. Алла Қалдыбай мырза отбасының жасаған күнәлары үшін жазырын тартқызып отырған болар? Оны бір Алланың өзі біледі.

Серік баршылықта өсті. Әке мен шеше балаларының бойына адам­гершілік пен адами құндылықтарды сіңірудің орнына байлықпен көз алдына шел қаптырды. Сосын Серік ұзақтан ойлап қармай алмай, көз алдындағы байлықтан басқа түкті көрмеді де бар өмірім осылай өтеді дегеннен ақылы ары аспады.

Мынаған қараңыз, қытайдың заманауи миллиардері Жек Ма баласына былайша ой толғап, хат жазыпты. «Саған бұл хатты жазуыма екі нәрсе себеп болды. Тағдырды болжап болмайды. Ешкім де өзінің қанша өмір сүретінін білмейді. Сондықтан кей нәрселерді саған ертерек айтқаным дұрыс болар деймін. Өйткені, мен сенің әкеңмін. Мұндай ақыл-кеңесті саған мен айтпағанда кім айтады. Сонымен саған айтатындарымның барлығы менің өмір жолымда кездескен кедергілерден алған сабақтарым. Сондықтан осы сәтсіз­діктерімді қайталамауың үшін пайдасы болар деп ескерту ретінде жазып отырмын..» дей келіп, қандай жағдайда болсада сабырлы болуды, ешкімге ренжімеуді, ұзақ өмір сүруді армандағаннан гөрі, уақытты үнемдеуді, білімді терең меңгеруді, жақын туыс­тарды қадірлей білуді тапсырыпты.

Ақылды әке осындай болса керек. Қанша бай болғанымен бала тәрбиесін ұмытпаған. Қайта ұрпақ тәрбиесінің жоғары болуын қалаған. «Өмір бір-ақ рет беріледі. Мына жарық дүниеге келесің, сосын кетесің.Екеуміз де мәңгі бірге бола алмаймыз. Қара жерге кірген соң, ешқашан қауыша алмаймыз. Сондықтан аз күнгі өміріңді қадірле. Қадіріне жетпесең қасиеті ұрып, қаңғыртып қаңғыбас етіп жібереді» депті қытай миллиадері.

Тауып айтылған сөз. Серік өмірдің қадіріне жетпеді. Ақырында қаңғырып, қаңғыбасқа айналды. Қазір қоқыстарды қопарып аралап қаңғырып жүруге әбден үйреніп, еті өліп кеткен.. Өзінше мұнысын өмір санайды. Баяғы шайқап ішетін дәурені мүлдем есінен шыққан. Миында түс сияқты бір елестер көз алдынан көлеңдеп өтіп жатады.

Есі дұрыс болса су жаңа сүліктей қара «ДЖИП»-тің талайын мінгені, ақордадай апталған баспанасы, соның бәрін алдына тосып, ақшаға көмген әке-шешесі есінен шығар дейсіз бе? Сан рет өкініп, сан рет санын соғар еді ғой. Қазір осы өмірінің өзі бір қызық. Кез келген жерге аунап жата кетеді. Қоқыстан тапқан қандай дәм болсын желкенбей жей береді. Кейде қоқыстан тапқан заттарын бөлісе алмай қаңғыбастар жақ-жақ болып төбелеседі. Ішінде орсалаңдап Серіктің жүргені. Кейде таяқ жеп, аузы-басы қанға боялып, есеңгіреп жатқаны.

Адам қанша ойлау сезімінен айы­рылсада темір емес, қажыйды. Серіктің қажығаны шығар, кейде көшеде кетіп бара жатқан кісілердің шалғайына жармасып, бақырып-шақыра берген соң, полицейлер аяқ-қолын байлап, тергегенде оның ақылынан алжасып, жынданғанын біліп, баяғы Гүлжан жатқан психиатриялық ауруханаға әкеп салған болатын. Сөйтіп, қаңғырып жүріп Серік те жынданды.

Ол тұста Гүлжан әлі ауруынан айығып кетпеген. Аулада шалықтап жүріп, бір бұрышта бүрісіп, қатқан нанды кеміріп отырған Серіктің үстінен түсіп:

– Ха-ха, мына біреудің жүзі таныс, – деп Серікті көрсетіп – Әй, қайдан келдің? – деді. Серік Гүлжанның мұнысына мән берген жоқ. Қолындағы нанын үнсіз кеміріп отыра берді.

– Мынада тіл бар ма өзі? Кімсің сен?

– Мен бе? – деді Серік өз кеудесін нұқып.

– Иә, сен…

– Мен Серікпін, – деді Серік.

Гүлжан селк етіп:

– Серікпін дейсің бе? Қайдағы Серік? Серік деген бір албасты болған. Құдай оны төбесінен ұрып, жындандырып жіберген. Егер сен сол Серік болсаң, қазір мен сені пәршелеп тастаймын, – деп Гүлжан Серікке тұра ұмтылып еді, манадан бері екеуін сыртай бақылап тұрған күтушілер Гүлжанды ұстап, басқа жаққа алып кетті.

Құдайдың құдіреті, Серікті көрген сайын Гүлжанның арқасы ұстап, «өлтіремін» деп ұмтылуын қоймаған соң, екеуін бөліп, екі аулаға орналас­тырып, тыныштандырды. Сөйтіп, екеуі бірін-бірі көрместен өмір кешіп жатты.

Гүлжан мен Есен үйленуге сөз байласты

Гүлжан сырқатының беті бері қарай бастағалы Есен мен екеуінің арасындағы сыйластық қарым-қатынас онан әрмен тату-тәтті, бір-бірін көре алмаса тұра алмайтын бауырлардай қимас сезімге айналып бара жатыр еді. Әсіресе, Гүлжан Есенді бір сәт көрмесе қимасын жоғалтқандай алаңдап, қай жақтан Есен көрініп қалады деп елеңдейтін болды.

Егер Есенді көрсе жүгіріп барып мойнына асыла кетпекші болып ұмтылып барып: «Апыр-ау, мойнына асыла кетіп, құшақтай алсам мұным сөккеттік болар» деп өзін әзер тежеп, сабырлы қалыпқа түседі. Сондада болса Есенге:

– Көрінбейсіз, жұмысыңыз тым көбейіп кеткен-ау, шамасы, – дейді күлімдеп.

– Атқаратын істер көп, мүлдем бастан асып жатыр. Науқастардың ауру тарихын толтыру да қолды біраз ұстайды. Палаталарды аралап, медбикелерге кеңес беру де қол байлау етуде. Сөйтіп, сенімен кездесіп, отырып әңгімелесуге уақыт таба алмай жүрмін, – дейді Есен Гүлжанға жақындап келіп, қолын ұсынып.

– Айтпақшы, көңіл- күйің қалай? Сенің мен менің науқасымыз тікелей көңіл күйіміздің көтеріңкі болуына байланысты, – деді Есен Гүлжанның жып-жылы саусақтарын қысып тұрып.

– Сіздей доктор жанымда тұрғанда менің көңіл күйім сірә төмен болмас деймін, – деді Гүлжан күліп.

– Соған өзің сенімдісің бе?

– Әрине, сенімдімін, – деді Гүлжан.

– Жүйке ауруының зардабын тартып жүрген науқас өзін қолына алып: «Мен науқасымнан қалайда айығып кетемін» деп өзіне өзі сенім артса, барлық көрген қиындығы арт­та қалып, сау адамдар қатарына теңеледі,-деді Есен. Сосын Гүлжанның қолын жібермей:

– Грек халқының ертеде өткен данасы Георгий: «Сөз-көзге көрінбейді, әрі кішкентай болғанымен таңғажа­йып іс тындыратын құдіретті күш иесі. Өйткені, ол қорқынышты жо­йып, қайғы-мұңды ұмыттырып, көңілге қуаныш ұялатып, аяушылық сезімді оята алады.

Біреу сөйлеген сөзімен қайғыртады, екінші біреу қуантады, үшіншісі қорқытады, ал тағы біреуі мақұлдатады. Кейбіреулер сөзіңмен санаңды уласа, кейбіреулер әлдеқандай бір әрекетке бейімдеп, алдап-арбайды» депті.

– Гректің данасы Георгий айтқан бұл ғибрат сөздер, менімше, тіке сіз туралы, яғни сізге қаратыла айтылған­ сияқты. Өйткені, сіз менің бойымдағы қорқынышты жойып, қайғы мұңымды ұмыттырып, көңіліме қуаныш ұялаттыңыз,-деді Гүлжан.

– Сен де айтасың-ау, Гүлжан, мен Гиппократқа берген антымды орындадым. Бұл арада ешқандай мақтау мен жасандылық болмауы тиіс. Менің орнымда қандай дәрігер болмасын солай істеуге Алланың, қала берді адамзат алдындағы қаси­етті борышы. Оны орындауға әр кез дайын түруға азаматтық міндеті.. Ал, білімі мен тәжірибесі жетпей жатса ол бөлек әңгіме, – деді Есен.

Сөзбен әсер етіп сендіру медицинада бұрыннан бар. Жүйкесі әлсіз, сезімтал адамдар тез сенгіш келеді. Ондай адамдарды қорқыту немесе көңілін көтеру оңай. Орыстың көрнекті, невропатология ғылымының негізін салушылардың бірі В.Бехтерев: «Сенді­ру-адамның санасына алдыңғы жағынан емес, ту сыртынан кіреді» депті.

Өзін-өзі сендіру адамға өте күшті әсер етеді. Сендірудің әсерінен адам науқасынан оңай жазылуы немесе керісінше ауруға тез ұшырауы мүмкін. Жүйкесі нашар, өзіне сенімсіз қарайтын күмәншіл адам болмашы нәрсеге ауырып қалуы мүмкін. Сондықтан ойды таза ұстаған дұрыс.

– Есен аға, сіз көпті білесіз. Соның бәрін білуге қалай жеттіңіз? – деді Гүлжан таңырқап, Есеннің жүзіне қарап.

– Оқуға және оқығанымды санамда ұстап қалуға көп уақтымды жұмсадым. Ерінген емеспін. Аурухана төсегі мен мүгедектер арбасына таңылған тұстарымда да қолымнан тарихи философиялық және медициналық оқулықтар түскен емес. Сонда мен науқасымнан жазылып кететініме өзімді сендіре білдім.

Сенім демекші, философиялық бір әдебиеттен өлім жазасына кесілген қылмыскерге жасалған тәжірибе осы уақытқа дейін көкейімнен кетер емес. Оның көзі байланып, бойымен жылы су ағызылады да: «Көк тамырың кесілді, қан ағып жатыр, енді өлесің» деп оны сендіреді. Оған сенген қылмыскер атпай-аспай бірнеше минуттен кейін жан тапсырыпты.

Мәселен, орыстың белгілі актері И. Певцев айтарлықтай кекеш болыпты. Ал, сахнаға шыққанда оның кекештігі білінбей кетеді екен. Актер сахнаға шыққанда кейіпкер ролін өзі емес басқа адам орындайды деп өзін сендіретін көрінеді.

Сенімге байланысты айтылатын әңгімелер көп. Париждың туберкулез ауруханаларының бірінде Матье деген дәрігер емделушілеріне: «Жуырда Германиядан туберкулезден құлан таза айықтыратын өте күшті дәрі алдырамыз» деп үміттендірген көрінеді. Ол кезде бұл науқастың дәрісі болмаған. Бір күні дәрігер: «Дәріні алдық, қазір сендерді сонымен емдеп жатырмыз» дегеніне сенгендері сонша, аурулардың көбісі таза жазылып кетіпті. Сонда дәрігер туберкулез науқастарын немен емдеген дейсің ғой, кәдімгі таза сумен емдеген.

Міне, Гүлжан, сенім күшінің құдіреті деген осы. Сондықтан әр кезде рухыңды мықты, сеніміңді берік, ойыңды таза ұстасаң, ауруға да, бәле-жалаға да ұшырамайсың. Дін аман өмір сүріп, көздеген мақсатыңа жете бересің, – деді Есен.

– Есен аға, қандай бақытты қыз сізбен өмір сүреді? Қызығамын да, қызғанамын да, – деді Гүлжан күліп.

– Гүлжан, екеуміздің бір-бірімізді білгенімізге біраз болды. Сен де, менде жалғыз екенімізді жақсы білеміз. Ал, сен айтқан сол ару қайда екен? Әй, келсейші менің қасыма,-деп Есен қолын жайып ыңылдап әндетті. Сосын Гүлжанға қарап:

– Мен сияқты сыңарын таба алмай жүрген сен емессің бе? – деді.

Гүлжан Есеннің мына сөзін естігенде жүрегі жарылардай қуанып:

– Болсам болармын, Есен аға – деді бетін қос алақанымен басып.

Гүлжан мен Есен арасындағы әңгіме ашық қалды. Есен Гүлжанның қолын қысып ұстап, ауланың бір шетіндегі нән теректің көлеңкесі астындағы орындыққа алып келіп отырғызып:

– Гүлжан әңгіменің түйіні шешіліп, екеуміздің жүрегіміз жалғасқандай болды. Өмірдің азабын екеуміз бірдей тартық. Енді тәттісін көсіп жеп, бар ғұмырымызды бірге өткізсек, кәніки?

Көптен бері саған айта алмай жүр едім. Табан астында ортақ тіл таптық. Енді бізге кедергі болар ешнәрсе жоқ. Мен саған берген сертіме берікпін, – деп Есен Гүлжанды аймалап, маңдайынан сүйді.

– Есен, мен де саған деген сертіме берікпін, – деді Гүжан қуанғанынан көзіне еріксіз жас алып.

– Бір-бірімізге берген сертімізге мына алып бәйтерек куә болсын, – деді Есен. Төмен қарап басын изеп, Гүлжан оны қоштады.

– Гүлжан, мен енді келесі аулаға барайын. Сонда Серік деген науқасты қарау маған тапсырылып еді. Өзі қызық жігіт. Ауырмастан бұрын баршылықта өмір сүріп, далдыйған біреу болса керек. Менің еміме бойсынатын емес. Алғашқы бастамам ғой, Серік әлі-ақ «тәртіп пен тәрбиеме» көніп, ауруханадан құлан таза айығып шығатын болады, – деді Есен.

– Ол қандай Серік? Қайдан келіпті? – деді Гүлжан Есенге состия қарап.

– Неменеге шошып қарадың? Серікті таныйсың ба? Айтпақшы, Серік сенің ауылыңнан келіпті. Науқас тарихы жазылған қағаздарды ақтарыстырып отырып, көзім түсті, – деді Есен.

Есеннің «Серік» дегенінен Гүлжанның жүрегі дүрсілдеп соғып, не істерін білмей алас ұрды. Гүлжанның арқасы құрысып, қайта жынданғандай күйге түсіп бара жатқанын тез сезген Есен:

– Гүлжан, саған не болды? Сен Серікті таныйтын ба едің? Әлде туысың ба?-деді дегбірсізденіп.

– Ол оңбаған адам емес, малғұн. Ол да жүйке ауруына ұшырап, осында түскен екен ғой, – деді Гүлжан бұрқырап.

– Гүлжан, сабыр ет, жүйкеңді қайтып босатып алып жүр ме? Одан да неғыласын, «битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа» деген. Серік пен екеулеріңнің араларыңда бір нәрсенің болғанын енді түсініп отырмын. Болар іс болды. Оны қайтып еске алудың қажеті жоқ. Онанда екеуміздің болашақ өмірімізді ойлайық, – деді Есен Гұлжанды құшағына алып.

– Ол итті емдеп қатарға қоса көрме. Бәрі-бір Серік жасаған жақсылықты ұмытып кететін малғұн, – деді Гүлжан кіжініп.

– Сонда да болса болмайды, Гүлжан. Мен берген антыма берік дәрігер болуым керек. Атарға оғын кезеніп жатқан жаралы жау болсада оған көмек көрсетіп, жарасын таңып беру-менің дәрігерлік борышым. Соны түсіне білуіңді өтінем, – деді Есен.

Сәлден кейін Гүлжанның ашуы басылып, жүзі жылып, еріндеріне күлкі үйіріле бастағанын сезген Есен:

– Шамалауымша Серікті жақсы таныйтын болдың ғой, – деді.

– Әрине, жақсы танимын. Бір ауылда өстік. Ол менен екі сынып жоғары оқыды. Әкесі бизнеспен айналысып, тез байыды. Өзінің жеке меншік компаниясы болды. Соның арқасында Серік не жеймін, не ішемін деген жоқ. Бар байлықта малтып өсіп, ер жетті. Жоғары оқу орнына түсті. Мінгені «ДЖИП» автокөлігі болды. Жыл сайын ауыстыратын. Сол малғұн Шымкентке келгіштеп жүріп, менің арымды таптап, екі қабат етті. Онысын мойындамай менің арымды қаралады. Оған қоймай үйлену то­йына шақырып, мені мазақ еткеніне не дерсің?

Серіктің тойына арнайы барып қатысып, тас-талқанын шығардым. Өзінің бетіне коньяк шашып, қалыңдығының неке көйлегін жыртып, тыр жалаңаш еттім. Ыза буып долданған мен есімнен танған қалпыммен жедел жәрдем ауруханасынан бір-ақ шығыппын. Мен алас ұрып, есімнен танғанымда ішімдегі шарана өліпті. Сосын дәрігерлер оны ота жасап алып тастаған.

Мен есім кіргенде дәрігерлер ішімдегі өлі баланы алып тастағандарын айтқанда қайтадан есімнен танып, жынданып осы психатриялық ауруханаға түсіппін. Сенің емдеуіңмен мен адам қатарына енді қосылып отырмын, – деді Гүлжан көз жасын ағыл-тегіл ағызып.

– Мені осындай күйге түсіріп, бар өміріме лаң салған Серікті енді малғұн демей не дейін? – деді өксігін баса алмай екі иығы солқылдап.

– Жарайды жаным, мен сенің қасыңдамын. Бар өміріміз бірге өтетін болады, – деді Есен Гүлжанның жасты көзінен сүйіп.

– Алла лайым бізге соны жазсын, – деп Гүлжан көз жасын сүртіп, бұрқыраған шашын түзеді.

Есен сөзді одан әрі созбақтай беруді жөн көрмей:

– Гүлжан, түскі ас мәзірі әзір болып қалған болуы керек. Онан кейін жақсылап дем ал. Көзіңді іліндіріп алсаң, тіптен жақсы. Жүйкең тынышталып, анадан жаңа туылғандай болып қаласың,-деп орнынан көтерілді.

Гүлжан науқасынан айықты

Қанша бағдарлама жасап, емдеу жұмысын заманауи дәрежеде жүргіз­генімен Серік ауруының бетін бері қарату Есенге оңай түскен жоқ. Өйткені, ішкілік пен қаңғыбастық қасиет Серіктің жүйке жүйесін шырмап алып өлтіріп, сезімін мүлдем жоғалтып жіберген екен. Есен алдымен Серікті емдеуді оның ағзасын маскүнемдіктен арылтудан бастады. Сан жылдар бойы үзіліссіз ішілген ішімдік ағзадан тез арада арыла салмасы анық. Оны кетіріп, ағзаны тазалау үшін күшті дәрі-дірмектер керек. Оларды Есен медицинасы дамыған Германия, Израиль сияқты елдерге тапсырыс беріп, Серікке қолданды. Гүлжанның:

– Азғындап барып, жүйке ауыруына ұшыраған Серік үшін соншама әуре болып, басыңды қатырғаның не? – дегеніне,

– Кім болса ол болсын, бір нау­қасты емдеп жазып, бақыт сыйлай алсам, менің мұратым, – деп күліп жауап қайырды Есен. Гүлжан Есеннің иығына қолын артып:

– Әрине, саған дауа жоқ, – деді.

– Маған дауа болса, дәрігер боламын ба, жаным? – деп Есен өз жұмысымен болып кетті.

Серіктің ағзасы маскүнемдіктен арылып, тазаланып болған соң Есен оның жүйке ауыруына жаңа бағдарлама жасап, емдеуді бастап кетті. Бұл тұста аурухана дәрігерлері бір ауыздан Гүлжан науқасынан толық жазылды деп шешті. Оған Есеннің қуанышында шек болған жоқ. Көлігіне отыра сап, гүл базарына барып, бір құшақ гүл сатып алды да Гүлжан жатақханасына құштай ұшып жетті.

Гүлжан бөлмесі есігінің алдында сәл бөгеліп, демін басты да қоңырау­ды басты. Есік ашылып, арғы жағынан Гүлжанның жүзі көрінісімен құшағы тола гүлді Гүлжанның қолына ұстата салып:

– Гүлжан, құттықтаймын, – деді ентігін баса алмай.

– Ойбай-ау, мұншама көп гүлді ұсынып, құттықтайтындай не болды? – деді Гүлжан абдырап.

– Жаным, жаңа аурухана дәрігерлерінің консилумы болып, сонда сені науқасынан толық жазылды деп шешті. Айтшы, бұдан артық қуаныш бола ма? – деді Есен Гүлжанды құшағына алып.

– Иә, Есен, дұрыс айтасың. Мен үшін бұдан артық қуаныш болмас. Кеше мен жүйкесі босаған ауру, есалаң едім, сенің арқаңда бүгін мен қатерлі аурудан құлан таза айыққан, ақыл-есі бүтін жаннмын. Шынында мұнан артық қуаныш бола ма? – деп Гүлжан көз жасын саусақтарымен сүртіп, жүзін Есеннің кеудесіне басты.

Ертеңіне Гүлжан барлық құжаттарын рәсімдеп бітті де Есеннің кабинетіне кірді. Есен болса науқастар картотектерінің бірінен соң бірін қолына алып қайта-қайта қарап, кейбіреуіне белгі ұрып өзімен өзі іске беріліп отырып, Гүлжанның кіргенін байқамады. Сосын Гүлжан жөткерініп алды да:

– Доктор жолдас, алдыңызға кім келіп тұрғанын білесіз бе? – деп күлді. Сонда ғана Есен басын көтеріп,

– Келген Гүлжан, сен екенсің ғой, – деп орнынан көтеріліп, орындық­ ұсынды. Гүлжан жайғасып отырған соң:

– Барлық құжаттарымды рәсімдеп біттім. Енді не істеу керек, соны өзіңмен ақылдасуға келдім, – деді.

– Сонда өз ойың қалай

– Менің ойым, Кәреннің қызы психатриялық ауруханадан шығып келіпті деген сөзге қалғанша, ауылға барғым жоқ. Жалпы, сенің қасыңда қалу. Сосын оқуымды Шымкенттен Алматыға ауыстырып, оны жалғастыру, – деді Гүлжан.

– Мен бұл ойыңды құп аламын. Ауылға барғанда не бітіресің? Оның үстіне, жаңа өзің айтқандай «Кәрен ақсақалдың қызы психатриялық ауру­хана­дан келіпті» деген сөз естіген құлаққа түрпідей тиетіні рас.

Ауылда саған лайықты жұмыстың табылуы қиын. Сосын екі қолыңды алдыңа ұстап, жұмыссыз отырып қаласың. Әрі екеуміздің арамыз алшақтап кететіні тағы бар. «Осында қалып, оқуымды жалғастырамын» дегеніңе мен екі қолымды көтеріп қосыламын.

Егер осында қаламын деп шешсең Алматыдан екеумізге қолайлы пәтер табайық. Сөйтіп, біржолата қосылып, бірге өмір сүруді бастап кетейік, – деді Есен кұлімдеп.

– Сонда екеуміз ың-шыңсыз қосыла салмақшымыз ба? – деді Гүлжан көздерін Есенге төңкере қарап.

– Тап қазір дабыра етіп той жасап қосылуға бізде шама жоқ. Сен болсаң жаңа ғана ауруханадан шықтың. Мен болсам, тапқан-таянғанымды ғылми жұмыстарға жұмсап, артық тиын-тебенсіз жүрмін. Сен де жұмыс істе. Сөйтіп, екеулеп қаржы жинап, кеудемізді көтерерліктей заманымызға лайықты дос сүйініп, дұшпан күйінетіндей той жасайық.

– «Үйлену оңай, үй болу қиын» дегендей тұрмысымызға қажетті керек-жарақ көп керек. Егер біз тату-тәтті тұрып, үлгілі отбасын құра алсақ, құдай өзі бәрін жеткізеді. Тек отбасымыздың іргесін су алып, шаңрағымыз шайқалмаса болғаны деп тілейік, – деді Есен.

– Ту-у, Есен, сен қандай ақылың кемел еді? Қазақ: «Алтын басты әйел­ден бақа басты еркек артық» деп бекер айтпағанын енді түсіндім, – деп Гүлжан орнынан көтеріліп, еркелеп кеп, Есенді құшақтады.

Есен мен Гүлжан жеке пәтерге шықты. Төсек-орынды бір көрпе, бір жастықтан бастаса, бірте-бірте майда-шүйде керек-жарақ алды. Гүлжан Шымкенттегі тоқтап қалған оқуын Алматыға ауыстырды да одан әрмен жалғастырды. Қосымша жұмыс та­уып, істеді. Қазақта: «Ырыс-береке қайда барасың десе, ынтымақ пен бірлікке барамын» деген пәлсапалық ғибратты сөзі шын екен. Есен мен Гүлжан ынтымақпен жұбайлық өмір­лерін бастап еді, керек-жарақ демде құралып, екеуінің отбасы көңірсіп жүре берді.

Көп ізденіп, көп оқығанының нәти­жесі болар, білімді де білікті дәрігер ретінде Есенді қолқалаушылар көп болды. Солардың бірі, ілгері жоғары оқу орны-Алматы медициналық университеті. Есенді арнайы шақырып, психатрия факультетінің студент­теріне дәріс оқыта бастады. Университет атынан Есен медицинасы дамыған бірнеше шетелде болып, симпозиумдарға қатысып, лекциялар оқы­ды. Оның лекциясын тыңдаған ақ бас ғалымдар Есенге риза бол­ғандары сонша, бастарын изеп мақұлдап, қазақтың осы бір жас ғалымының келтірген айғақтарын ғылымға енгізуге ұсыныстар жасауы-Есеннің болашағына кең жол ашылғанын көрсетсе керек.

Гүлжан Есенге лайықты жар болуға тырысты. Есеннің ғылми сапарларға жиі шығуын қолдап, үнемі жанашырлық танытты.

– Есен, жан-жағыңа жалтақтап қарайлай бермей алдыңа қарап, биіктерге ұмтыл. Егер көп ізденіп, көп оқымасаң, ойың қарайып, өрісің таптауырын болып, бір орында тұрып қаласың,-деп ұлы жарысқа баласын жетектеп әкеп қосқан анадай өбектеп, арқасынан сүйегендей, ықыласы мен мейірімін төгетін. Жан-жарының осы мейірім шапағаты қанат бітіргендей Есен қомданып:

– Айналайын, Гүлкем-ау, жаныма әркез жалау болатын сен тұрғанда мен қандай асқаралы шың болсада аспай қоймаймын – еп арқаланып кетеді. Өмір маған жар таңдауда жаңылыстырмапты. Алланың Гүлжандай маған сабырлы да ақылды, қиналған кезде әр кезде жол тауып беретін жар тауып бергеніне тәубе, шүкір деймін,-дейді қос қолын кеудесіне қойып. Гүлжанның да ері Есен туралы айтар жан сүйсінтер жақсы сөздері көп.

– Өмірдің тар жол, тайғақ соқпағынан өтіп, енді не істеймін деп қиналғанымда Алла маған қолын созып, Есенді кездестірді. Ол мені емдеп жазып қоймай, адал жүрегін ұсынды. Сонда мен оның сезімін қалай таптап кете аламын? Есеннің қос қолын төсіне қойып, ұсынысын мен де құп алдым.

Бұрын Серіктен оңбай опа жеген мен алғаш Есенге де сенімсіз қарағанымды мойындауым керек. Бірақ, оған деген риясыз көңілім мені мо­йындатты. Сезімім алдамапты. Есен менің ойлаған ойымнан шықты. Осындай өмірлік қосағымды тапқаныма бақыттымын,-деп тағыда мың мәрте тәубе деп, Аллаға шүкіршілік деймін.

Табандарын нық басып, отбастарының буыны беки бастағанын байқаған Есен Гүлжан екеуі кешкі асты ішіп отырып:

– Гүлжан, Құдайға шүкір дейік, тұрмысымыз оңдалып, көңіліміз көтеріліп қалды. Енді үйленгенімізді паш етіп, алыс-жақындағы ағайын-туыстарымызды, көрші-қолаңдарымызды, еңбектес әріп­тес­терімізді шақырып, бір дүрілдетіп той жасамаймыз ба? Үйлену тойы дегеніміз, екі жүректің қосылуын білдіру ғана емес, моралдық және материалдық жағдайымыздың нықтала түскеніне достарымызды сүйіндіріп, дұшпанымызды күйіндіру болмақ,-деді Есен еңсесін тік ұстап, Гүлжанға күлімдеп қарап.

– Той жасауға біздің қаржымыз жете қояр ма екен? – деді Гүлжан.

– Құдай-ау, сол да сөз болып па? «Қазір қазақтарға той жасау оңай, банкіден кредит алып, өткізе салады. Сосын артынан қарызын төлей алмай шұбатып жүргені» деген күлкіге де, кекетуге де келетін сөз халық санасына сіңіп кеткені қашан? Сол сияқты біз қазақ емеспіз бе? Банкіден кредит аламыз да тойға түскен түсіммен біразын жабамыз. Құдайға шүкір, екеуміз бірдей қызмет істейміз, қалғанын кейін бөліп-бөліп төлеп жатармыз, – деді Есен.

– Бұл ақылың дұрыс екен, – деп Гүлжан Есеннің ойымен келіскен сыңайын танытты.

Гүлжан мен Есен дүрілдетіп той өткізді

Есен мен Гүлжан алдымен Алматыдағы барлық ресторандар мен тойханаларды аралып көріп шықты. Біреуінің көркемделуі ұнамаса, біреуінің ас мәзірлері олардың талғамдарынан шықпады. Енді біреуінің бағасы қымбат болса, енді біреуі «сорпасы татымас» дегендей жалдау құны талапқа сай келмеді.

Әрине, тойға Есен жағынан ғылыми атақтарынан ат үркетіндей бірнеше академик, профессорлар, медициналық орталықтардың басшылары шақырылатын болса, Гүлжан қызмет істейтін компаниядан да мәртөбелі меймандар келуі тиіс. Оның үстіне, Есен мен Гүлжан елдерінен ағайын-туыстары түгел келеді деп күтілулі болатын.

– Қанша ағайын-туыс болса да, олардың кейбіреулері «психиатриялық ауруханада емделіп жүріп танысып, үйленіпті. Арты қалай болар екен?» деп дүдәмал ішкі есептерін іштеріне түйіп келерлері анық,-деді Есен.

– Сенің туыстарыңды қайдам, менің әкем қарапайым жұмысшы болған соң, ағайын арасында оны қоштап-қолдаушылардың аз екенін білемін. «Кәреннің кешегі псих қызы ауруынан толық айығып кетті ме екен» деп күдіктенетіндердің көп екенін іштей сеземін. Егер менің әкем бай, бар шаруасы дөңгеленіп тұрған адам болса, оның шылауына оратылып, бар кемшілігін білдірмес еді,-деді Гүлжан мұңайып.

– Гүлжан, сен оған несіне қапа боласың? Сондықтан біз үйлену тойымызды жұрт таңданатындай биік дәрежеде өткізуіміз керек,-деді Есен.

Есен мен Гүлжанның таңдауы Алматының қақ ортасындағы «Көкалаң» тойханасына түсті. Тойхана атына сай екен. Ішін де, сыртын да көк емес, сан түрлі гүл көмкеріп, алаулап жанып тұрғандай. Әсіресе, түнгі көрінісі тамаша. Гүл алаңының төбесінен төгілген электр сәулесінің нұры жаңа батып бара жатқан күннің қызыл шапақты кешкі ымыртын елес­теткендей әсер қалдырады.

Тойхана иесі Гүлжанның жерлесі, Оңтүстіктің азаматы болып шықты. Алматы экономикалық университетін бітіріп, Алматыда тұрақтап тұрып қалып, бизнес жолын қуыпты.

– Тойханаңыздың «Көкалаң» деген аты әдемі болғанымен, «Гүл алаң» деп атағаныңыз өзінің мына болмысына жақындау келер ме еді? – деді Есен тойхана иесіне өз пікірін айтып.

– Оныңыз рас, бірақ, «Көкалаң» деген туған жерім. Қаратаудың теріскей бетінде аңызақ қуған дала төсіне көк жүзінен тастай салынғандай бір көкпеңбек, төсінде бұлақтары ойнаған сап-салқын жер,-деді тойхана иесі туған жерінің көркіне сыпаттама беріп, мақтана сөйлеп.

Тойхана иесімен тойға жұмсалатын шығыны есептеліп, болатын күні белгіленген соң, көңілдерін бір шама демдеген Есен мен Гүлжан тиесілі кісілерге шақыру хаттарын жіберді. Әрі жақын ағайын-туыстарына телефон арқылы ауыз ба ауыз хабар етті.

Тойға әзірлік көңілдегідей болғанымен той басталған күнге дейін Есен мен Гүлжанда тыншу болған жоқ. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей атқарылған жұмыстарды қайта-қайта пысықтап, тиесілі кісілерге жаңа тапсырмалар беріп, талай күн уақыттарын шапқылаумен өткізді.

Міне, той күнінің кеші алдында тойхана маңына шақырылғандар біртіндеп келе бастады. Көңілдері шат Есен мен Гүлжан қол ұстасқан қалпы олардың алдарынан шығып, тік тұрып қарсы алып жүр. Ымырт түспей жатып, ақ жауын сіркіреп өтті де әйгілі лирик ақын Тұманбай Молдағалиевтың сөзіне жазыл­ған ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың «Алматының кешінде» әні қоңыр дауысты Мұрат Мұсабаевтың орындауында қалықтап жөнелді.

Тойға келгендер тойхана алдында тұрған жерлерінде ұйып тыңдап, ән аяқталғанда селк еткендей бәрі серпіліп салды.

– Көптен бері Мұраттың салған әндерін естімей, сағынып жүр едім, жаным серпіліп қалды ғой, – десе бір қарт кісі:

– Мұрат әншінің қайтыс болып кеткені қашан? Ал, записін тастай салмай, осы уақытқа дайін сақтап келген тойхана иесінен айналмайсың ба? – деді екінші бір кісі жасаураған жанарын сүртіп.

– Мұрат басқаларға ұқсамайтын, қоңыр даусы жан тебірентерлік керемет әнші, бірақ кейінгі кезде ұмыт қалып барады, – деді үшінші кісі әлдекімдерге ренішін білдіріп.

Тойға Серік неге келді?

Әне-міне, дегенше жұрт орындарына­ отырып, дастархандарынан дәм тата бастағанда қалыңдық пен күйеу жігіт Гүлжан мен Есен қол ұстасып, гүл дестелерін құшақтаған қалпы ортаға шыға бергенде Мұрат Мұсабаевтың орындауындағы «Алматы кешінде» әні қайта құйқылжып, әншінің қоңыр даусы үлкен залды ұзақ тербетіп тұрды.

Есен мен Гүлжан болса музыка ырғағымен аяқтарын жайлап басып, жұртшылықтың қол шапалақтауымен орындарына барып отырды.

Той асабасы да жағына бұлбұл ұялаған жігіт болып шықты. Той иелерін құтықтаушыларға сөз бергенде әр қайсысына жеке-жеке сыпаттамалар айтып, той қызығын жандандыра түсті. Даңғұр-дұңғыр музыкадан гөрі Шәмшінің, Әсеттің, сыбызғы үнді сырбаз әндері жиі орындалып, олардың аяғын алып жүрген тойға қатысушылар өткен күндерін естеріне алып, вальске шыр көбелек айналып билегенде тамсанбаған жан қалмады.

Аздап жұтқан болуы керек, Кәрен ақсақал толқығанынан аузына сөз түспей, тек кемсеңдеп тұрып-тұрып:

– Менің екі балапаным, бақытты болыңдар. Менің Алладан тілерім де, айтарым да сол, – деп алып:

– Әй, аузың аңқыйп неғып тұрсың? Әйда кеттік, билейміз, – деді кемпірінің жеңінен тартқылап.

– Үйбү-үй, әй, мынаған не бол­ған? Өз тілегін өзі айтып алып, билейміз деп табан астында құлшынғаны несі? Әй, мен де тілек айтамын, Гүлжан сенің беліңнен жаратылса, мен туғанмын, – деп еді, оның сөзіне жұрт ду күліп қол шапалақтап жіберді.

– Шырақтарым, – деп бастады Гүлжанның анасы тілек сөзін. – Мына шалы құрғыр, бір ауыз сөзбен бәрін айтып қойды ғой, мен де оның айтқан тілегіне қосыламын. Періштенің құлағына шалынсын, мына тіккен отауларыңның шаңрағы биік, уық –керегелері қисаймасын, әумиін, – деп аяқтада сөзін Гүлжан анасы.

Тойда екі жасқа тілектерін айтпаған адам қалған жоқ. Үлкен дастархан үстінде ішілді-желінді. Қызғандар көп болғанымен, тойдың шырқын бұзып, асын аяқ тепті еткен ешкім болған жоқ.

Тойдың аяқталар тұсында бір бума гүл құшақтаған Серіктің кіріп келмесі бар ма? Бірден асабаға жақындап:

– Жолдас асаба, – деп алып, сосын көпшілікке қарап:

– Әзіз ағайындар, той аяқталар тұста баса көктеп кіріп келген бұл кім демеңіздер. Гүлжан менің ескі танысым, бір ауылда өсіп, бір мектепте оқыдық. Ал, Есен болса менің емдеуші дәрігерім. Соның қолынан дәремет алып, Құдайға шүкір, науқасымнан айығып қалдым. Сосын мұндай азаматтардың еңбектерін елемеу-ессіздік болар еді. Сондықтан тойға арнайы шақырылмасамда ізгі тілегімді айтайын деп келіп тұрмын, – деп аз бөгелді де Гүлжанға қарап:

– Гүлжан, менен көп қателік өтті. Жаныңа жара салдым. Оның бәрі артта қалды. Бүгін сен Есендей бақытыңды тауып, отау құрып отырсың. Екеуіңді шын жүректен құттықтаймын, – деп қолындағы үлкен бума гүлін Есен мен Гүлжанның алдына қойды. Есен оның қолын қысып:

– Рахмет, – деп қолын кеудесіне қойып, ізет жасады. Гүлжан үнсіз басын изеді.

– Онда менің миссиям аяқталды, рахмет сіздерге, мен кетейін, – деп шығып бара жатыр еді, оның алдын асаба бөгеп:

– Тойға шақырылмасаңыз да арнайы құттықтауға келген екенсіз, той дастарханынан дәм татпасаңыз болмайды, – деп қолындағы рюмкесін ұсынып еді, Серік Есенді нұсқап:

– Менің дәрігерім рұқсат етпейді. Сол кісі «ішуге болады» дегенде аздап аламын. Әзірше дәрігерімнің тарапынан рұқсат болмаған соң күпірлік болады,-деп күліп, асаба қолын алақанымен тежеді де екі қолын төсіне қойып, көпшілікке ізет етіп, шығып кетті.

– Мынаған ақыл кірейін депті ғой, – деп Гүлжан Есеннің құлағына сыбыр етті.

– Әлбетте, ол әлі мынау азамат болады, – деп Есен басбармағын шошайтты.

– Лайым солай болсын, «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» деген.. – деп Гүлжан сөзінің арғы жағын тілінің ұшында бүгіп қалды…

Арада қаншама жылдар өтті. Есен мен Гүлжан ұл өсірді, қыз өсірді. Қазір немере сүйіп отырған ата мен әже. Өздері материалдық және моралдық жағынан жетілген. Есен болса әйгілі академик. Гүлжан бір халық­аралық компанияның бас экономисі. Тағдырдың бастарына салғанына көнді, күресе білді. Ақыры жеңді. Шынында, қазақта «шығарғанға шыдаған» деген ғибратты сөз бар. Осы бір мәні мен мағанасы зор сөз Есен мен Гүлжан­ға айтылғандай ма деп мен кейде ойға қалам. Қалай дегенмен екеуінің басына түскен талайлы қиын тағдыр еді,ә?

Қуаныш НҰРМАШҰЛЫ.

zamana.kz

1 комментарий к “Жігітке алданып, опық жеген бойжеткеннің тағдыры

  1. Өте жақсы жазылған шығарма! Соңғы жағын үйлендіріп аяқтай салу керек еді. Тендер, сүліктей джиптердің барлығы беріректеғой. Ата əже болды деп жазбау керек еді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *